Бүгінгі отандық медицина, соның ішінде жүрек қан-тамырлары ауруы туралы елордадағы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының бас кардиологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Шапағат» медалінің иегері Әлихан Жүсіповті әңгімеге тартқан едік.
– Мен сөзімнің бастауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деген мақаласынан өрістетсем деймін. Президент: «Біз көптеген сынақтарға абыройлы төтеп бердік, шынықтық, рухымызды күшейттік. Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы Дала елін құрдық», деп ел деген сөзге ерекше мән беріпті. Бүкіл адамзаттың арманы өз елінің тәуелсіздігі ғой. Біз де сол ұлы арманымызға жетіп, тәуелсіздігімізді алдық. Ұлт деген сөздің өзінде ұлы ұғым жатыр. Ұлтты ұлтшылдықпен шатастыруға болмайды. Қазақта тектілік деген киелі сөз бар. Тектілік бар жерде намыс болады. Намыс болған жерде жұмыс жүреді. Ұлттық сезімі бар адам әр уақытта ұлт ұпайын жібермейді. Мемлекет басшысының ұлт сөзін алға шығаруының арғы жағында осы сезім ұшқыны жатыр. Тектілік қазақта ең жоғары ұғымды білдіретінін кейде естен шығарып алып жүреміз, – деген профессор. – Біз үшін тәуелсіздіктен артық бақ та, байлық та жоқ. Жиырма бес жыл ішінде қазақты төрткүл дүние таныды. КСРО заманында әлеуметтік жағынан дұрыс еді дерміз. Бірақ алда айтқан ұлттық сезім, ұлт тілі – өзгенің бодауында кетті. Тәубе, қазір қазақ мектептері ашылып жатыр. Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бұл оңай келген жоқ. Оған арғы-бергі тарих, өткен ғасырдың соңындағы аласапыран куә деп ойлаймын. Соның біразын көрдік. Тәуелсіздік рухы бәрін жеңіп шықты. Соны әрқайсымыз біліп, аз уақыттағы қиындыққа төзімділік танытуға тиістіміз. Тәуелсіздік – саясаттан өзге әр адамның білімділігін, ойлы болуын, елінің туын – намыс туы деп білуді қажет етеді. Қазіргі заман күштің заманы емес, ойы биік, санасы толық, білімі мықты болуды керек етеді. Сонда бәріне де, өтпелі дағдарысқа да қайыспай төтеп беретін боламыз. Әсіресе, бүгінгі ұрпақ дәуірге қарай техниканы жетік білуі тиіс деп ойлаймын. Сонда өзгеге есесі кетпейді. Кейде біз тәуелсіздіктің қадыр-қасиетін біле бермейтін секілдіміз. КСРО тұсында Мәскеуге бару мәртебе еді. Қазір әлемнің есігі – қазаққа ашық. Қолымыз бұғаудан бос, ойымыз шырмаудан тазарды. Айтарымызды іркілмей айтамыз. Тәуелсіздік жеңіл-желпі іс әрекетпен орнықпайды. Қажырлы еңбекпен іргесі бекиді. Еңбек елдігіңді, Елбасы айтқан «Мәңгі Ел» идеясын бекітіп, Ұлы Дала ұрпағын бет алған биігіне көтереді. Мен елдік, тәуелсіздік ұғымын осылай түсінемін. Өзгелер де осылай бағаласа екен деймін. Бұл бабалар арманы еді. Бабалар арманы орындалды. Енді сол бабалар арманын ұрпақтар санасына сіңіре отырып, елдігімізді баянды ету, тәуелсіздігімізді бекемдей беру міндетін мінсіз атқаруымыз керек.
