13 Қаңтар, 2016

«Дүниедегі ең жақсы халық – қазақ»

454 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
АкадемияСебебі, ол Ұлы даладай дарқан, мәңгілік күндей мейірлі, бейбітшіл халық, – дейді ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА академигі, профессор Мұрат Жұрынов. журынов– Құрметті Мұрат Жұрынұлы, өзіңіз ғылымға келген, үлкен өмір­­ге енген жылдардағы қоғам ізгілігі, адами қасиеттер қандай еді? Қолұшын берген қамқор жандар ұшырасты ма? – Екі мысал айтайын. Ғылыми жолымды Шымкенттегі химия-технология институтының бесінші курсында оқып жүріп бастадым. Электрохимия кафедрасының меңгерушісі Равиль Самиевич Вахидов деген кісі. Ұлты – татар. Нағыз ұстаз еді. Зауытқа баратын болып келісіп қойған жерімнен тоқтатып, ақыл-кеңесін айтып, бола­шағыма жанашырлығын танытып, осы кісі мені кафедраға алып қалды. Сөйтіп, ғылымды таңдауыма себепші болды. Одан соң Мәскеудегі Менделеев атындағы химия-технология инс­титутына барып, аспирантураға түстім. Ғылыми жетекшім болып Михаил Яковлевич Фиошин деген кісі тағайындалды. Жасы қырықтар шамасындағы профессор. Атағы да, болашағы да зор болғанмен, қарым-қатынаста қарапайым. Ба­ғыт-бағдарын берді де, мені күнде бақылап, әлпештеп отырмайтынын, ары қарай өзім ізденіп алып кетуім керектігін айтты. Мұнысы нағыз ағынан жарылған адал сөз еді. Талап та, тәрбие де осыған сыйып жатты. Иә, алып кете алмасам – өзіме серт... Содан бастадық. 1967 жыл. Таң­ғы сағат 8-ден кешкі 10-11-лерге дейін зертханадан шықпаймыз. Әрі факультет деканы қызметіндегі жетекшіміздің де жұмыстағы дағдысы сол. Оның осы еңбекқорлығын мен де бойыма сіңірдім. Жұмысым ілгері басып, таңдаған тақырып та еңсеріле бастаған. Бірақ бір жылдан кейін шешем қайтыс болып, қатты күй­зелдім. Әкемді, қарындасымды, солардың қасындағы жас босанған келіншегім мен сәбиімді ойлап, бәрін тастап ауылға кетіп қалуға бекіндім. Міне, осы қате қадамнан ағалық, әкелік ақылын айтып тоқтатқан адам жаңағы жетекшім, маған алты аласы, бес бересі жоқ әділетті орыс адамы Михаил Яков­левич. «Қазір жұмысың жақсы жүріп жатыр. Толқуыңды да байқап жүрмін. Бірақ ісіңді аяғына жеткіз. Енді бір жарым-ақ жылың қалды. Сен бітіресің мұны. Шамаң әбден жетеді. Сенің қабілетіңмен одан да ерте бітіруің мүмкін. Саған өзім жәрдемдесемін. Не де болса бітіріп, қорғап кет. Ғылым кандидаты бол­масаң, ол жақтағы жағдайың да мәз болмас» деген ақыл сөзі ме­нің де зердеме жетті. Жетекші ұстазым, орыс ғалымының пейілі қаймана қазақ жасына құлап, мені жарты ставка келісімшартпен бір жұмысқа да қойып қойды. Сондай қамқор көмектің арқасында ғылыми еңбегімді мерзімінен екі ай бұрын қорғап, елге келіп едім. – Сол кездегі Мәскеудің жалпы әсері қандай болды? – Жастық шаққа бәрі жарасымды ғой. Дегенмен, ол уақыттағы Мәскеу бір ғажап дүние. Ғалымдар