Құрылыс • Бүгін, 09:00

Құрылыс саласын цифрландыру: Өзекті істің аяқ алысы қалай?

10 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Құрылыс дегеніміз – қарқынды дамыған экономиканың бір саласы ғана емес, созылмалы «ауруларын» сары майдай сақтап қалған ескі бір алаң іспет­тес. Дәрменсіз қоғамға дендеп енген жемқорлық дерті бұл саланы да айналып өте алмаса керек. Қыбын тауып қаражат жымқырып қалу, себепсіз қымбаттатылған сметалар, тиімсіз игерілген теңгелер, тағысын тағылар дәл осы саланың адымын аштырмай келгені анық. Ендеше, цифрландыру ісін екінші планға ысырып, «келешектің шаруасы» деп кешеуілдете беру енді жараса қоймас.

Құрылыс саласын цифрландыру: Өзекті істің аяқ алысы қалай?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Дижиталдандыру деңгейін дәйектесек...

Бұл мәселені ел Президенті ертерек айтты. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұ­тас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы бір жайтқа ерекше тоқталды. «Бүгінде Қазақстандағы сәулет-құрылыс қызметін реттейтін 2,5 мыңнан астам құжат бар. Бұл жүйе әб­ден қағазбастылық­қа көмілген. Жемқорлық аз емес. Ескі құры­лыс стандарттары мен нормала­ры әлі де қолданылады. Сондық­тан Үкіметке мүлдем жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырамын» деген Жолдау жолдары семе бастаған саналарда қайта жаңғырды. Үш жарым жыл уақыт бұрын Прези­дент шегелеп тапсырған осы бір шетін мәселелерден қандай қорытынды шығара алдық? Сала­да салмақты өзгерістер орын алды ма? Мән-жайды мейлінше саралап көрейік.

Әрине, бұл міндеттердің нор­ма­тивтік-құқықтық жағы­нан жеткі­ліксіз тұстарын же­тілдіру бағы­тында бір­ша­ма тыңғылықты жұмыс­ атқарылғанын жоққа шығара алмаспыз. Жыл басында қа­тар қабылданған қос Кодекс (цифрлық пен құрылыс) – соның айқын дәлелі.

Салаға серпіліс әкелгендей болған жуырдағы жоспар ше? Иә, таяуда ғана Премьер-министрдің орынбасары–Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2026–2027 жылдарға арналған құрылыс саласын цифр­ландыру жоспарын бекітті.

«Бұл құжат құрылыс саласын цифр­лық трансформациялаудың негізгі міндеттерін айқындайды және жос­парлау, жобалау кезеңдерінен бас­тап қолданысқа беру, ғимарат­тар­ды одан әрі пайдалану үдерістеріне дейінгі құрылыс нысандарының бүкіл өмірлік циклін қамтиды», делінген болатын Үкіметтің баспа­сөз қызметі таратқан хабарламада. Сол жиында «Құрылыс сала­сы – экономика үшін маңыз­ды. Дегенмен, құрылыстағы мерзім­дерге, шығындарға және ашық­тық­қа қатысты қиындықтар әлі де бар. Цифрлық трансформация саланың тиімділігін арттыруға бағытталған. Мемлекеттің рөлі – ережелерді белгілеу және цифрлық ортаны қам­тамасыз ету», дейді министр Ерсайын Нағаспаев.

Жалпы алғанда, құрылыс саласын цифрландырудың 2026–2027 жылдарға арналған жос­пары – саладағы ашықтық пен бас­­қаруды арттыруға, құрылыс мер­зімдері мен шығындарын қыс­қар­туға, әкімшілік кедергілерді мей­лінше азайтуға, сондай-ақ құрылыс жобаларының сапасы мен қауіпсіздігін жақсартуға бағыт­тал­ған іргелі қадамдардың бірі. 

Құрылыс жұмыстарын сапаландыру тетігі

Әлем бойынша құрылыс саласын цифрландыру үдерісі өз баста­уын компьютерлік техноло­гия­лардың өркендеуіне жол аш­қан 1970–1980 жылдардан алады. Әдепкіде ол автоматты жоспарлау жүйесін (САПР/CAD) енгізу­ге байланысты, яғни, қағаз сыз­ба­­ларды компьютер жүйесіне көшіру мақсатында қолданылса, 1990–2000 жылдар аралығында құрылысшылар BIM технологиясына бейімделуді бастап кетті. Бұл дегеніміз – материал мен мерзім туралы мәліметтерді 3D үлгілеумен кіріктіру әрекеттерін қамтитын. Ал 2010 жылдан бері қарай әлем бұлтты қыз­меттер мен салаға арналған түрлі мобильді қосымшаларды, ин­тернет құрыл­ғыларды (IoT), дрон­дар мен жасанды интеллектіні жап­пай қолдануға қарай жедел ойысты.

Ал біздің елде бұл саладағы цифр­лық реформа сәл кейінірек бас­­талса да көштен ұзап қал­ға­ны­мыз шамалы. Әрине, құрылыс секто­ры бұл жаңалыққа өте жылдам бейімделген біздің банк жүйе­сі­не жете алмаса да, ауыз тол­тырып айтар жетістіктер де жоқ емес.

