«Естімеген елде көп» деген рас-ау. Сіз Иосиф Сталиннің кабинетінде толғатып, Кремльде босанған қазақ әйелі туралы естідіңіз бе? Естімесеңіз, біздің бүгінгі айтпағымыз – Кремльде кіндігі кесілген Қайсар Меңісов деген қазақтың өміртарихына қатысты хикаят болмақ. Олай болса, әңгімені әріден бастайық...
Қайсар Меңісовтің әкесі Нұржан 1910 жылы Қарқаралы уезіне қарасты Ақшатау болысының оныншы ауылында дүниеге келген. Еті тірі, ширақ адам болыпты. Соның арқасында аласапыран уақытта Қарқаралының педагогикалық техникумын бітіріп, мұғалім мамандығын алып шыққан. Ол кез – мұғалімдікке кім көрінгеннің қолы жете бермейтін заман болған.
Ауылда тып-тыныш қана бала оқытып жүргенінде дұшпандары сыртынан сөз жүгіртіп, түртпекті көбейтіпті. Зұлматтың заманында «Атасы – бай... контра», дейді ғой, баяғы... Әйткенмен, дұшпанның сөзінде жан бар еді. Шынында да, әкесі Меңіс кезінде қолына жігіт ұстап, өзіне қараған елдің намысын жыртқан ердің сойы екен. Бір сөзбен айтқанда: әлдімен алысқан, күштімен тірескен. Және-дағы өзіне кәдімгідей дәулет біткен кісі болыпты.
Содан не керек, әңгіме ушығып бара жатқан соң «Батырға да жан керек» демекші, Нұрекең жаладан аман қалудың амалын ойлай бастаған. Сәтін салғанда, оқыған ағайындарының шарапаты тиіп, ішкі істер органдарына қызметке тұрып кетеді. Қарағандының сол кезде ел ішінде «Ескі қала» деп аталып кеткен ауданындағы милиция бөліміне жедел уәкіл болып орналасады. Табиғатынан алғыр жас жаңа жұмысты «ә» дегеннен-ақ меңгеріп әкеткен. Арнайы білімі болмаса да ауыр деген қылмыстардың өзін ашып, көзге түсе бастайды. Жұмыс істей жүріп Алматы барып, сондағы әскери-милиция мектебін үздік бітіріп алады. Заманында бұл үлкен оқу орны еді. Капитан шеніндегі ол бірден өзі жұмыс істеген Сталин аудандық милиция бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Осы қызметінде жүріп, атақты «Қара мысық» операциясын басқарған. Қала тыныштығын алып, базар біткенді қан қақсатып жүрген бұзақылардың қалың тобын қолға түсіреді. Абыройы өсіп, мерейі тасиды. Алайда, тасы өрге домалаған сайын мұның жауы да көбейе түскен. Тырнақ астынан кір іздеген олар Нұржан әкеміздің тұқымының бай екенін қағазға хаттап, жоғары жаққа арызданудан бір танбайды. Ақыры, қарша бораған арыз дегенін істеп, Нұржан Меңісұлы бес жыл сот жазасын арқалап, Игарка деген ит байласа тұрғысыз өлкеге айдалып кете барады. Бұл 1948 жыл екен.
Нұрекеңнің ауылда аңырап қалған жан жары Дәния шешеміз бетті адам болыпты. Енді ше, өзі атағы атырапқа мәшһүр Жақсы Жәкем – Жаңғұтты бидің тұқымынан, текті жердің қызы! Ол кісі бар бітіргені жетіжылдық оқу болса да сол кезде аудан орталығында әжептәуір қызметтер атқарған. Күйеуінің нақақтан күйген жазықсыз екендігін алға тартып, бұл кісі жоғары жаққа белді буып шағымданады. Аяқ жетер жердегілерге сөзі өтпегеннен кейін, нартәуекел етіп Мәскеудің тура өзіне тартады. Сол кездегі КСРО Жоғарғы Сотының төрағасына дейін жетіп, қабылдауында болған екен. Одан да нәтиже шықпаған соң, «құласаң нардан құла» деп, алып империяны ашса алақанында, жұмса жұмырығында ұстап отырған Иосиф Сталиннің қабылдауына жазылады. Мына құдіретті қараңыз: арада аз ғана уақыты өткенде айдаһар көсеммен кездесуге рұқсат алады! Содан Дәния шешеміз қаһарлы басшының алдында көкіректі кернеген мұң мен зардың тиегін ағытқан ғой. «Қара мысық» операциясын ұйымдастырғанын, бандыны қалай құрықтағанын, енді келіп «жаптым жала, жақтым күйемен» бес жылға жазықсыз сотталғанын екі етегі жасқа тола отырып айтқан. Құданың құдіреті, Дәния шешеміздің зары Сталиннің тас жүрегін жібітіп, мейірімін түсіріпті. Мұртты көсемнің мәселені шешем деуі мұң екен, мұндай боларын күтпеген шешеміз тура сол жерде талып түскен. Өзінің айы-күні жақындап отырған мезгілі екен, тура Кремльдің ішінде толғағы келіп қалады. Сөйтіп, қызық болғанда, сол жерде аяқ-қолын жинайды. Кіндігі Кремльде кесілген сәбидің есімін «Қайсар» деп қояды. Кремль шіркіннің күтімі мықты, біраз жатып шешеміз де өзіне-өзі келген, сәбиі де шираған. Содан Сталиннің нұсқауымен ана мен бала Қарағандыға әскери ұшақпен жеткізіледі. Қарағандыға ұшып келгендерінде мұндағы атқамінерлер тайлы-тұяғы қалмай күтіп алған екен...
Сталиннің айтқаны заң – көп ұзамай Нұржан әкеміз қамаудан босап, аман-есен елге оралады. Қарағанды облысындағы Шет ауданында түрлі деңгейдегі басшы қызметтерді атқарады. 1986 жылы дәм-тұзы таусылып, өмірден өткен. Ал бұдан бір жыл бұрын адал жар, қайсар ана Дәния шешеміз дүние салған болатын.
Кремльде кіндігі кесілген Қайсар Нұржанұлы 1967 жылы Мичурин совхоз-техникумын бітіріп, техник-механик мамандығын алып шығады. Біршама уақыт Қарағандының маңындағы Саран қаласында механик болып істеген. 1969 жылдан Шет аудандық тұтынушылар қоғамында қызметте болады. Бертінде Қарағанды қаласына көшіп келіп, кәсіпкерлікпен шұғылданған. 2015 жылы өмірден өтті. Қайсар Нұржанұлының артында Мадияр, Жасұлан деген екі ұл мен төрт қыз бала қалды. Мадияры қазіргі уақытта Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің бастығы болып қызмет істейді, полиция подполковнигі. Ал Жасұланы марқұм болған. Кезінде Қарағанды облыстық кеден басқармасында жауапты қызметтер атқарған еді.
Таяуда Нұржан баласы Мадияр әкесінің рухына құран бағыштап, ас берді. Осы сауапты істі атқарып шыққаннан кейін Мадиярдан әкесінің Кремльде туғанын айғақтайтын құжаттардың бар-жоғын сұрадым. «Советтік қызыл паспортында «Кремльде туған» деген жазу болатын. Жаңа төлқұжатқа ауыстырғанда заң бойынша деп паспорт үстеліндегілер алып қалды. Оның көшірмесін түсіріп алу ол кезде кімнің ойына келген?», – деп күлді Кремльде туған көкеміздің ұлы.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.