–
Әлихан Қазақбайұлы, қазақы жан-дүниеңізді, ұлтқа деген ерекше ілтипатыңызды, тәңір нұрындай тәуелсіздікті жоғары бағалайтыныңызды естіп адами капиталға арнаған өмір жолыңыз өнегелі екенін білгендей болдық. Кезінде Алматыдағы Кардиология және ішкі ағза аурулары ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін абыройлы атқарғаныңызды да білетін едік. Жүрек қан-тамырлары ауруының маманы ретінде осы ақау жас ұрпақтың арасында бел алып бара жатқандай көріне ме, қалай?
– Шынында, бейкүнә сәбилердің жүрек сырқатымен өмірге келуі азаймай тұр. Дегенмен, бұрынғыға қарағанда ілгерілеушілік бар. Мен бұл дерттің түпқазығын ана мен әкеге байланысты дер едім. Өйткені, жастар жастық желікпен жүріп, кейбіреулері ерте үйленеді, не денсаулықтарын тексермей, бірін-бірі білмей кездейсоқ отау құрады. Бұл арада мен олардың арасындағы генетикалық жағынан сай келмей қалатынын айтып отырмын. Бұған қоса ауырып жүргенде, яғни инфекция өрістеп тұрғанда сәби пайда болады. Осыдан кейін болашақ баланың болмысында генетикалық өзгеріс орын алады. Ол дегеніңіз не? Біріншіден, алда айтқан артық-кем жағдайлар жүрек ақауының туындауына әсер етпей қоймайды. Оның үстіне бүгінгі замандағы өзгерістер өлшемі де көп мәселеге түрткі болуда. Мен жастардың үйленуіне, әдемі отбасы құруына еш қарсылығым жоқ. Тек олар ертеңгі ұрпақ қамын бүгіннен ойласа болғаны. Көрнекті жазушы Ғабиден Мұстафиннен қалған: «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген бір қанатты сөз осы жерде ойыма оралып отыр. Біз осы аталы сөздің астарына терең мән берсек, дені сау жақсы бала өмірге келіп, оған ұлттық үлгіге сай тәлім-тәрбие берер едік. Оны елемеу жақсы бала тәрбиелеуге әкелмейді. Қайталап айтамын, біз осы мәселеге көп көңіл аударсақ, жүрек ақауымен өмірге келетін сәбиді азайтар едік.
– Бүгінгі кардиология саласы қандай дәрежеде деген сұрақ туралы ой өрбітіп көрсеңіз?
– Менің жастар, олардан өсіп-өнетін ұрпақ жайлы алда қадау-қадау ойды қозғауым тегін емес. Ұрпақ сау болса, қоғам ақаусыз дамиды. Ұлтты сақтайтын ұрпақ, ұрпақ сабақтастығы тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі. Біз ұлттық дәстүрімізді берік сақтай отырып, баба мен бала арасын жалғастырып келе жатқан жұрттың ұланымыз. Осыны естен шығармауымыз керек. Әсіресе, біз секілді алдыңғы толқын өзінен бұрын ұлт ұрпағын ойласа, Отанымыздың іргетасы мықты бола береді.
Енді сұраққа келер болсам, жалпы, әлі де болса жүрек қан-тамырлары ауруларынан өлім мен мүгедектік алғашқы орында тұр. Бұл аурулардың олайша өршуінің әртүрлі себебі бар. Бірден айтайын, басты себебін әлі анықтай алмай отырмыз. Көлгірсіп сөйлеп, ақиқаттан ауытқуға болмайды ғой. Жүрек қан-тамырлары ауруларында қатерлі фактор деген бар. Ол жүрек қан-тамырлары ауруларына негізгі себеп болады. Оның 30-дан аса түрі бар. Қазіргі таңда біздің анықтағанымыз, бірінші, қанның құрамында холестериннің көбеюі, екінші, қанның құрамында қанттың артуы, үшінші, қан қысымының жоғарылауы, төртінші, қимыл-қарекеттің азаюы, яғни жүруді отыра беруге ауыстырып алғанымыз, бесінші, жүйке жүйесінің әлсіздігі, алтыншы, темекі шегу, тағы басқа жат әдеттер. Мұның бәрі жүрекке салмақ салады. Бейнелеп айтсақ, жүректі әдемі тербелісінен жаңылтады, жаныңды жабырқатып, кеселге ұрындырады. Әрине, генетикалық жағын да жоққа шығара алмаймыз. Бірақ бұл әлі толық дәлелденбеген нәрсе. Бір отбасында жүрек қан-тамырлары аурулары болса, ол өзге ұрпаққа жалғасуы мүмкін деген жорамал бар. Мұны да дәл солай деуге келе бермейді. Біздің Отанымызда жүрек қан-тамырлары ауруының жоғары көрсеткіші жылдан-жылға төмендеп, сырқаттардың өмірден озуы азайып келеді. Бір сөзбен айтқанда, жүрек ауруы қазір көп жағдайда қауіп төндірмейді. Тек кешікпеу керек, алдын алу қажет.