Біз өз жүйеміз бен төл бағдар­­ла­ма­ларымызды ойлап шығарғанға дейін шетелдік қызметтер мен бағдарламаларды пайдаланып келдік. Сол кездерде танымал болған AutoCAD, ALLPLAN, Primavera, тіпті заманауи қызмет ұсынатын PlanRadar мен GECTARO үшін төленетін әрбір теңге шекара асып жатты. Кейбір деректер бойынша жыл сайын біздің елден шетелдік бағдарламалар мен қызмет көрсетудің төлемі ретінде 80 млрд теңгеге дейін қаражат аударылатыны айтылған. Ал егер осы қаражат елде қалып, отандық ІТ-сектордың өсіп-өркендеуіне жұмсалса, жаңа жұмыс орындары жасақталса, қалай болатын еді? Бұл – технологиялық тәуелсіздік тұрғысында жасалған теңдессіз қадам деп бағаланар еді.

п

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазір құрылыс саласында бірқатар салалық ақпараттық жүйе сандық жағдайда жұмыс істеп жатыр. Мысалы, ғимараттардың ор­наласуы, инженерлік инфра­құ­рылым туралы деректерді жинау­ға арналған қала құрылысы кадас­тры, жобаларға сараптама жүр­гізуге арналған «epsd.kz» порталы, құрылыс барысын бақылауға арналған «e-Qurylys» платформасы және үлестік құрылыс бо­йынша «ҚазТізілім» жүйесі бар», дейді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мамандары. Сондай-ақ бір терезе қағидатымен жұмыс істейтін Бірыңғай цифрлық экожүйе жұмысын бастағанда тапсырыс беруші де, құрылысшы да барлық қызметті бір жерден ала алатындай мүмкіндік туады. Салаға жауапты комитет мамандарының хабарлауынша, бүгінде жобалау сатысындағы Мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесінде ин­женерлік инфрақұрылымның 90%-дан астамы, өңірлердің 89 бас жоспары 100% және 736 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы 99,4% цифрландырылған. Алайда тәуелсіз сарапшылар алға тартатын мәліметтер мүлдем басқаша сөйлейді, мұнымен маңайласа қоймайды... 

«Сақалды» құрылыстан – сапалы құрылысқа

Кеңес кезінен қалған «са­қалды құрылыс» деген сәтсіздеу бір термин бар. Салынуы ұзаққа созы­лып, жақын арада біте қой­май­тын нысанға бағытталған атау бұл. Мұндай құрылыстың түрі бүгінде де баршылық. Тек айырмасы – сол замандағыдай мемлекеттік меншікте емес, жекенің жиған ақшасын қалтаға басып, бастаған ісін аяқсыз қалдыратын алаяқ ком­па­ниялардың нәтижесіз жұмы­сын­да ғана. Артынан улап-шулайтындар – үлескерлер мен әкімдіктер. Түптің түбінде бар салмақ – жергілікті әкімдіктердің мойнына жүктелетіндігінде. Осындай ке­лең­сіздіктер болмас үшін құ­ры­лыс барысын қадағалайтын тұңғыш платформалардың бірі – «e-Qurylys» порталында жұмыс­тар өндірісінің кестесін жүргізу, құрылыс барысын фотофиксациямен бірге тіркеу, сапаға сәйкестікті бақылау мен актілерге қол қою, техникалық қадағалау бойынша есептілікті автоматтандыру жұмыстары іске асырылып келеді. Сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары мен аттестациялық орта­лық­тар үшін сарапшылар мен инженерлік-техникалық қызмет­керлерді тестілеудің бірыңғай жүйесі енгізілді. Бұл шешім аттес­тациядағы адам факторын азайтып, өтініштер санын 40%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, құрылыс реестрлерін жүргізу функциясы іске қосылып, e-license порталымен интеграцияланды. Қазір «e-Qurylys» порталында 75 мыңнан астам қолданушы, 607 тұрғын үй мен мектеп нысаны, 221 жол құрылысы нысаны тіркеліп, 420 мыңнан астам техникалық қадағалау есебі электронды түрде тапсырылған. 

