Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің конституциялық міндеті бойынша осымен 20-шы рет Қазақстан халқына Жолдауын арнапты. Бір көңіл аударарлық тұс бұған дейінгі Жолдаулардың бәрі де кезінде халық көкейінен шыққан жоспардай іс еді. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашанда қоғамның, заманның, соған сәйкес мемлекеттің алдында тұрған мәселелерді күні бұрын көріп-біліп соған сәйкесті ғылыми негізді әрекет ету бағдарламаларын ұсынуды өзінің әдеті еткен. Бір риза боларлық тұс сол Жолдаулардың барлығында дерлік Елбасымыз жастарға қамқорлықты әрқашанда бірінші мәселе етіп күн тәртібіне шығаратын. Соның нәтижесіндей, бұл күндері Қазақстан Республикасы білім беру саласының жаңа заман техникасымен жабдықталуы посткеңестік аумақта алдыңғы орында делініп жүр. Барлық жоғары оқу орындары түгіл орта мектептердің өздері де компьютерлендірілген. Көбісі ғаламторға қосылған. Біраз бөлігі интерактивті тақталардың игілігін көреді. Жалпы білім беру саласындағы бағдарламалар өз нәтижесін осылайша беріп жатыр деуге болады. Бұлардың бәрі де бүгінгі өміріміздің ақиқаты және Көшбасшысына халқы рахметін айтып еске алатын істер.
Біздер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушы-профессорлар ұжымы ректорлық қызметке бізге дейін педагогикалық мамандар даярлайтын жоғары оқу орнында жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған педагогика ғылымдарының докторы Серік Пірәлиев келгеннен кейін білім ордасы негізінен ұстаздық мамандыққа жастарды оқытып тәрбиелейтіндіктен, әрқашанда белгілі бір танымал тұлғаны, қызметі мен елін және халқын көркейткен тұлғаны жастарға өнеге ретінде ұсынуды дәстүрге айналдырдық. Осындайда мінеки 25 жылдан астам уақыттан бері біздер мысалды алыстан іздеп жатпаймыз. Өйткені, Тұңғыш Президентіміздің әрбір жылғы Жолдауы өміріміздің ғылыми негізді жоспары болып шықты. Ал қызметінің нәтижесіне қарасақ, нағыз өнегенің өзі. Демек, біздер профессор-ұстаздар ұжымы әрқашан да ұлтымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты жастарға үлгі-өнеге ретінде ұсына отырып, Елбасымыздың егемендік алғаннан бергі кезең ішінде не тындырғанын талдап-талдап берсек, нағыз жастарды баурайтын өмір мысалы сол. Ал әңгімені әріден бастасақ, Нұрсұлтан Әбішұлының қарапайым ауылда туып-өскен және ауыл мектебінде білім алған, кейіннен металлург мамандығын меңгеріп, болат балқытушы болғанын, сөйтіп, сол жұмысынан бастап үнемі қызмет бабында жоғарылап отырғанын әңгімеге арқау етсек, онда жастарымыз ұйып тыңдайтын бір ертегідей болмыс ақиқатын әркімнің көз алдына әкелгендей әсер етеміз.
Иә, Нұрсұлтан Әбішұлының өмірбаяны ертегіден емес, тек қиындықтармен күрестен және сол күрестегі жеңістерден тұрады. Ал егемендікті жариялап Тәуелсіз Қазақстан Республикасының шаңырағын көтергеннен бергі бұл тамаша тұлғаның тындырған ісі бізді ғана емес, төрткіл дүниені түгел қызықтыратын бір ғажайып болып шықты. Олай дейтінім, егемендікке дейін қазақтарды, Қазақстанды әлемде білетіндер мүлде аз еді. Ал қазір бізді білмейтіндер кемде-кем. Солардың көбісі қазақтарды, Қазақстан Республикасын, оның Көшбасшысын асқан ризашылықпен әңгімелейді. Мұның бәрі Нұрсұлтан Әбішұлының президенттік қызметі ғылыми негізді болғанын дәлелдеп тұр емес пе?!
Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанда еліміздің болашағынан күдер үзетіндей болжамды Батыс сәуегейлерінің талайлары жариялаған болатын. Өйткені, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мамыражай ел ретінде көрсетілетін Кеңестер Одағы деп аталатын державаның Алматы қаласында орын алғаны әлемге айқын. Ал Алматы – қазақтардың, Қазақстанның астанасы. Наразылықты туғызған Кремльдің шешімі еді. 300 жылдан астам уақыт бойы осы Кремльден шыққан бұйрықтарға бағынып келген қазақтар бой көтерді. Міне, гәп неде?! Сонан соң Жаңаөзендегі оқиға тіркелді. Осындайлардың алда болу мүмкіндігі Батыс сәуегейлеріне жоғарыда айтқандай болжам жасатты. Себебі, біздің қалаларымыздың тұрғындары арасында қазақтар мейлінше аз, кірме ұлттар көп болатын. Мұның бәрі, әрине, шетелдіктерге белгілі жайт.
