Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары –қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласын оқып, тереңірек таныстым. Заман жүгін арқалаған бұл маңызды құжатта айтылған мәселелер әрбір қазақстандық үшін бүгінгі күні мейлінше өзекті. Біз, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, Мемлекет басшысының аталған мақаласынан өзімізге қажетті міндеттер мен мақсаттарды айқын аңғара аламыз. Аграрлық сала үшін ең маңызды мәселе жермен жұмыс екені белгілі. «Бес институттық реформа «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары арқылы осы бағыттағы көп мәселелерді шешуге жол ашылды деуге толық негіз бар. Ол Елбасының аталған мақаласында: «Фермерлік пен бүкіл аграрлық секторды дамыту үшін айтарлықтай ынталандырушы күш Жер кодексіне енгізілген өзгерістер болды» деп атап көрсетілген. Осы арқылы жермен жұмыс істейтін агроөнеркәсіптік кешен нысандары, фермерлер қауымы жерді пайдалануда көптеген жеңілдіктерге қол жеткізе алды. Өндірісте жұмыс орындарын сақтауға байланысты батыл қадамдарға жол ашылған.
Мақалада айтылған көп мәселелердің егіншілікпен шұғылданатын аудандарға тікелей қатысы бар. Бұл жөнінде біз Елбасы тапсырмаларын орындауға әзірміз. Нақты бағыттар бойынша шешуші жұмыстар қолға алынып отыр деп батыл айта аламыз. Өткен жылды, әлемдік нарықтағы күрделі жағдайға қарамастан, тәуір экономикалық көрсеткіштермен қорытындыладық.
Ауа райы қолайсыз, қуаңшылықты болғанымен, салыстырмалы түрде, алдыңғы жылға қарағанда өсімдік шаруашылығында жоғары өнім алынды. Суармалы егіс ұлғайып, малазығындық алқаптардағы түсім ұлғайды.
Қазір аудандағы ірі агроөнеркәсіптік құрылымдар, шаруа қожалықтары жаңа жылдың өніміне негіз қалауға кірісіп кетті. Егіс алқаптарында қысқы агротехникалық шаралар қолға алынып, ыждағатты жүргізілуде. Елбасы мақаласында айтылған тапсырмаларды орындаудың берік негізі бүгіннен қалануда.
Кім-кімнің де ілгері күнге үмітпен қарайтыны шындық. Оған әлемнің дамыған отыз елінің қатарына енуге бағыт ұстап отырғанымыз да ұмтылдырады. Бұл әншейін айтыла салған әңгіме емес, жан-жақты зерттеліп, бағдарламалық бағыттары айқындалған меже. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында қол жеткен табыстардан табан тайдырмай, ілгерілеуге із ашатын Елбасының «Бес институттық реформа – 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын алға тартуы бұған сендіре түскен-ді. Енді міне, «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында Мемлекет басшысы бұл бағдарламаның баяндылығын қамтамасыз ететін қадамдарды практикалық жүзеге асырудың негізгі түйіндерін тарқатып берді. Бағдарлама бар, басым бағыттар айқындалды, оларды жүзеге асыру үшін не істеу керектігі «соқырға таяқ ұстатқандай» алға тартылды. Ендігі мәселе жұмыла іске кірісуге, іркілмей еңбек етуге келіп тіреледі дер едім. Бұл бағытта әрбір қазақстандық өзіндік үлес қосатындай шаруа тындырса, еліміздің дағдарысты еңсеріп қана қоймай, дамуға серпін берері сөзсіз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі кеңесте реформаларды көзбояушылыққа айналдыруға жол беруге болмайтынын қатаң ескерткен болатын. Жаңа заңдар қабылданып, бірқатар құрылымдар мен жүйелерге өзгерістер енгізілді. Тек осы ұлы мақсат жолында мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енген екен. Мұның өзі дағдарыста да дамуға бағыт ұстаған еліміздің күрделі кезеңнен қысылмай өтетініне сендіре түседі. Бұған әрқайсымыздың атсалысуымыз азаматтық парызымыз болмақ. Ал, Ұлт Жоспарын практикалық жүзеге асыру – қоғамдық дамудағы оң өзгерістердің бастауы болатынына сенім мол.
Шамиль САРИНОВ,
Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Ақтөбе облысы.