–
Сонымен отандық медицина күн санап даму үстінде дейсіз ғой?
– Әрине, мақтанғаным, мақтағаным емес, еліміздегі медициналық қызмет көрсету ісі көптеген елдің үрдісінен қалып отырған жоқ. Жүрек қан-тамырлары ауруын емдеуден тіпті көш ілгері тұрмыз деуге болады. Еліміздің барлық өңірлерінде заманауи клиникалар ашылып жұртқа қызмет көрсету үстінде. Елордамыз Астанада «Ұлттық ғылыми кардиология орталығы» АҚ, өзге де салалар бойынша заманауи техникамен жабдықталған орталықтар, Алматыда іргелі зерттеу мекемелері, біздің аурухана – бәрі де уақыт талабына сай деуге толық негіз бар. Жасалып жатқан оталар – таңғажайып деуге тұрарлық. Мәселен, бұрын жүрек ақауына, қан-тамырға, миға әр кезде ота жасалса, қазір сол ота бір мезгілде орындалып келеді. Жүрек алмастыру ісі де көңіл көншітерлік дәрежеге көтерілді. Жиырмадан аса адам жасанды жүрекпен өмір кешуде. Бүйрек, бауыр алмастыру бойынша да жақсы нәтижелерге жетіп отырмыз.
– Жүрек қан-тамырлары төндіретін қауіптен серпілтетін жақсы көрсеткішке қолымыз қалай жетті?
– Бұл Елбасының нұсқауымен, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің әзірлеуімен Үкімет бекіткен қаулыны бірінші атар едім. Ол отандық медицинада кеңінен қолданылып, өз нәтижесін көрсеткен 2007-2009 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама еді. Бұл құнды құжат кардиология мен кардиохирургияны жетілдіруге жол ашты. Осы бағдарламаны атқаруға 30 миллиард теңгедей қаржы бөлінді. Жалпы, жүрек ақауына 2005 жылдан жан-жақты көңіл бөліне бастады. Бүгінгі өркенді істі сол 2005 жылмен салыстырсаңыз, арасы жер мен көктей болып тұрары хақ. Ол кезде елімізде бар болғаны ондаған ангиографиялық қондырғылар болды. Оған екінің бірінің қолы жете бермегені де ақиқат. Сол секілді жүрек-қан тамырларына стенд қою немесе тарылған қан тамырды кеңейту, жүрекке ота жасау ілуде біреу еді. Шамасы бар сырқаттар шетелге кететін. Олардың баруына біз де мүдделілік танытатынбыз. Қазір бірде-бір сырқатқа мен дәл сол тұстағыдай алыс-жақын шетелге бар деп айтпаймын. Өйткені, олардағы жетістік бізде де мол. Бұған жоғарыдағы Үкімет қаулысы үлкен мүмкіндік жасады. Еліміздің барлық облыстарында ірі коронарографиялық орталықтар ангиографиялық қондырғылармен жабдықталып коронарографиямен стенд қоюға жағдай жасалды. Жүздеген жас мамандар өркениетті елдерге барып, білім жетілдіріп, тәжірибе үйреніп келіп, соны отандастарына тиімді пайдалану үстінде. Сөйтіп, барлық облыс орталықтарында коронарографиямен стенд қоя алатын дәрежеге жеттік. Коронарография жүрек қан-тамырларына арнайы зат жіберіп тексереді. Қай жерде қан тамыры тарылған болса, сол жерге стенд қояды. Стенд дегеніміз – кәдімгі серіппе. Оны арнайы тәсілмен тамыр арқылы тарылған жерге жібереді. Ол барып әлгі