12 Қаңтар, 2016

«Айтуға оңайдың» көруге қиыны

424 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Тилес ЖАЗЫКБАЙҚазір әр үйдегі теледидардың өміріміздегі алар орнын дәлелдеп жату артық. Біреулер жаңа ақпа­раттарды, ал біреулер тарихи оқиғаларды, спорт хабарларын, балдырғандарға арналған түрлі көрсетілімдерді мезгілдің қай уақытында болмасын көруге мүмкіншілігі мол. Әдеп пен салт-сана биігін де осынан табасыз. Сөйтіп, өзің қалағаныңды қарау – өз таңдауың. Мәселен, «Қазақстан» арнасындағы «Ақ­сауыт», «Айтуға оңай», «Әйел бақыты», «Қылмыс пен жаза», «Иман айнасы», «Хабар» арна­сындағы «Бармысың, бауырым», «Білгенге маржан», «Көз­қарас», «Жекпе-жек», «Еуразия» арнасындағы «Ашығын айт­қанда», «Судебные истории», «Поле чудес», «101 кеңес», «Қа­зақ­стан – Оралдағы» «Заман­сөз», «Күншуақ», «Жан сәулесі», «Ел алдында», т.б. өмірдің өзінен тұратын хабарлар топтамасы кім-кімді де ойсыз қалдырмайды. Қарасақ, қамшының сабындай қысқа ғұмырда адасып, қыл­мысқа ұрынып жатқандар қатары азаяр емес. Мұның арасында жас та, жасамыс та кездеседі. Тіпті, бауыр еті баласын жөргегімен айдалаға тастап кеткен «қара­көз­деріміздің» қылығын қай санатқа жатқызарыңды білмейсің. Іштей қатты күйінесің, бармағыңды тіс­тейсің. Мұндай мысалдарды ондап кездестіріп жүрміз. Ал осылардың бірқатарын жо­ға­­рыдағы теледидар бағдар­ламаларынан көріп, біршама ой қалыптастыруға әбден болады. «Жақсыдан үйрен» деген осы. «Айтуға оңай» ток-шоуының жүргізушісі Бейсен Құранбек елімізге жақсы таныс жан. Соң­ғы үш жылдың ішінде осы бағ­дарламаның жүздеген шы­ға­рылымы көгілдір экраннан көр­сетілді. Тележурналист 35 жасында Қазақстан Президенті сыйлығының иегері атанған, ҚР мәдениет қайраткері. Оның ізденісі баршаны бейжай қал­дырмайды. Қанша тағдырға араласты, қанша жанның көз жасына ортақтасты. Сөйтіп, ізгі жолды жалғастырудан жалыққан емес. Баршаның жүрегінде шын­дыққа, әділдікке деген сенім ұялатты. Бағдарламада көтерілген тақы­рыптарды шеберлікпен аша бі­леді. Түсірілім кезінде түрлі қи­ын сәттерден тапқырлықпен шыға алады. Миллиондаған көрермен алдында өзіндік таным, шынайы көркем қалпымен, жа­ғымды даусымен баршаны өзіне баурап алады. Өзіндік із­денісі, ұлттық болмысы тамсан­дырады. Тақырыпқа сай кө­рермендермен кездестіретін тұлғаны таңдауы діттегенінен дөп шығады. Мәселен, 2015 жылғы 10 желтоқсандағы «Айтуға оңай» бағдарламасында бала тәрбиесіндегі олқы тұсымызға назар аударды. Осы көрсетілімге жазушы Дулат Исабеков, әнші Мә­дина Сәдуақасова, психо­лог Гүлнар Ысқақ, журналист Мақсат Балабеков, т.б. қа­тысты. Ха­барда жан­ұядағы жалғыз баланың тәр­биесі туралы өткір мәселе қойылды. Әрине, жал­ғыздың аты жалғыз. Оның маң­дайынан ешкім шертпейді. «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, алдына ешкім шығып көрген емес. Дегені жү­реді. Ол үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлап көрген емес. Ерке. Ойлаған мақсатына жетпей тынбайды. Алам дегенін алады, барам дегеніне барады. Сөйтіп, үлде мен бүлденің, барлық пен байлықтың буына пісіп жүрген жаннан не күтесің? Ол өзгені адам деп санамайды. Әркез өз­геге өктем келіп, менменшіл болады. Өзгені менсінбейді. Ер­сі, ерке. Шолжаң. Жалғыз болып, дегенін жасап қалған жан қоғамдағы жақсы мен жаманның, бар мен жоқтың байыбына бара алмайды. Сөйтіп, өзімшіл, қыңыр