Ақиқат осындай, болжам да дұрыс секілді. Бірақ ақиқат қандай болса да, сәуегейлер болжамы дұрыс болмай шықты. Оны болдыртпай тастаған Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел басшылығы. Егемен елдің Ата Заңын бүкілхалықтық референдум арқылы талқылап қабылдаған кезде тағдыр талайымен Қазақстанға келіп орнығып қалған баршаға тең құқылық заңдастырылды. Бір де бір ұлтқа немесе ұлысқа кемсітушілік болған жоқ. Осының өзі-ақ Көшбасшының кемеңгерлігін көрсетсе керек. Сонан соң Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Осы құрылым арқылы еліміздегі әр ұлтты «өкпелемейтіндей» деңгейде басқарып, бір мақсат, ортақ мүддеге жұмылдырып жұмыс істеу өз нәтижесін берді. Көшбасшымыз әрқашан да біздің барлық жетістіктеріміз ішкі тұрақтылығымызда дегенді жиі айтады. Бұл да білімділік, білімді істің жемісі екені даусыз.
Осылайша, өзі гиперинфляция мен алапат рецессия, жаппай жұмыссыздық жағдайында құрған егемен Қазақстан Республикасын бас-аяғы 25 жыл ішінде әлем толық мойындаған және құрметтейтін дүниежүзінің алдыңғы қатарлы 50 мемлекетінің сапына шығарды. Бұл «Қазақстан-2030» даму бағдарламасының бергені. Қазір Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік Давос форумының рейтингі бойынша 42-ші орында және Халықаралық валюта қорының бағамы бойынша елде кәсіпкерлікке жол ашу деңгейіне орай 41-ші орында нық тұр екен. Егер әлемде Дүниежүзілік сауда ұйымының өзіне мүше елдердің саны 162 болса, онда біздің мәртебеміздің қандай екенін оймен болжауға болады. Мұның бәрі, әрине, көреген және кемел Көшбасшымыздың ғылыми негізді қызметінің нәтижесі. Біз оқытушы-профессорлар ұжымы студент жастарымызға өміріміздің осы тұстарын үнемі нақты мысалдармен өрнектеп түсіндіруді жолға қойдық.
Жоғарыда айтып кеткенімдей, біріншіден, Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашанда, тіпті жағдайдың қиын кезінің өзінде жастарға қамқорлық жасауды, сондай-ақ, ішкі тұрақтылықты сақтауды басты мәселе ретінде қарастырып келді. Оның дұрыс болғанын бүкіл өміріміздің мысалдары дәлелдейді. Ал өзінің Жолдауында Көшбасшымыз сол ұстанымын жалғастыра түсіп былай деген екен: «Қазақстанның жас азаматтары! Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда». Осынау шағын ғана сөзде қаншама ой айтылған! Ең бастысы, жастардың бүгінін олардың болашағымен сабақтастыра сөйлеу Елбасының Жолдауындағы ұтымды тұс. Әркімнің болашағы жұмыс істеп жүрген жеріндегі мамандығын қаншалықты меңгергендігі деңгейімен өлшенеді. Білікті маман әрқашан да бағалы. Осыны өз өмірінің мысалдарымен дәлелдей отырып, жастарды мамандықтың бәрі жақсы, тек соның шебері бола біліңдер, жұмысшы мамандықтарын жете меңгеріңдер деу Мемлекет басшысының жастарымызға айтқан әкелік қамқор ақылы емес пе?! Жолдаудан кейінгі уақытта студент жастарымызбен болған әңгіме-сұхбаттарда олардың Елбасы Жолдауындағы осы тұсқа ерекше назар аударғандығын аңғардық. Демек, Көшбасшымыз тағы да көкейден шыққан өміршең ойды айтып тұр.