тарылған жерді кеңейтіп, жүректің қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мұндайда ота жасалынбайды. Бәрі рентген арқылы қадағаланады. Жүректе қан алмасулар әртүрлі болады. Оң жақ, сол жақ тамырларда екі немесе үш тамыр бекітіліп қалатын болса, ондай жағдайда аяқтың көктамырын алып жалғау арқылы сырқатқа көмек көрсету өз жемісін беруде. Осының бәрі өз елімізде жүйелі атқарылып отыр. Соның нәтижесінде ондаған емес, мыңдаған адамдардың өмірі ұзартылуда. Өлім құрсауынан құтқарылуда. Енді соны қолжетімді ету ісіне бел шеше кірісіп жатырмыз. Алда қатерлі фактор жайлы айттым. Ол әр адамның мәдениетіне, тәрбиесіне, пікір-ойына да байланысты.
Жас ұрпақты қарғадайынан қажырлы, қайратты, жігерлі етіп өсіру үшін жұмыр жүрегіне дерт дарытпау, оның алдын алу – біз секілді дәрігерлердің басты арманы болып тұр. Біріншіден, қай ауру болмасын, адамның жеке ойына, тәрбиесіне, алдына қойған мақсатына байланысты. Біздер жастарға, студенттерге түрлі сауалдар қою арқылы да денсаулықты жақсарту жолдарына зерттеулер жасаймыз. Жастардың бағыт-бағдары айқын, өмірге деген талпынысы мығым, ұмтылысы, құштарлығы, елдің ертеңі өзі екенін түсініп, түйсінсе – ондай ұрпақтың жаны да, жан дүниесі де, жүрек соғысы да қалыпты болады. Ертеңгі табанды да мықты азаматтар солар деп білемін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптамасына ой тоқтатсақ, адам денсаулығының 60 пайыздан астамы өз қолында екен.
– Бұл айтқандарыңыздан ұққанымыз қауқарың барда қадіріңді біл, оны қорға, қорған, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолға түс дейсіз ғой?
– Ойымның дәл үстінен түстіңіз. Қазір түрлі сырқаттар төбе көрсетеді. Соның бірі жастар арасындағы салмақтың артуы, яғни семіздік. Салмақтың артуы неден болады? Бірінші себебі, қимылдың азаюында жатыр. Түрлі техника ой-санамызды «жаулап» алды. Үлкен де, кіші де «темірге» үңіледі де отырады. Сүйегі қатайған үлкенді қойшы, көк балауса баланы айтсаңызшы! Осы күндері олардың жүгіріп жүріп ойын қызығына батқанын, қадалып кітап оқығанын көзіңмен көру қиялға айналып барады. Көзі, көңілі – көзін құртатын, көңілін улайтын техниканың құрсауында қалды. Мен көбінде қоғамдық көлікпен жүремін. Сол қоғамдық көліктің ішіне кірсеңіз де жұрт томсарып, әлгі «өлі» техникаға үңіледі де отырады. Біреулері өзінен өзі жымияды, екіншілері сұрланады... Бұл жүректі тітіретпей қоймайды. Тәңірім-ау, біздің табиғат керемет қой! Соған көз салудан қалып барамыз. Бұл сұлулықты ұқпайтын қасіретке апармай ма? Жыл мезгілдері, қазіргі күн сәулесімен жылтыраған күміс қар қандай керемет! Бұл нені көрсетеді, жасыратыны жоқ, адамдардың ойлау қабілетінің, өзіндік пікір байламының төмендеп бара жатқанын айғақтайды. Осындай ойсыздық, қозғалмай отыра беру ессіз