Қадасынан бастап қадағалау қажет

Әу баста мұндай жаңашыл­дық­қа мұрын шүйіре қараған құ­рылыс ком­панияларының қара­сы қалың бол­ғаны жасырын емес. Өйткені талай жыл тапталған дайын сүрлеуден кімнің шыққысы бар? Қалта қомпайту үшін де, «бармақ басты көз қысты» әрекет­тер­ге бару үшін де сол үйреншікті ескі сүрлеу қолайлылау көрінетін. «Ал енді осындай ауқымды өзге­ріс­терге құрылыс компаниялары дайын ба?» дегенге келсек, жалпы құрылыс компаниялары бұл жаңашылдыққа дайын деп айтуға болады, дейді комитет мамандары. Өйткені жоғарыда айтылғандай, саланың әр кезеңінде – жобалау, сараптама, құрылыс барысы мен үлестік құрылыс бойынша ақпараттық жүйелер бұрыннан жұмыс істеп келеді. Қазіргі басты міндет – осы жүйелерді біріктіріп, оларды бірыңғай цифрлық эко­жүйеге біріктіру. Сондықтан бұл жаңашылдық құрылыс компания­лары үшін үлкен кедергі тудырмайды деп есептейміз. Керісінше, үдерістердің жеңілдеуі мен автоматтануы олардың өзі үшін де тиімді екендігін естен шығармау керек. Қадағалауды күшейту – тәртіпке, тәртіпті күшейту – нәтижеге тура жол ашады. Жобаланған жос­парынан, қағылған қадасынан, қазылған қазаншұңқырынан бас­тап қадағалау түбінде нақты нәти­жеге жеткізеді.

Бас жоспарлау мен егжей-тег­жейлі жос­парлау жобаларының іске асырылуын жасанды интеллект қолдану арқылы кейінгі бақылау тех­нологиясын қанатқақты ре­жімде енгізу жұмыстары қарқын­ды жүргізіліп жатқаны қуантады. Қазір құрылыс саласында 22 мем­­ле­кеттік қызмет бар, оның 20-сы электрондық форматта көр­сетіледі. 

Табысқа бастайтын жоба

Цифрландыру – құрылыс сала­сын­дағы ашықтық пен тиімді­лікті арттыратын негізгі құрал. Оның тиімділігіне «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жарқын мысал бола алады. Олар өз жұмысында «e-Qurylys» жүйесін пайдаланды. Бұл жердегі барлық құжаттама жұмысы электронды түрде аталған жүйе арқылы жүргізіліп жатыр. Соның арқасында барлық қаражат ағындарының ашықтығы қам­тамасыз етілді. Жалған құжат жасау, қасақана жоғалту, қосар­лама мәлімет деген жасырын әрекет­тер­дің жолы кесілді. Құжаттарға тәуліктің кез келген уақытында еш кедергісіз жедел қол жеткізу мүм­кіндігі туды. Ал ең бастысы нысан басындағы жұмыс ба­ры­сын, сапа мен қаржылық тәр­­тіп­­тілікті қағазбастылыққа са­лын­­бай әрі құрылыс басына сабылмай-ақ қадағалау мүмкіндігі туып отыр. Бұл жөнінде қайбір жылы Қызылордада өткен жиында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, бас­қар­ма төрағасы Мәулен Айман­бе­товтің былай дегені бар-тын: «Біздің кросс-платформада мер­дігерлер құрылыстың барысы туралы апта сайын электрондық форматта есеп бе­ретін болады. Осы­лайша бақылау бірнеше дең­гейде жүзеге асырылады. Мектеп­тердің құ­рылысын үздіксіз қадағалап оты­руға болады. Егер мердігер қан­­дай да бір жұмыс түрлері бо­йынша үлгермей жатса, не кес­теден кешіксе, барлық ақпарат «e-Qurylys» жүйесінде ашық көрсетіледі».

Міне, бақылау күшейген жерде осын­дай бір оң нәтижелерге қол жет­кізу оңайырақ: бірін­ші­­ден, сапа көрсеткіші бо­­йын­ша өзгерістерге келсек, жүйе арқылы құрылыс барысы мен материалдардың сапасын дәйек­тей­тін қосымша мәліметтер қоса тір­келіп, техникалық және автор­лық қадағалаулардың есеп­тері автоматты түрде ұсынылатын болады. Бұл адами фактордың әсе­рін азайтып, кем-кетікті ерте ке­зең­де анықтауға мүмкіндік бере­ді. Нәтижесінде, сапасыз құры­лыс­қа тосқауыл қойылады.

Екіншіден, жұмыстар өндірі­сінің нақты кестесін жүйе арқылы жүргізу, актілерге электронды түрде қол қою және есептілікті авто­­маттандыру құрылыс үдері­сінің жеделдігін арттырады. Қағаз­бас­тылық азайып, келісу үдерістері цифрлық ортада өтетіндіктен құрылыс мерзімі қысқарады.

Үшіншіден, бюджет қаржы­сының игерілу үдерісі ашық форматта қада­ға­ла­нып, барлық қатысу­шының әрекеті тіркеліп оты­рады. Бұл шекті баға шегінен ауытқулар мен артық шығындардың алдын алып, мемлекеттік қаражаттың тиім­ді пайдаланылуына жол ашады.

Қорыта айтқанда, цифрландыру тетіктерінің жүйелі түрде енгізілуі – құрылыс секторында «сапа – уақыт – баға» тепе-теңдігін қам­тамасыз етудің, жалпы саланың даму қарқынын арттырудың нақ­ты жолы. Олай болса, саланы дамытудың сапалы жолы саналатын – дижиталдандыруды жедел­детіп, Президент айтқан цифрлық елге тезірек айналуға жұмыла күш салғанымыз абзал.

Соңғы жаңалықтар

Түтінге тұншыққан Өскемен

Аймақтар • Бүгін, 08:50