12 Қаңтар, 2016

Электр қуатын күн батареясынан алып отыр

276 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
1-бетке!Жаңақала – малды өңір. Біз таяуда қыс кезіндегі қиындықтармен бетпе-бет келіп отырған өңір малшыларының жай-күйімен танысып қайтқан едік. Осы сапардан көрген-білген, ұққан-түйген мәселелерімізді газет оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн көрдік. Біз аралауды Жаңақала ауылдық округіне қарасты Бірқазанды қыстап отырған Темірлан Шамұратовтан бастадық. Өйткені, бұл шаруа қожалығы сүт өндіріп, аудан орталығын сүт өнімдерімен қамтып отырған бірден-бір қожалық. Жұмысын жетілдіру мақсатында биыл ол «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 51 бас сүтті сиыр тұқымы – қырдың қызыл сиырын алған болатын. Аудан басшысы осы малдың жерсіну жайын көре кетуді жөн көріпті. – Жағдайымыз жаман емес. Қызыл сиырларым да көндігетін түрі бар. Биыл жайылыс болмады ғой. Сәл қоңы ортайғаны болмаса, жақсы. Жемдеуді бастадым. Алдағы жылдары төлдеп, игілігін көрем бе деп отырмын. Соған орай өндірісімді жетілдіру де ойымда бар, – дейді қожалық басшысы. Шабындық тапшылық етсе де қысқа толық қамданысы барын біліп, Т.Мусин отырған Базарқұдық қыстағына бет алдық. Өйткені, бұл шаруа қожалығы да асыл тұқымды мал өсірумен айналысып, іскерлігімен таныла бастаған, аудан мақтанышы болған шаруашылық еді. Мұнда қазір герефорд та, абердин-ангус та өсіріледі. Оның үстіне жаңашыл шаруа ауданда алғашқы болып биыл Қонақай қыстағына алты күн батареясын орнатып, электр энергиясын алуды жаңа технологиямен шешіп еді. Енді Базарқұдыққа да күн көзінен қуат өндіретін он төрт батарея орнатқан екен. Сондықтан әрі текті малдардың жағдайын білуді, әрі электр энергиясымен қамтып тұрған күн батареяларын көзбен көруді мақсат еттік. – Герефорд жерсініп кетті ғой. Биыл алғаш төлдеді. Қазір ерте төлдегендердің төлін айырдық. Төліне де көңіліміз толады. Дегенмен, өзіме ангустар көбірек ұнап келеді. Герефордтар біздің жердің ми қайнатар ыстығы мен қыстың қатты аязына аз да болса сыр бергенін байқатады. Ал ангустар нағыз осы табиғатқа лайық тұқым. Қазір өздеріңіз де көрерсіздер, – деді Тілеген Мусин. Расында да герефордтардың реңі сәл пәстеу, қоңын бермесе де қатты аязда күтім керектігін аңдатқандай. Ал ангус­тар емін-еркін жайылып жатыр. Түк­тері жылтырап семіріп алыпты. Шөп­пен бірге көбік қарды да қарбыта асап, қызықтаған бізге шекелерінен қа­рай­ды. 9-10 градус аязды елең қылар емес. Тілегеннің Базарқұдыққа қондырған күн батареяларын да көрдік. – Мұнда 14 күн батареясын қондыртып алдым. Тұманды күн ұласып кетпесе шаруамызға қажетті электр энергиясын еркін береді, – дейді Тілеген жаңа технологияның игілігін көргеніне ризашылығын жасырмай. Базарқұдықта электр жарығы самаладай жарқырап тұр. Телефон байланысы да мінсіз. Малдары қоңды. Жұмыс қолы мол. Қысқа сыр алдырар емес. Шаруасы оңды ауылдан риза болып аттандық. Бірлік ауылдық округінің үсті­мен Қызылоба округі же­рі­не өтіп, Бозоба қыстағына атбасын бұрдық. Мұнда ағасы басшылық ететін «Жандос» шаруа қожалығынан биыл бөлініп, өз алдына қожалық құрған Ерболат Айтқалиев отыр екен. Ерболат та шаруасы мығым жастардың бірі. Биылдың өзінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 20 млн. теңге несиеге сұранысы өтіп, 90 бас асыл тұқымды ақ бас сиыр қашарларын алуға жұмыстануда. 