семіруге әкелмегенде қайтеді? Мұндай жағдайда жүрек сыр бермей қоймайды. Орынсыз семіру адамның өмірін 10-15 жасқа кемітетінін айта кетсем деймін. Екінші мәселе, тағам, тамақтану. Әртүрлі жасанды тағам көбейіп кетті. Ол ас арқауы болмайтын, пайдасынан зияны көп тағамдар екенін түсінсек, қане. Бұл алда айтқан семіздікті көбейтіп отыр. Қазіргі таңда салмақты адамдар АҚШ-ты «жаулап» алды десе де болады. Халықтың 50-60 пайызы «салмақтылар» көрінеді. Бұл қалай, неден деп ұлттық бағдарлама жасап, семіздікпен күрескелі де біраз уақыт болып қалды. Біз мұндай семіздіктің астарында сапасыз тағамдар жатыр деп батыл айта аламыз. Сақтансақ қор болмаймыз.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев табиғи таза тамақ біздің Қазақ елінде екенін айтқан еді бір сөзінде...
– Президенттің ол айтқанынан мен де хабардармын. Ұға алсақ айдай ақиқатты алдымызға жайып салды. Көрінгеннің қызылына жығылмай, бағалай алсақ біздің ұлттық тағамдар – табиғаттың төл туындысы. Сапасыз тамақ деген не? Ол біріншіден, жасанды май қосылған тағамдар, екіншісі, тәтті сусындар. Осыны біз енді түсініп, қарсы күрес бастадық. Мектептердің асханаларына апарылатын тәтті сусындарға шектеу қойыла бастады. Кей жерлер мүлдем жолатпауға көшті. Мұны құптауға тиіспіз. Сондықтан да біз Елбасы айтқан ұлттық таза тағамдарымызды, ұлттық мәдениетімізді, дәстүрімізді, ұлттық мінезімізді жоғалтпауымыз керек. Өкінішке орай, кей жағдайларда осы құндылықтарымыздан қол үзіп бара жатқанымызды да айта кетсем артық болмас. Оның арты опындырып жүрмесе екен.
Ұлттық үлгі деген не? Бұл біріншіден, адами қарым-қатынас. Осының ішіне мәдениет, ұлттық тәрбие, үлкенді сыйлау, үлкеннің кішіге кісілігі, ерді әйелдің, ердің әйелді сыйлауы – бір сөзбен айтқанда, ғасырлар бойы өлтірмей, өшірмей келе жатқан халықтық өнегеміздің қасиетін ұғу. Мен бұл ұлттық үлгілерді неге тарата айтып отырмын. Жүрек ауруы ұлттық үлгіден шыққан жерде көп пайда болатынына өз басым көз жеткізіп жүрмін. Сол үшін ұлттық дәстүрді өзіміз ғана ұлықтап қоймай, кейінгі ұл-қызға бойтұмар етіп, ойы мен бойына сіңіру керек. Осы асыл құндылықтардан қол үзу – адам мінезін өзгертеді, ашушаң етеді. Мінезің өзгеріп, ашушаң болсаң, жүрекке батпандап жүк артасың. Қара күш иесі болу, төңірегіңе адами көзбен қарамау, өзім ғана білем деу – бұл бір қарағанда жөн секілді болғанмен, айналасындағылардың жүйкесін жұқартады. Бұл алда айтқан мәдениетсіздіктің бір көрінісі. Мұндай қылық бірте-бірте әртүрлі аурулардың өршуіне әкелмей қоймайды. Соның бірі жүрек қан-тамырлары ауруы дер едім. Жаратылысы бөлек жұдырықтай жұмыр ет, нәзік қылдай тамырлар мәдениетсіздікке шыдас бермейді. Бір күні «сыр» ашады, бұлқынады, «атылып та» кетеді. Темірді де тот басады, тозады емес пе?!