ортасы, көңіл ауаны керемет-тін. Мына айтып жүретін шовинизм атымен жоқ еді. Өте таза, нағыз зия­лы ғалымдар болды. Мәскеу қаласының өзі де үлкен мәдениет ордасы, тәрбие орталығы. Қазақ жастарының 3-4 жиын жері бар. Землячество, жерлес­тер дейміз. МГУ-дің балалары бізге келеді, Соколға. Біз Драгомиловкаға барамыз. Жаспыз. Кеш қайтамыз. Сонда түнгі сағат 2-3-терде сондай тыныш. Көшеде біреуге тиісіп шулатып жатқан ешкімді көрмейсің. Сондай мамыра-жай, бейбітшіл қала болатын. Сондай жастық шағымның шам­­шырақ шаһары мен үшін аса қымбат. Бірақ сол Мәскеудің кейін өзгергені өкінішті. Әсіресе, кеңес өкіметі құлағаннан бергі жылдарда. Скинхед деген бейбас бәлелер шықты. Орыс емес адамды көрсе сабап кете береді. Ештеңеге қара­майтын хайуандық әрекет. Көңіліміз айтады: нешеме жылдардан бері тыйылмай қойған ондай бассыздықтарды тоқтатуға бейілді болса, басшылық әлдеқашан тоқтатар еді. Бірақ со­ған олар ықыласты да, мүдделі де емес сыңайлы. Тоқтатпай тұр. Демек, бұл тәртіпсіздіктер оларға ұнайды. Бұдан түйеріміз: жалпы шовинизм қазіргі Мәскеуде белең алған көрініс. Бұрын өзімізбен бір­ге оқыған, аралас-құраласымыз үзіл­­меген жолдастарымыздың біразы Мәскеуде тұрады. Көздерін аш­қаннан мәскеулік. Солардың өздеріне де осындай асқынған жағдай ұнамайды. Ашық айтады. «Мынау нағыз масқара, бандитизм, Мәскеудің сүйегіне таңба!» деп намыстанады. Бұрын да осы Мәскеуде 9 миллион халық тұрды ғой. Біреу біреудің сөмкесін тартып алыпты дегенді естімейтінбіз. Бірен-саран болған шығар. Бірақ дәл мынадай сұмдықтар түсімізге де кірмейтін. – Осындай тәртіпсіздіктерден шыққан дүрбелең, толқулар кейде бүкіл қоғамды төңкеріп тас­тап жатыр-ау бүгінгі заманда... – Өз басым саясатпен шұғыл­данбаймын. Мен – ғалыммын. Бірақ саясат саңылау тауып өміріңе өзі кіреді. Мысалы, осыдан 3 жыл бұрын мына Украинадағы жағдай басталар кезде бір үлкен конференцияға қатысып, Киевке жол түсті. Көшеге шықсақ, Крещатиктегі алаңда мың­даған адам. Көз тұнады. Абайлап барып, шетінен кіріп сөйлестік. Сұ­раймыз – мұнда не боп жатыр?.. Бәрінің бірауыздан айтатыны: елді коррупция жайлаған, тәртіп жоқ, дейді. «Біз көзіміз ашық халықпыз. Мына іргеміздегі Еуропаға барып тұрамыз. Балам мен келінім Чехияда жұмыс істейді. Анау Словакия, Польша, Германия. Соларда бәрі таза, сенен пара сұрап тұрған ешкім жоқ. Бәрі заң сөзімен, заң жүзімен жүреді. Неге біз солай өмір сүрмейміз?!»