Дағдарысқа қарсы кешенді іс-шараларды жүзеге асыру мәселесі Елбасы Жолдауының барлық бағыттарынан көрініс тапқан. Бұл орайда әсіресе дағдарысқа қарсы іс-әрекеттер мен құрылымдық жаңғырулардың бес бағыты белгіленген төртінші тараудың орны ерекше. Мұнда ең біріншіден, еліміздегі қаржы секторын тұрақтандыруға баса назар аударылған. Оны жүзеге асыруда Ұлттық банкке және оның облыстардағы филиалдарына жүктелген жауапкершілік жоғары. Ұлттық банктің Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Ғалия САТЫБАЛДИНАМЕН әңгіме осындай бағытта өрбіді.
– Ғалия Камшатқызы, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында республикадағы ақша-несие саясатына байланысты бұған дейін қордаланып қалған мәселелерді жан-жақты әрі терең түрде саралап берді. Мұндағы басты мақсат бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету екені белгілі. Бұған не дейсіз?
– Әрине жыл сайын тереңдеп, қанатын кеңге жайып келе жатқан нарықтық экономика жағдайында бағаны үнемі тұрақты ұстап тұру оңай іс емес. Сондықтан да дағдарысқа қарсы құрған жоспарымыздың тіні берік, сүйегі мықты болғаны жөн. Әлемнің кез келген елінде жоғары-төменді инфляция деңгейі болмай тұрмайды. Бұл – қалыпты құбылыс. Мұндай жағдайдағы басты міндет – оның деңгейін барынша төмендету. Өзіңіз айтқандай, бағаны қалыпты ұстаудың басты бір жолы да осы. Бүгінгі күні Ұлттық банк Жолдауда қойылған талаптарға сәйкес еліміздегі инфляция деңгейін қазіргі 6-8 пайыздан орта мерзімді уақытта 4 пайызға дейін төмендету жолдарын қарастырып отыр.
Ұлттық банк жүйесіндегі әріптестеріміздің бойынан осындай қасиеттер табылады деп сенемін. Бұған қол жеткізу үшін бірінші кезекте экономикалық реформалар мен ақша-несие саясатын бір-бірімен үйлестіре және өзара байланыстыра жүргізгеннің тиімділігі мол демекпін. Осы орайда түпкі мақсат – несие мен инвестициялық белсенділікті және ақша мен қаржы тұрақтылығын көтеруге бағытталуы тиіс. Тұтастай алғанда, қаржы секторын сауықтыру мәселесіне кешенді көзқарас қажет деп санаймыз. Соның бірі осы жүйені салықтық қолдау элементтерімен толықтыру болып табылады десем, қателеспейтін шығармын.
– Республика Президенті Қазақстан халқына Жолдауына Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктердегі жұмыс істемейтін несиелер бойынша стресс-тестілеу жүргізуі қажеттігін алға тартты. Осыған қатысты не айтар едіңіз?
– Бұған дейінгі тәжірибе екінші деңгейдегі банктердің бәрі бірдей ел мен тұрғындар үшін тиімді түрде қызмет ете бермейтінін көрсетіп отыр. Ендеше бұлардан не үміт, не қайыр. Стресс- тестілеу жүргізудің қажеттілігі де осында. Ең бастысы, мұндай табанды іс-шаралар банк секторындағы тұрақтылықты орнықтыруға ықпал жасай алады. Әрі екінші деңгейдегі банктердің ықтимал шығындарының ауқымын айқындауға септігін тигізеді. Тағы бір айтайын дегенім, елге несие берумен айналысатын банктер бүгінгі талаптарға және Жолдауда қойылған міндеттерге сәйкес капиталдандырудың қажетті көлемін алуы керек. Көп жағдайларда бұлай бола бермейді. Сондықтан да белгіленген халықаралық стандарттарға сәйкестілік те орныға қоймайды. Қысқасы, стресс-тестілеуге қатысты шаралар отандық банктердің бәсекеге қабілеттілігін көтере алады. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып кіріп, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде іс-қимыл танытып отырған жағдайда бұл өте қажетті шара.
– Ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға қол жеткізу қажеттілігі де Жолдауда тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Оның басты жолдарының бірі отандастарымыздың долларға иек арта беруінен арылуы болып отыр. Банк саласы жетекшілерінің бірі ретінде бұл мәселеде сізді толғандыратын жайттар қандай?
– Біріншіден, мені Мемлекет басшысының төл валютамыз – теңгеге қатысты айтқан тұжырымдары толқытқанын айтқым келеді. Біздің бәріміз де ұлттық валютамыз – теңгеге сенуіміз қажет деп атап көрсетті Президент. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдау мәтінін тек қағаздан оқып қана бермей, арасында теңгені әрбір қазақстандық бағалауы мен қадірлеуі керектігін ауызекі тілде де айтып беріп отырды. Бұдан менің түсінгенім мен көңілге түйгенім төмендегідей.