Жүрек кеселін тудыратын тағы бір қатер, қан қысымының көтерілуі. Қазір бұл сырқат көп жұрттың мазасын алып жүр. Мұның да астарынан қимылдың азаюын іздесек қателеспейміз. Қазір үлкенді қойып, баланың сіркесі су көтермейді. Қой десең жылайды, бұлқан-талқан ашуланады, өзге де қылықтар көрсетеді. Сөз тыңдайтын, сөзге тоқтайтын адамдар азайып бара жатқан секілді. Бұл ой мен мінездің, мәдениеттің кемшілігін, өзін сыйлау, өзгені құрметтеу, өмірдің мәнін ұғыну, адами қасиеттің, адами «құлшылықтың» кеміп бара жатқанын көрсететін тәрізді. Осының бәрі жүрек қан-тамырларына әсер етпей қоймайды. Жүрек сезімтал ғой. Сен түсінбегенді ол түсінеді, бұлқынады, жұлқынғанда тайдай тулайды, кеудеңді жарып шығардай дүрсілдейді. Сырқат осыдан пайда болады. Қайталап айтамын, жүрекке мінез де, семіздік те салмақ салады. Ғылыми ізденістерге қарағанда, жүрек қан-тамырлары ауруларын туғызатын факторлар не дегенге берер жауабым бірінші, ас тұзын артық пайдалану, екінші, жағымсыз майлардың көп қолданылуы, үшінші, тәттінің молдығы, әртүрлі жасанды тәттілердің жиі дастарқаннан орын алуы – бұлар қант құрамындағы зат алмасу процесін өзгеріске ұшыратады. Жағымсыз май қосылған тағамды қолданған адам ағзасында холестерин көбейеді. Қарапайым тілмен айтқанда холестериннің де түр-түрі бар, жағымды, жағымсыз холестериндер. Бұл пайдаланатын майға тікелей байланысты. Егер май жеңіл сіңсе, ауруға ұшыратпайды. Жеңіл май, яғни ондай тағам халқымыз ежелден қолданып келе жатқан жылқы еті дер едім. Әсіресе, жас жылқының еті өте тиімді. Ауыр тиетіні қой еті, сиыр еті. Жалпы, жылқы еті сіңімді. Жағымды май түйіршіктері өте көп. Тағамды артық ішу де, талғамай жеу де денсаулыққа зиянды.
Біз жүрек қан-тамырлары ауруларын азайтамыз десек, ұлттық тағамға көшіп, жоғарыда айтқан жасанды сусындардан, тәттілерден арылуымыз керек. Жан мен тәннің шипасы жылқы, ешкі, сиыр сүтінде, қымыз бен шұбатта, бір сөзбен айтқанда табиғи тағамдарда. Бұл тағамдар өзге тағам құрамындағы жағымсыз майларды жойып отырады. Мұны біз ашқан жаңалық дей алмаймыз, ата-бабаларымыз оны баяғыда білген. «Ішегің ағарады, ақ іш», деген сөздің арғы жағында керемет тағылым жатыр. Ақ ішсең тазарасың деп тұр. Аурудың алдын осылай алып отырған. Жүрек ауруына тосқауыл қоятын бір тәсіл, ол – алда айтқанымыздай, үнемі қимыл үстінде болу. Жапондық әріптестер осыдан бірнеше жыл бұрын адам күніне 7 шақырым жер жүру керек десе, енді оны 10 шақырымға созып отыр. Бұл ұсыныстың арғы жағында таза ауамен қалай дем алсаң, тамақты қалай ішсең, жүру де міндетіңе жатады дегенді білдіреді. Осыны орындаған адам өз салтына, салмағына, денсаулығына жағдай жасайды. Қай жерде жаяу жүрген жөн. Мүмкіндік болып жатса, өзен жағасында, көлік жүрмейтін бау мен бақ арасында серуендеген тиімді. Мен кейде жол бойында жүгіріп жүргендерді көріп қаламын. Одан еш пайда жоқ. Өзің алқынып келе жатып, таза ауаның орынан ластанған улы газды жұтасың. Мұның зияннан басқа пайдасы қайсы? Бұл айтқандардың бәрі артық ақылсыз әр адамның қолынан келетін, мән берсе орындалатын іс. Мұндай іс ойы дұрыс, денсаулығы мықты азаматтарды қалыптастырады.