... Алаңға шыққандар кіжініп, ызаланып, назаланып тұрып осыны айтады. Даудың басы осы. Ел тыныштығына пәлекет болып жабысқан парақорлық екен. – Ал енді кейбір халықаралық оқиға, келіспеушіліктердің тыныш отырған елді де түртпекке ұшырататыны қиын екен... – Иә, әсіресе, дүние дүбір-дүр­­белеңге толы қазіргі кезде. Халықаралық қатынастар өте нәзік, көктемгі мұздай шытынап тұр. Таяқтың екі ұшы емес, әл­денеше ұшы бар сияқты. Айталық, Ресей мен Түркия арасындағы кикілжіңнің салқыны бізге де тимей қоймайды. Өйткені, екеуі де бізге достас елдер. Орыстармен одақтаспыз, түріктермен туыспыз. Қазақстан – түркітілдестердің қанат қаққан қарашаңырағы. Ал біздің Елбасымызды бүкіл түркі дүниесі көшбасшы-көсеміміз деп таниды. Бір қынжыларлығы, жаңағы дау-шар аясында «Түрксойға» да таяқтың бір ұшы тиіп жатыр. Біз білетін «Түрксой» мәдени ұйым. Саясатта еш шаруасы жоқ. Тіптен, оған Ресейдің өзінен де Татарстан, Башқұртстан, Сақастан, Тыва, Чуваш, Алтай сияқты түркітілдес алты ұлыс мүше. Ол халықтардың да пікіріне құлақ асқан, талап-тілегін құрметтеген жөн болар. – Ал енді сол Ресейді де Батыс қырына алып отырған жоқ па? – Әлемде жан күйзелтер теке­тірестер тыйылар емес. АҚШ Ресейді мұқатамын деп мұнай бағасын өрес­кел арзандатып жіберді. Бұл арада да таяқтың тағы бір ұшы бізге тиді. Себебі, біз мұнай шығарып сатып отырған елміз. Мұнай қорымыз әлем бойынша 9-шы орында. Ресей экономикасын құлату мақсатында металл, алюминий, қорғасын, мыс, мырыш, т.б. да бағасын түсіріп жіберді. Осы салада жұмыс істегендіктен, мұның кеселі Қазақстанды айналып өтпейді. Баға түскен сайын біздің қалтамыз саязуда. Мұнай шығарып экспорттайтын елдердің бәріне ауыртпалық түсіп жатыр. Ал мұнайды сатып алып пайдаланатын елдер пайда көруде. Жапонияға, Еуропаға, Америкаға бұл жақсы. Екінші бір мәселе, әлемдік алпауыттар өз тәртіптерін, демократия орнатамыз деп тыныш жатқан Ауғанстанды, Иракты, Египетті, Ливияны, Сирияны быт-шыт қыл­ды. Енді сол елдерде қаптаған қарақ­шылық, тонау, өлтіру, зорлық пен зомбылық. Халықтың қалыпты өмір сүруі мүмкін болмай қалды. Үрей, қорқыныш. Солар енді мың-миллиондап Еуропаға босып жатыр. Олар: «неге келеді?» дейді... Ау, өзің емес пе тыныш елдің берекесін қашырып, тоз-тозын шығарған. Соның қарымтасы, өмірдің заңы бұл. Жалпы, бұрыннан қалыптасқан нәрсені бұзу қате. Әркім Алла тағала нәсіп еткен өз өмірін сүрсін. Сырттан біреу барып: «Олай емес, былай өмір сүр!» деп озбырлық жасауы дұрыс емес. Сауда-саттық, қарым-қатынас жақсы. Ал ішкі ісіне қол сұқпа. Міне, осындай кеудемсоқ шиеленістерден туатын қазіргі халықаралық жағдай туралы соңғы уақыттағы бірнеше әңгіме-сұхбаттарында Елбасымыз өте жақсы айтты. Қазақстан бейбітшіл ел. Біз кім-кімді де жарастыруға дайынбыз. Бітімгершілік миссиямызды ұсынамыз. – Қанымызға біткен бейбіт­шіл­дік осыдан-ақ көрінеді емес пе? – Небір қырғын аласапырандардан, алапат нәубеттерден қазақты Құдайдың сақтап қалғандығы да осы бейбітшілдігінен, ниетінің түзулігінен болса керек. Әйткенмен, көп қырылдық. Әйтпесе, осы Кіндік Азиядағы ең үлкен халық қазақ болатын. Соған орай ата-баба мирас еткен жеріміз де кең. Сол кең жерімізге сұқтанып, алып қойғысы келіп көз