Барша қазақстандықтар теңгемен өмір сүріп, теңгемен сауда жасауға дағдылануға тиіс. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, біз күнделікті тұтынатын нанымыз бен майымызды және шұжықты теңгеге сатып аламыз ғой. Тіпті, киімді де. Ақшаны теңге депозиті түрінде сақтаған тиімді. Өйткені, елімізде оның пайыздық мөлшері доллар депозитімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бұл – долларсыздандырудың қажетті көріністерінің бірі. Бүгін бе, ертең бе, түбі отандық банктер осындай қадамға келеді. Қане, біз бәріміз бүгін теңгеге сенуге және теңгемен өмір сүруге тағы бір қадам жасап көрейікші. Тек сонда ғана долларға алаңдамай көңіліміз орнығып, өзімізге және елімізге бір пайдамызды тигізе аламыз.
Теңгенің рөлін көтеру үшін тұтастай шоқтығы биік шаралар кешенін іске асыруымыз керек. Мұның өзі тек бір ғана экономикалық ынталандыру түрінде қала алмайды. Сонымен бірге, Елбасы айтқандай, күн сайынғы дағдымыз теңгемен сауда жасауға бейімделгені әрі икемделгені жөн. Бұл үшін елімізде активтердің барлық түрлері мен сауда-саттық ісіндегі қарым-
қатынастар ұлттық валютаны қолдану арқылы жүргізілуі керек.
– Ауру қалса да әдет қалмайды дегендей, тұрғындардың көптеген бөлігі бұған дейінгі жылдарда өз депозиттерін доллармен салуға әуестеніп келгені жасырын емес. Ал бүгінгі көрініс қандай? Бұдан арылып болдық па? Азаматтар арасында депозиттің теңгелік салымына ұмтылыс байқала ма? Осыған Ұлттық банк филиалындағы деректер арқылы нақты жауап бере аласыз ба?
– Неге нақты жауап бере алмаймын, әбден беруге болады. Әйтпесе, біз мұнда директор болып несіне отырмыз. Бұл ретте ең алдымен, 2015 жылғы 1 қарашаға дейінгі көрініс бойынша өңірде жеке тұлғалар депозитінің жалпы сомасы 1 миллиард 105 миллион теңге көлемінде екенін айтқан орынды. Мұның ішінде ұлттық валютадағы депозиттердің үлесі 35 пайыз болса, долларлы депозиттік салымдар 65 пайыз. Өзіңіз көріп тұрғандай, көрсетілген деректерде доллар депозиті әзірше жоғары.
Алайда қазіргі күні бұл көрініс әжептәуір өзгерді. Мысалы, облыста несиелер қазан айында түгелге жуық тек төл теңгемізбен төленді. Сондай-ақ, шетел валютасының қолма-қол рыноктарында АҚШ долларын сату көлемі әжептәуір төмендеді. Осыған бір мысал. Биылғы қыркүйекте облыс тұрғындары арқылы 22,6 миллион АҚШ доллары сатылып алынса, келесі қазан айында бұл көрсеткіш 16,5 миллион АҚШ долларына дейін төмендеген. Көрсетілген деректер шетел валютасына сұраныстың біртіндеп азайып келе жатқанын айғақтайды. Екіншіден, бұл теңгеге деген сенімнің өсіп келе жатқанын білдіреді. Бұл бір күннің ісі емес. Осылайша теңгеге деген сенімді толықтай орнықтырып, тұтастай экономикадағы долларсыздандыру деңгейін төмендетуге болатыны анық.
– Ғалия Камшатқызы, Президент Жолдауында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы және Проблемалы несиелер қорларын, оның басқа да қаржы институттарын Ұлттық банктің бақылауынан шығару керектігі айтылды. Банк қызметкері ретінде осы мәселеге қатысты айтар ойыңыз қандай?
– Мүмкін бұл үшін еліміздегі банк жүйелері бойынша бұған дейін қабылданған заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу қажет болатын шығар. Иә, Президент атап көрсеткендей, Ұлттық банкте институттық кемшіліктер орын алғанына осы саланың өкілі ретінде бәріміз де қынжыламыз. Ендігі мақсат осы кемшіліктерді жою болмақ. Бұл үшін бірінші кезекте аталған институттардың қызметіне сенімді негіз бен іргетас қалау қажеттілігі көрінеді. Осы арқылы келешекте бұған дейінгі үстірттіктер мен кемшіліктерді жоюға болады ғой деп ойлаймын. Осы орайда алға қойылған міндетті іске асыру үшін зейнетақы активтерін инвестициялау бағыттары бойынша Ұлттық банк әзірлеп жатқан стратегиялық бағыттағы ұсыныстардан күтеріміз көп.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.