Жүрек қан-тамырлары ауруларының пайда болуына жеке адамның бойындағы жағымсыз қасиеттер де әсер етпей қоймайды. Ол қандай қасиеттер? Көреалмаушылық, көрсеқызарлық, дүниеқоңыздық, қызғаншақтық, сараңдық – бұлар жүрекке инедей қадалмай қоймайды. Осындай қылықтан аулақ жүрсең, жүрек бүтін болады.
Мен жат әдеттен алдымен жастарды сақтандырсам деймін. Олар бәрін бір күнде оңай ала қойғысы келеді. Басына үй, астына мәшине, сұлу жар, ақылды бала – бәрі көз алдымда тұра қалса дейді. Бола қоймаса қиналады. Ол жас жүрекке әсер етпей қоймайды. Оның бәрі еңбекпен келетінін алдын ала ойыңда бекіту керек. Мойыныңмен көтеріп, бастан өткізсең жүрек те шыдас береді. Кейде бақ пен байлық та жүрекке күш түсіреді. Мен біраз өмір көрген адаммын. Қазір уақыт өзгеріп келеді. Оны біреу түсінгенмен, біреу түсіне қоймайтындай. Елбасы жаңа Жолдауында, соңғы мақаласында елдік туралы көп айтты. Мені оны аталы сөз деп түсінемін. Президент секілді біз ақиқатты айта алмай жүрміз. Көзі ашық адамдардың өзі шындықты жеткізуге ұмтыла қоймайды. Өтірік айтып, көлгірсуден еш нәрсе шықпайды. Шындықты айтқан ел әр уақытта бақытты болады. Елбасының 5 институттық реформа туралы айтқан ойларында терең мағына жатыр. Біз оған кейде үстірт қарап, сөзбен айтып өте шығуға тырысамыз. Жоқ, әрқайсымыз адал іспен үлес қосуымыз керек.
– Медицина кадрларын дайындау туралы байламдарыңыз қандай?
– Кадр дайындаудан кемшіліксіз емеспіз. Бізде реформа көп. Білім негізі мектепте деген сөздің арғы жағында айдай ақиқат жатыр. Мектепте мықты білім берсе, мықты маман өсіп шығады. Мәселен, дәрігер кім? Кім дәрігер бола алады? Осыған жауап іздейікші. Дәрігер болатын адам өзінің ой қабілетімен, мінезімен, бала кезінен дәрігерлік жұмысқа бейімделуі керек. Кездейсоқтықтан кемел маман шыға қоймайды. Оның үстіне дәрігерге – адам тағдыры сеніп тапсырылған маман иесі. Оның мойнына бес батпан жауапкершілік артылған. Ең қиын оқу білген адамға медицина саласы. Оған атүстілік, немқұрайлылық, салақтық, бүгінгі істі ертеңге қалдыру жат. Жақсы дәрігер болу үшін адамды сүюің керек. Адамды сүйген адам жақсы дәрігер бола алады. Ал өмірдің әртүрлі соқпағымен, мамасы мен папасының жетегімен жеткендер көбіне «қатырма қағаз» иесі болып қалуда. Біздің кезімізде оқығандар – мен дәрігер боламын деп бекінгендер еді. Көбі қызметін ауылдан бастайтын. Өмір көре жүріп өсетін. Соңғы заңдық күші бар құжатта мемлекеттік грантпен оқығандар ауылда 3 жыл қызмет етуі тиіс, яғни Отан алдындағы қарызын өтеуі керек. Бұл өте дұрыс, қолдаймын. Әсіресе, қала баласы ел жайын білетін болады.