30 басын әкеліп, қалғанын әкелуге әзірленіп отыр. Сол сияқты, «Жан­­дос» шаруа қожалығымен бір­ге «Құлан» бағдарламасы бойын­ша да биыл 20 млн. теңге несие алуға қол жеткізіп, жыл соңына дейін қылқұйрықтарын түгендеп алмақшы. Қыстағында шөбі жеткілікті. Алаңы – су екен. Қарақұдық каналы арқылы су түсіп, көбігін тол­тырып алған шаруа қысқа алаң­сыздығын айтып, су беруге себепші болған аудан басшыларына ризашылығын білдірді. Бұл күні аралаған қыстақтардан байқағанымыз – басы жайлы басталған мал қыстату науқаны үлгілі өтуде. Қай қыстақтың да қам­даныстары жақсы, малдары қоңды. Биылғы қыстың алғашқы айына сыр алдырғаны жоқ. Мал баққан шаруаның да, олардың жұмысына ұйытқы болатын аудан әкімдігінің де қыс алдындағы алаңы су мәселесі еді. Әсіресе, Көпжасар, Жаңақаланың құрғап қалған өзен, көлдеріне су жетпесе де, жағалай мал қыс­тайтын, елді мекендер отырған Қарақұдық, Борық, Аққұс каналдарына су беру, Қоңырсайды суға толтырып, Мұқырға жіберу, Қараөзен арқылы Айдархан, Мәстексай, Мұқыр, Сарыкөл ауылдарына, Сарыөзен арқылы Айдынға қысқа жетерлік су алу ең өзекті мәселе болған-ды. Тіпті, су мамандарының уәде­сіне күдік келтіріп, сенімсіздік таныт­қанымыз рас. Десе де, мәселе оңынан шешіле бастады. Қарық қылып тастамағанмен Айдынға әжептәуір су келді. Қараөзеннен де түскен су Айдарханды, Мәстек­сайды, Мұқырды қамтып, Сарыкөл өзеніне түсіп жатыр. Басты ала­ңымыз – Жайықтан алатын су еді. Ол да күдігімізді сейілткендей. Сапарымыздың мақсаты – қыс­тақ барысымен қатар судың жайы болғасын біз алдымен Бірлік ауылдық округіне су беретін ка­нал­дың Мақсот қақпасына атбасын тіреген едік. Канал суға толып тұр. – Бірлік ауылы ауыз суды осы канал арқылы алатын болған соң су деңгейін түсірмейміз, – дейді ауданның бас сушысы Ербол Тө­леуғалиев. Уайым болған Қарақұдық каналына да су түскен екен. Бо­зо­­бадағылар да құрғап қал­ған көбіктерін суға толтырып, көңілдерін бірлеп отыр. Бо­рық кана­лына да жетерлік су беріпті. Аққұс каналы арқылы да Қоңыр­сайға су түсе бастағанын естіп, Ақ­­құс тұсындағы көпірге бет бұр­дық. Судың ағысы өте баяу көрінді. – Мына ағумен Қоңырсай қа­шан толады? Қатты аяз болса бауырлап қалады ғой, – деген аудан басшысы судың жылымшылап ағуына ренішін жасырмады. Сөйтсек, жоғарыдан бір қақпа жабылып қалған екен. Оны аудан әкімінің тапсырмасымен екінші күні аралап барған Ербол Төлеуғалиев көріп, ашқанын, ағыстың молайғанын хабарлады. Демек, ағыс түзелсе Қоңырсай толып, Мұқырға су түсер деген үмітімізді үкілейді. Біз осы журналистік ісса­пардан қыс алдындағы басты алаңымыз – су мәселесінің оң шешіле бастағанын көріп, облыстың су шаруашылығының басшылары қыс бойы су беруді тоқтатпауға келісіп отырғанын естіп, көңілді жайландырып қайттық. Өмірзақ АҚБАСОВ, журналист. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы.