13 Қаңтар, 2016

«Барыстың» қарқыны күшейді

244 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Астананың «Барысы»Өткен дүйсенбіде Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде Тольяттиде жергілікті «Лада» командасымен сынға түсті. Тартысты өткен ойын нәтижесінде астаналықтар 4:1 есебімен басым түсіп, қатарынан бесінші рет жеңіске жетті. Кездесудің бар болғаны 30-секундында қонақтар есеп ашты. «Ә» дегеннен алға ұмтылған «Барыс» ойыншылары Найджел Доустың дәл соққысының арқасында алға шықты. Үзіліске дейін айдын иелері таразы басын теңестірудің амалын тапты. Атап айтқанда, 15-минутта ойыншы басымдығын жүзеге асырған ресейліктер Дмитрий Воробьевтің көмегімен есепті 1:1-ге жеткізді. Екінші кезең тағы да біздің команданың белсенділігімен бас­талды. Нәтижесінде 22-минутта Найджел Доус дубльдің авторы атанды. Соңғы кезеңнің алғашқы минутында «Барыс» ойыншылары есепті еселеді. Бұл жолы көк жолақтың бойынан қарсыластар қақпасын дәл көздеген Брэндон Боченскидің мерейі үстем болды. Арада 4 минут өткенде Доус үшінші шайбасын соғып, хет-трик жасады. Ойынның қалған уақытында есеп өзгерген жоқ. Осы жеңісінен кейін Андрей Назаровтың шәкірттері 72 ұпаймен Шығыс конференциясындағы 7-орнын сақтап қалды. «Барыс» келесі кездесуін бүгін қонақта Ярославльдің «Локомотивімен» өткізеді. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».