Медициналық оқу орны экономикасы көтеретін жерде, өңірде болуы керек. Жақсы дәрігер дайындау үшін жағдай жасалуы тиіс. Оқытушы мен кітаптан алған білім жеткіліксіз. Теория мен тәжірибе ұштасып, бірін-бірі толықтырса, оқығанды өмірден көріп, қолмен ұстаса ғана мықты кадр қалыптасады. Бізде қазір денсаулық өз алдына, білім өз алдына бір әлем болып кетті. Тіпті, кейбір ауруханаларға студенттер кіре алмайды. Жасалып жатқан отаға қатыстырылмайды. Мұндай жағдайда жақсы кадр дайындадық деуге бола ма? Кей тұста теория мен тәжірибе таразының екі басындай екенін ұмытамыз. Біз үшінші курстан бастап медбикелік тәжірибеден өткенбіз. Дәрігер болу үшін жақсы медбике болуың керек дейтін. Төртінші, бесінші курста дәрігер жанында жүріп ауруларға ем жасай бастадық. Қазіргі жоғары курс студенттері дипломнан кейін де отаға қатыстырылмайтын жағдайлар бар. Мұндай олақтықтан құтылудың жолы қайсы дегенге келсек, әрбір оқу орнының өзінің клиникасы жұмыс істеп тұрса, болашақ дәрігер алған теориялық білімін тәжірибеде орнықтырар еді. Елімізде клиникасы бар жоғары оқу орындары санаулы. Қазір осы мәселені шешу қолға алынып жатыр. Мен бұл болашақта өз нәтижесін беретініне сенімдімін.
– Малай елінде аккредитациядан өтпеген дәрігерді адам емдеуге жібермейді екен. Сіз бұған не дейсіз?
– Қолдаймын. Жауапкершілікті сезіну үшін ол керек. Қазір білім берумен де, ғылыми зерттеумен де айналысатын университеттер құрылып жатыр. Дамыған елдер осыны жүйелі жүргізіп табысқа жетіп отыр. Медицинада үш бірлік деген ұғым бар. Ол – білім – ғылым – практика. Осы үш бірлік берік ұштасқан жерде ұлттық медицинаның өкілдері заманға сай қызмет етеді.
Жаңа талап бойынша енді үш үлгі қалыптасады. Ол – дәрігер – ғалым – ұстаз. Еуропа елдерінде осы жүйе орныққан. Біз де бұған ден қойдық.
Ендігі жерде дәрігерге қойылатын талап – ол мықты психолог болу. Табалдырықтан жаны қиналып аттаған әр адамның ішкі дүниесін ұғу, жылылық таныту басты парызы болуы тиіс. Келген адамның сөзіне терең мән бермей қағаз жазып, әр кабинетке жүгірту – жақсы дәрігердің жұмысы емес. Дәрігердің жүзінен мейірім шуағы есіп тұру қажет.
Мен алдыма келген адаммен жылы сөйлесіп, сырқаттың жайын сұрап, одан кейін тексеріп, емдеу жолын айтамын. Егер сырқаты ойлануға тұратын болғанда ғана техникалық құралдардың көмегімен тексерілу керектігін түсіндіремін.
Жалпы, алдына келген адаммен тіл табысқан дәрігер жұрттың қалаулысы болады.
Адамның өмірін ұзартатын көп жағдайда адамгершілік. «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, мен жас дәрігерлерге дәйім осыны айтып отырамын. Осы ой бөлісудің астарында ұлттық үлгі, азаматтық пен адамдықты желі етіп тартып ой қозғаудағы ниетім елдік береке-бірлікке ұю еді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».