мінез, қиянатшыл болып өседі. Оларды өмірде көріп жүрміз. «Айтуға оңайдың» кө­руге қиыны да осы. Өз дегенін жасап қалған ол қандай да болмасын жаман қылықтарға барудан тайынбайды. Ал мұндай жаннан өзгелер қашық болады. Осындай еркешоралар өзгеге де, қоғамға да қауіпті жан болып қалыптасады. Өткен жылдың 18 желтоқсан күнгі «Айтуға оңайға» танымал әнші Саят Медеуов, палуан, Олим­пиада чемпионы Жақсылық Үш­кемпіров қатысқан болатын. Ток-шоуда ел ішіндегі жекелеген азаматтардың қазіргідей қиыншылық кезде туған ауылына қамқор болуды азаматтық міндет санауы орынды-ақ. Жақсылық Үшкемпіров Алматы облысы Мыңбаев ауылына қаншама игілікті шара жасаған. Осындағы мектеп, балабақша, басқа да әлеуметтік нысандар бүгінгі күннің талғамына жауап береді. Осы ауылдағы аз қамтылған отба­сылар мен мүгедек жандар да аяу­лы азамат Жақсылықтан та­лай қамқорлық көрген. «Ауы­лы­­­на қарап, азаматын таны» де­г­ен осы. Әр қазаққа туған же­рін пір тұтудың керемет үлгі етер тұсы осындай болса керек. Біздің ауданда да Жаңабұлақ ауылдық округі, «Жамиға» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Қабанов, «Нұржан» ЖШС директоры Әлжан Досмақов сияқ­ты азаматтар елге қамқор болу­дың озық үлгісін танытып келеді. Бұл көз не көрмей жүр. Осы жақсы азаматтарға кері ке­лер мына мысалдар да кейде жағаңды ұстатады. Ел іші­не келген жекелеген өнер адам­дарының қалтаға ақша, қан­жығаға мал байлап кетері жоқ емес. Сол адамдар «аштан өліп, көш­тен қалып» жатқан жоқ. Ырыздығы ел үстінде, шүкір ету керек қой. Сөйлесе «айды аспанға шығарып, күнді көкке көтереді». Ол – қамқор, ол – халықшыл, ол – жарылқаушы болып, жүрегіңді жаулайды. Ал кетерінде бергенді қалтасына басып, желідегіні жетектеп жүре береді. Сол жерде мектеп бар, қамқорлыққа зәру мүгедек бүлдіршіндер бар. Айтқан сөзіне сай соларға алғанын ұстатса, қане... Сөйтіп, сөйлеген сөзі мен істеген ісі қабыспайды. Жоғарыда аты аталған азаматтардай қалталы өнер адамдары елге қамқор қолын созып жатса, артықтық етер ме. Иә, бұл да «Айтуға оңайдың» көруге қиыны. Жуықта «Еуразия» арнасында «Ашығын айтқанда» ток-шоуында қыз-келіншектердің достығына бірқатар оңды пі­кірлер айтылды. Мұның өзі «от басы, ошақ қасынан» қа­лып­тасатын сыйластық жайын біраз тарқатты. Дәлірек айтсақ, ене мен келін, жеңге мен қайынсіңлі, т.б. туыстық жақындығы бар жандар арасын да, кез келген бірін-бірі жақсы танитын құрбылар арасын да салмақтап, саралай қараған тұшымды бағдарлама болды. Сондай-ақ, облыстық арна­дағы тележурналист Гүлжан Кунеева жүргізетін «Әдемі әле­мінен» талай әдемілік тап­тық. Қыз баланың қасиеті тек әдемілікте емес, бүкіл жан дүние­сінің сұлулығынан құралса керек. Пәк сезімін ая­лаған қыздар әлемін әлдилеу бүгінгі бұқаралық ақпарат құрал­дарының құрамдас бөлімі. Қыз түзелмей, әйел түзелмейді... Сөйтіп, әлем түзелмейді. Ал осыны көріп жүрген жан­дар бар ма? Қазір кітап оқыл­майды дейміз. Осыған қоса теле­дидардың да тәрбиелік орны кейін қалып барады. Ол қазір таңсық болмай қалды. Ондағы шетелдік сериалдарды ғана көріп, қалған хабарларды жылы жауып қойдық. Ал сіз не көріп жүрсіз, ағайын? Ой бөлісейікші. Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,             Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.  Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.