алартқандар қаншама. Оңтүстігімізден Өзбекстанға қи­қым­дады. Кейін әйтеуір біразын үзіп-жұлып қайтарды. Бес облысты Ресейге беріп жібергісі келген Хрущев тыңды көтеруге өңкей маскүнем, бұзақыларын төгіп-төгіп жіберді. Сол кезде атамекен жерді талапайға салуға келіспей, жүрекжұтқандық пен жанпидалыққа барған Жұмабек Тәшеновке қазақ әлі өзінің бағасын бере алмай келеді. Ол кісі осы жолда бас кетерін білсе де, ел үшін, жер үшін басын бәске тіккен еді. Сол уақыттарда жерімізді бөлшектеуге бермей аман сақтап қалғанымыз кейінгі буын ұрпақтардың үлкен бақыты болды. Хрущевтікінен асып түспесе кем емес оспадар қылықтарды Гор­бачев та жасады. Өзі кеңес өкіметін құлатып тынды. Жұрттың бәрін араздастырып кетейін деген арамзалықпен отқа май құйып, әлдебіреулердің қолтығына су бүрікті. Биліктен кетіп бара жатып: «Мына Қырымды Украинаға бермеу керек еді. Солтүстіктегі 5 облыс Қазақстанға қатеден кетіп қалды. Ол да Ресейдікі еді» деп қақ дұшпанның сөзін айтты. Іріткі салып, ішкі ісімізге кірісті. Әне, сол әзәзіл қыздырмамен Ертістің оң жағалауын Ресейге қосу керек деп кергіген кейбір қызылкөздер Тәуелсіздік алған кезімізде көтеріле жаздаған. Сондай жағдайлардың бәрі Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында сабасына түсіп, берекет-тыныштығын тапты. Ал Горбачев болса айтарын айтып алып, не бетімен келгенін білмеймін, ұялмай-қызармай, одан кейін Қазақстанға келіп кетті ғой, әйтеуір. Тек Нұрсұлтан Әбішұлы салқын сабырдан, сабат сарабдалдықтан жаңылмады. – Қазақтың жерін көкпар­лауға құмартқандардың еш­қай­­­сысы содан абырой тапты дей алмас­пыз. Ал енді осы Горбачевтің Қазақстанда несі бар? Билікке келе сала бізге шүйліккені несі? – Горбачевтің Қазақстан десе тіксініп тұратын себебі, бір жайды кек тұтып қалған сияқты. Бұл – Қонаевқа деген көзқарастың дұрыс болмауы деп естідім. Кезінде Горбачев Ставрополь өлкесінің бірінші хатшысы болғаны белгілі. Сол өлкеге Қарашай-Шеркес автономиялық облысы кіреді. Менің бір жақсы қарашай досыма қонақ болып Кисловодск, Минводыға барғанда естіген әңгімем. Кезінде Ленинді көрген бір қарашай қарт бар екен. Сол кісі бүкіл қарашайлардың қолын жинап арыз жазады. Компартияның Орталық комитетіне. Горбачевтің үстінен. «Біз, қарашайлар, өзіміздің елімізде, жерімізде тұрып бір де қарашай бірінші басшы емес. Бұл халыққа сенуге болмайды деп ты­йым салып тастаған. Өйткені, со­ғыс кезінде қарашайлар Гитлерге сыйлыққа тартуға арғымақ ат дайын­­­даған екен деген алып-қашпа әңгімелер бар. Ондай пиғылдағы адамдар болған да шығар. Бірақ ол үшін енді ондаған жылдар өткенде бүкіл қарашай халқы жау­ап беруі тиіс емес қой. Соның салдар-салқынынан қазір бір де қарашай бірінші басшы қызметіне қойылмайды. Бірінші басшы – орыс, иә черкес немесе басқа ұлт. Қарашай тек екінші болуға ғана қақылы. Қазіргі басшы болатын азаматтар сол қарғыс атқыр соғыс кезінде туған да жоқ. Немесе жаңа туып, еңбектеп жүрген балалар. Обал емес пе? Олардың қандай жазығы бар?» деп мұң шағады. Содан Брежнев ол шағым хаттың анық-қанығын тексеруді Қонаевқа тапсырады. Өйткені, қарашайлар жер аударылған кезде негізінен Қазақстанда тұрған. «Өздері қандай халық?» деп сұрағанда да Димекең айтады: «Жақсы халық. Мал бақты. Қазақтармен тіл табысып кетті, құда-жекжат болды. Көңілдері ақ, ниеттері таза. Момын» дейді. Содан тексереді. Хатта айтылған жайлар анықталады. Горбачевке ескерту жасалады. Қарашайларды ендігі жерде кемсітіп шеттетуге болмайтынын, мұның партия сая­сатымен қабыспайтынын айтып, бетіне басады. Қош. Бір жыл өткенде баяғы қол жинаған қарашай шал Алматыға, Қонаевқа келеді. Сөйтіп, алдына кіріп: «Сіз комиссия құрдыңыз. Тексердіңіз. Көзіңіз жетті. Ес­керт­­тіңіз. Бірақ содан бері әлі жөнделген ешнәрсе жоқ. Баяғы қалпы. Бұл қалай?» деп сұрайды. Димаш Ахметұлы Саяси Бюро комиссиясының пәрмені орындалмауы мүмкін еместігін айтады. Содан бұл мәселені қайта тексерткізіп, Горбачевті Мәскеуге шақырып шыжғырады. «Комиссия шешімін неге орындамайсыз?!» деп қатты талқыға салып, біраз сілкілесе керек. – Кейін Бас хатшы бола сала Қонаевты қырына алғаны сол екен ғой?.. – Иә. Горбачев текшіл емес, кекшіл болып шықты. Кеңес Ода­ғының тізгіні қолына тиісімен Қонаевқа, Қазақстанға шүйлікті емес пе. Целиноградқа келіп, ком­байншылармен сөйлесіп, таудай Димекеңді кісі құрлы көрмей тұр­ды ғой. Алма­тыға келмеді сонда. Одақтас, дербес республиканың ас­танасын сыйламады. Саяси әдеп-мәдениеттен жұрдайлығын көрсетті. Ойына келгенін істеп, ожар, ішімдікке құмар Колбинді әкеліп қонжитты. Мәскеуде бірге оқыған грузин досым бір конференцияда жолығып қалғанда сол азамат: «Мурат, вам очень не повезло» деп еді. Ол бұрын Грузия ЦК-сының екінші хатшысы болғанда зымияндығымен көп адамдардың обалына қалып, грузиндердің де дастарқанына түкіріп кеткен сұр­қылтай екен. Досым маған соны айтты. Сол Колбин Қазақстанда да біраз тайраңдап шулыған жасады. Халықтың қарғысы жібермеген шығар, артынан өзі де оңбады ғой. Мен жақында Елбасымыздың «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабын оқып шықтым. Кезінде барша тараулары «Егемен Қазақстанда» жарияланса да қайталай, қызыға оқыдым. Сол кітапта Прези­дент­пен сұхбаттасушы Сауытбек Абдрахманов Колбиннің аяқасты, жолүсті өлімінен кейін моргке түскенін, оны бес күн бойы ешкім іздемегенін, үйсіз-күйсіз біреу ретінде жерлен­гелі жатқан жерінен бір милиционер танып қалып, содан кейін барып туысқандары табылғанын жазған Александра Скворцова деген журналистің мақаласын келтіріпті. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жөнінде: «Көз жасы жібермейді ғой. Зауал деген бар» деп қысқа ғана түйіп айтыпты да қойыпты. Бәрі де түсінікті. Айтыңызшы, осы қазақ жа­ман­дыққа қиятын халық па? – Қазақты жаман дегеннің аузы қисайып қалсын. Қазақстанды ба­йырғы халықпен бауырласа мекендеп жатқан жүз сан ұлттың өкілдері қазақтың қадір-қасиетін біледі де, айтып та жүр. Оларды біздің атажұртымызда тағдыр тоғыстырды. Кавказ халықтарын эшелонға бір түнде салып айдады да жіберді. Қандай айыбы бар олардың? Қазақстанға келгені үшін қарапайым халықтың ешбір кінәсі жоқ. Сондықтан, Елбасы: «Сен­дердің құқықтарың баршамен бірдей. Бәріміз қиындықта да, қуанышта да біргеміз. Теңбіз. Ешбір халық бір-бірінен артық та емес, кем де емес. Ендеше, ынтымақпен, береке-бірлікпен бірлесіп тұрайық» деді. Енді, бұл деген нағыз әулиелік сөз емес пе. Сол көрегендіктің, ақкөйлек әрі ақжолтай көбегендіктің миуа жемісін қазір теріп жеп отырмыз. Халқымыздың ақ тілеуінің, бейбітшілдігінің арқасы осының бәрі. Бұрындары мына Кавказдан келгендердің айтатыны есімде. «Егер бізді Қазақстанға әкелмей, бас­қа жаққа апарғанда бәріміз аштық пен суықтан қатып өліп қала­тын едік. Қазақтар бір үзім нанын бөлісті, қайырымын аямады. Сонымен, аман қалдық. Сібірге кеткен ағайындарымыздың ешқайсысы кейін қайтпады. Тірі қалған бес-алтауы бізге қашып келіп қосылды» дейді. – Қазақтың осы қонақжай­лық, қайырымдылық қасиеттері ЮНЕСКО арқылы әлемге паш ететін жалпыадамзаттық рухани құндылыққа жатпай ма? – Адам туған жеріне тартады. Қазақтың дарқандығы – даладан. Біз кең далада, ұлан-ғайыр сахарада өсіп өмір кешкен халықпыз. Жолаушы құла дүзде шаршап келе жатады. Сізбен сөйлесуге де шамасы келмейді. Сол мейманды аттан түсіріп алып, сусын ішкізіп, жағдайын жасап, содан кейін ғана барып әңгімелеседі қазақ. Мұның ар жағында «Кең болсаң – кем болмайсың» деген дала филосо­фиясы жатыр. Бүгінгі қазақ Тәуелсіздігінің бір ұстынды тірегі де осы кеңдік, дарқандық. «Дүниедегі ең жақсы халық – қа­­зақ» деген сөзді өзгелердің талай айтқанын естідік. Ол сөзді олар неге айтады? Себебі, ол Ұлы даладай дарқан, мәңгілік күндей мейірлі, бейбітшіл халық. Жақында Мәскеуден бір топ ғалым жолдас­тарымыз келіп: «За лучший народ в мире – казахов!» деп тост көте­ріп жатыр. Әрине, мақтағанды кім жек көрсін. Мерейлендік. Бір жағынан, қабылдауымызға, қо­нақ­жайлығымызға ризашылығы. Екін­ші жағынан, айтқандары шын­­дық, шын мәнінде, жақсы халық. Қараңыз: бұл өзі – момын, қонақжай. Өзі қолдағы барын беріп жібергісі келіп тұратын жомарт, астындағы жалғыз атын достан аямайтын мәрт. Кекшілдігі жоқ, кешірімді. Жер бетінде мұндай аңқылдаған адал жүректі, ақ пейілді халық кемде-кем, сирек кездеседі. Бір кездегі кеңес идеологиясында барлық халықтар бірдей деген қағида ұсынылған. Ешқандай да бірдей емес. Әр халық әртүрлі. Әрқайсысының өз болмысы, даралығы мен ерекшелігі болады. Батыстың