Бұл жолғы Жолдаудың бұған дейінгілеріне қарағанда айырмашылығы – қазақстандықтардың барлығын тегін кәсіптік мамандыққа оқыту жайлы атқарушы билікке берілген нақты тапсырма. 2017 жылдан бастап бұл тапсырма өмірімізде орын алуы тиіс игілік болмақ. Көңілді тоғайтып, қуантатын да тұс осы. Олай дейтін себебім, жасыратын несі бар мектеп бітірушілердің бәрі бірдей жоғары оқу орындарына түсе алмайды. Университеттер жастарымыздың 30 пайызын ғана мемлекеттік грантпен оқытып жүрген шығар. Қалған біраз бөлігі ата-анасының күшімен ақылы бөлімдерде оқиды. Ал ата-аналарының қолында ондай қаржы жоқтары мүлде бос қалады. Құқық қорғау органдарының кейбір мәліметтерінде елдегі қылмыскерліктің денін жастар жасайды делінген ақпарат кездеседі. Бұған қарсы пікір айту мүмкін емес. Өйткені, «жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп ұлт ұстазы Абай бабамыз айтып кеткен. Жастарға да кінә қоя алмайсың. Орта мектептер кәсіптік білім бермейді. Яғни, 18 жастан кейін бос қалған жастарда белгілі бір мамандық жоқ. Сондықтан оларды жұмысқа қабылдау қиын мәселе. Мінеки, Президентіміздің бұл Жолдауындағы осы бір атқарушы билікке берген нақты тапсырмасы бойынша ғана еліміздің көптеген тұрғындары қуанышқа бөленіп жатыр деуге толық негіз бар. Себебі, олар мамандыққа тегін оқытылады.
Өз Жолдауында Елбасымыз «2050» Стратегиясы және «Нұрлы Жол» бағдарламасы одан әрі жалғасып, өмірімізге ақылды экономика дендеп енетінін баса айтты. Яғни, Қазақстан шикізат аймағы болудан үзілді-кесілді бас тартып, инновациялық индустриясы бар державаға айналуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде осы бағдарламалар бойынша елімізде жұмыс істеп жатқан жаңа өндіріс орындары бұрын-соңды көрмек түгіл, естіп білмеген тауарларды шығара бастады. Олардың біраз бөлігі ішкі сұранысты қамтамасыз етіп, импорт алмастырғыш қызмет атқарса, енді біраз бөлігі экспорттық әлеуетке ие. Алда осындай қаншама өнеркәсіп нысандары мен инфрақұрылымдар өмірге келетінін көз алдыңызға елестету қиын. Ал ол мемлекет жоспарында бар. Шамамен 600 мыңдық қазақстандық жаңа жұмыспен қамтылмақ екен. Олардың бәрі де интеллектуалдылығы жоғары өнім шығарады. Демек, мұндағы жұмысшылардың өзі білікті маман болуы керек. Қазіргі жастарымыздың бір бөлігі, жоғарыда айтып кеткенімдей, өздерін өздері мамандықтары жоқтықтан жұмыс берушіге өткізе алмай жүрсе, енді олар мұндай кедергі болмайтынына сене берулеріне болады. Мемлекет басшысының әкелік қамқорлығы деп осыны айт!
Иә, Нұрсұлтан Әбішұлының жастарға қамқорлығын осынау тау тұлғаның егеменді республиканы құрудан бастаған қызметінің алғашқы күндерінен бері көріп келеміз. Мұнымен «Нұр Отан» партиясының ядросы болған, Нұрсұлтан Әбішұлының алғашқы сенімді серіктестерінің бірі, иманды болғыр Тоқмұхаммет Садықовтың көмекшісі қызметін атқара жүріп, талай сезіндім. Қазір өзім де осы проректорлық қызметіммен қоса, «Нұр Отан» партиясының Алматы филиалында бастауыш ұйымның жетекшісі ретінде елді өркендетуге арналған Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалары мен Жолдауларын партияның қатардағы мүшелеріне және жалпы ұйым орналасқан аумақтың қарапайым тұрғындарына түсіндіру ісімен айналысамын. Осы қызметім бойынша мен жастармен ғана емес, ересектермен де, біздің оқу орнынан тысқары жерде жұмыс істейтіндермен де жиі ұшырасып әңгіме-дүкен құрамын. Сондайда біздер әдет бойынша олардың Қазақстан дамуына, атқарушы билік қызметіне көзқарасын білу мақсатындағы сұрақтар қоямыз. Міне, осы сұрақ барысында алатын жауабымыздың дені жастар мен жалпы отандастардың Президент Н.Ә.Назарбаевтың бағдарламалары мен нақты қызметіне ризашылығы болып жатады. Ал мына соңғы Жолдауды халыққа түсіндіру барысындағы кездесулерімізде олардың ерекше қуанышты көңіл күйлерін анық аңғардық.
Қысқасы, Қазақстан көп ұзамай-ақ жалпыхалықтық еңбек алаңына айналады. Еңбек бар жерде зейнет бар. Жолдау бізге осылай дегізеді.
Жанатбек ІШПЕКБАЕВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры,
«Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының жетекшісі.
АЛМАТЫ.