Биыл алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі. Осыған орай Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарованың басқаруымен арнайы жиын өтті. Онда Ә.Бөкейхановтың мерейтойын халыққа той ретінде ғана емес, үлгі-насихат ретінде көрсете білу, алаш қайраткерінің еңбегін халыққа кеңінен танытып, таныстыру қажеттігі туралы айтылды.
Бұл жөнінде ғалымдар мен қоғам қайраткерлері де өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, Отантай Кәріпжанов, Амантай Доғалақов, Мұхтарбек Кәрімов, ақын Тыныштықбек Әбдікәкім, әнші Құсмилия Нұрқасым мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Берік Көпбаев, Семей қалалық мәдениет сарайының директоры Нүриден Иманбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған Әлихан Бөкейханов мерейтойының маңыздылығына тоқталды.
Әкімдікте өткен жиында Семей қаласындағы орталық көшелердің бірінің атын Әлихан Бөкейхановқа беру, мектеп, колледждердің бірінің атын да Әлихан атымен атау және оған арнап ескерткіш орнату мәселелері кеңінен талқыланды. Және алдағы уақытта Ә.Бөкейханов атындағы арнайы қор құрылып, оған қалалық әкімдік қызметкерлерінен бастап, барлық жұмыс істейтін адамдар бір күндік еңбекақыларын аударып, жиналған қаражат Ә.Бөкейхановты ұлықтауға жұмсалатыны да айтылды.
Алаш көсемі туралы сонау 1992 жылдан бастап бастама көтеріп, «Алашорда», «Демократия» газеттерін шығарған Семей аймақтық «Ақ жол» партиясының төрағасы, қоғам қайраткері әрі ақын Рахат Алтай еді. Жиында Н.Шарова Р.Алтайға бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. Басқосу соңында Р.Алтай танымал композитор, әнші Тұрсынғазы Рахимовқа партия атынан «Қазақ хандығына-550 жыл» мерекелік медалін табыстады. Ол өзінің сөзінде Қазақ хандығының 550 жылдығы Әлихан Бөкейхановтың ЮНЕСКО көлеміндегі тойына ұласып отырғандығын көрудің өзі бір ғанибет екенін атап өтті.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.