бір философы: «Общество как свернутый индивидиум, а индивидиум как развернутое общество» дейді. Біздің қазақы ұғымға салсақ, қоғам – құпиясын ішке бүккен жеке адам, ал жеке адам – айқара ашылған қоғам. Яғни, бір адам бүкіл халықты паш ететіндей пікір туғызады. Сол айтқандай, халық жеке адамдардан, бөлек-бөлек тұлғалардан құралады. Сонымен бірге, орыс пен қазақты мүлдем салыстыруға келмейді, бір-біріне еш ұқсамайды. Қазақ пен немісті немесе чешенді қалай салыстырасың? Әрқайсысы әртүрлі, әр саналы. Ар жағын тереңдетсең, генетикаға, текке барып тіреледі. Тегіміз Ұлы Дала елінің терең тамырларынан, кемел қасиеттерінен нәр алған. – Шын мәнінде де, Елбасы «Ұлы ­Дала Елі» дегенде халқы­мыз­дың терең тамырларын, барлық қазына-қасиеттерін, ұлттық құндылықтарын, арыдағы ежелгі ұлы мемле­кеттігін қоса қаусырып айтып отыр емес пе? – Ұлы Дала деген, әлбетте, алдымен қазақтың кең жазира даласы. Қазақтың көңілі де сол даладай кең. Жер бетінде еш­қайда да біздікіндей Ұлы Дала жоқ. Ұлы Дала дегеніміз – сонау сақ, ғұндардан, көк түріктерден қалған мирас. Алтын Орда билеп тұрған түркілердің даласы. Одан кейінгі Ақ Орда тікелей қазақтарға тиесілі. Ұлы Дала деген – негізінен қазақтың жері. Осы Ұлы Дала қазақтың мінезін, жан-дүниесін, дарқандығын, қормал қасиеттерін қалыптастырды, мемлекетін негіз­деді, елдігін ұйыстырды. Осы жайды Елбасы тамыршыдай тап басып ұстаған. Бұл – Президентіміздің үлкен толғаныс, терең тебіреніспен тауып ұсынған аса ұлағатты идея­сы. Мәңгілік Ел мен Ұлы Дала ұғымы әруақытта біздің жадымызда, жан-жүрегімізде жүруі керек! Ал енді күні кеше Қазақ ханды­ғының 550 жылдығын Елбасы Астанада өзі бастап, өзі қолдап, Таразда түйіндеп, бір көтеріп тастады. Бұл, әрі, қазақтың мемлекеттігі болмаған деп өзеурегендерге байып­ты ескерту болды. Қазақ мем­лекеттігінің тамыры тереңде жатыр. Хандыққа ғана 550 жыл. Ал жалпы мемлекеттік – ол сонау Түркі қаға­натынан, керек де­сеңіз, одан да әріден бас­талады. Сол қағанатты құраған рулардың көпшілігі кейін Қазақ хандығының құрамында бас қосып, білек біріктіріп, тілек ұштастырды. Алтын Орда жұртының жетпіс пайызы кірді бұл бірлестікке. Ол да қазақтың байырғы ордасы, біз оның тікелей мұрагеріміз. Бұдан шығатын қорытынды, біз ертеде де ұлы мемлекет болған халықпыз. Сол рух бүгінге дейін жоғалмай сақталғаны сүйініш. Біз екі рет үштен екі бөлі­гімізден айырылған халықпыз. Егер тарихымыздағы жоңғарлармен болған қырғын соғыс пен 1932-1933 жылдардағы Сталин мен Голощекин ұйымдастырған аштық қырғыны болмағанда, қазір қазақ 100 миллионның ол жақ, бұл жағы болып тұрар еді. Сондықтан, еңсемізді көтеріп, Ұлы Дала Елі деген сезім, Мәңгілік Ел мұраты санамыздан бір сәтке де өшпеуі тиіс. – Әңгімеңізге рахмет!  Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».  АЛМАТЫ.