«5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында ел мен қоғамды дамытудың басты басымдықтары атап көрсетілді. Елбасы тарихымыздағы бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдау маңыздылығын алға тарта отырып, ХХІ ғасырда көшбасшы отыз елдің бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашып отыр. Бүгінде барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған арманымыз орындалып, Қазақстанды Отаным, қарашаңырағым деп есептейтін, бойындағы күш-жігері мен сүйіспеншілігін тұтас халықтың мақсат-мүддесіне арнаған көпэтносты қоғамымыздың берік тіні – бірлік, ынтымақ. Ширек ғасыр бедерінде жаңа технологиялар өндірістің барлық буындарына енгізіліп, инвестициялар тартуға қолайлы мүмкіндіктер туғызылды. Бәсекеге қабілеттілік қарымын арттыру мақсатымен индустриялық-инновациялық дамудың ауқымды кешенді бағдарламасы қабылданды. Нәтижесінде экономиканың нақты табыстары өсіп, ұлттық байлығымыз бен қауіпсіздігіміз сенімді түрде қамтамасыз етілді.
Бүгінгі көрсеткіш ертеңге меже емес. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанын жария ете отырып, бес институттық реформаны ойдағыдай орындауға жұмылдырудың серпінді қадамдары мемлекеттік биліктің өкілетті, атқарушы тармақтарына баса жүктелді. Қаржылық дағдарыстың күшті ықпалын сезініп отырған қазіргі кезеңде экономикалық және азаматтық белсенділіктердің барлық тетіктерін іске қосудың мәні зор. Сол себепті бірінші реформа мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталып, бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. Мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастырып, тек мемлекеттік жүйе ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, алдын алуға бағдарланған жүйе жаңғыртылады. Осылайша, мемлекеттік қызметтің жаңартылған моделі негізінде адамдардың ой-санасында қоғамды жегі құрттай жеген мерезді ауыздықтауға болады деген берік сенім орнығады. Кейбіреулер заң осал деп жатады. Тәжірибеге сүйенсек, мүлдем олай емес. Мәселе, қолданыстағы заң актілерінің толық күшінде пайдаланылмауында. Енді мансаптық сатының әр баспалдағында мемлекеттік қызметші кәсіби жарамдылығын дәлелдесе ғана қызметі өрге баса алады. Мемлекеттік қызметке орналасуда қағидатты нормалар басшылыққа алынып, мүлтіксіз орындалатын болады. Сонымен қатар, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі біліктілік пен атқаратын жұмыс сипатына, көлемі мен нәтижесіне байланысты заңдық тұрғыдан бекуі, аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлеу қарастырылуы кадр саясаты саласындағы жаңғыртулар болып табылатыны анық.
Екінші реформа бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде құқық тәртібін нығайтуға, заңдарды орындау тәртібін қатаңдатуға ерекше басымдықтар берілген. Оның ішінде сапалы судьялар корпусын құру көзделген. Қарапайым жұртшылық үшін сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне көшудің тиімді жақтары көп. Ең бастысы, талапкерлердің әуре-сарсаңы азаяды, жергілікті инстанциялық соттардың жауапкершілігі мен рөлі күшейтіледі. Өзгелер тарапынан судьяларға қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі барынша азайтылып, адамдардың әділ сотқа деген сенімі күшейеді.
Реформалар табысы ұлт бірлігіне бастайтын бірден-бір жол екенін Елбасы айрықша атап көрсетті. Әлемнің дамыған мемлекеттері осы үрдісті бағдар етеді. Бірыңғай экономикалық, саяси, мәдени тәртіппен өмір сүреді. Жеке адам мен қоғамның бірлігі ажырағысыз. Қазақстан да осы жолмен келеді. Қазақстандықтардың азаматтық біртектілігі мен біртұтастығын нығайтуға бағытталған төртінші рефоманың мәні бірлік жолын дәйектілікпен қалыптастыру болып табылады. «Ел» сөзінде үлкен біріктірушілік күш барын, барлық уақыттарда да туған жер қазақстандықтар үшін ең жақын және өзіне тартушы құндылық болып қала беретінін айтудан Елбасы жалыққан емес. Өйткені, Мәңгілік Ел идеясының түп-төркінінде болашаққа деген жалпыхалықтық сенім күші жатыр.
Облыстың дамуына нақты үлестерін қосып келе жатқан халық қалаулылары Мемлекет басшысы қандай асқаралы міндеттер жүктеп отырғанын жақсы түсінеді. Бүгінгі таңда депутаттардың 60 пайызы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің өкілдері. Олардың арасында “Зенченко және К” КС директоры Г. Зенченко, “Бабық Бұрлық” ЖШС-нің басшысы С.Махметов, “Якорь” ЖШС-нің жетекшісі В.Очеретенко, тағы басқалары өздерінің әлеуметтік міндеттемелеріне адал. Тұрақты комиссиялар мүшелері қабылданған бағдарламалардың орындалуын жүйелі бақылап отырады. Көшпелі отырыстарда жұртшылықты толғандырған көкейкесті мәселелердің шешімі назардан тыс қалмайды. 2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджетке төрт рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қосымша қаражат әлеуметтік салаларға тартылды. Тұрғындармен тұрақты жұмыс жүргізу депутаттық қызметтің бір бағыты деуге болады. Осы орайда К. Мұсырман, Ә.Шөкенов, Қ.Бишімов, С.Леонтьев, Г.Илдырымов, П.Мелашенко сияқты депутаттар сайлаушылар аманаттарын абыроймен арқалап жүр. Олардың әр ісі сайлаушылардың мұң-мұқтаждарын шешуге, қайырымдылық көмек көрсетуге, өткізіліп жатқан акцияларға қатысуға бағытталған.
Ұлт Жоспарында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту, селолық округтер негізінде әкімшілік-аумақтық бірлікті күшейту жолдары қарастырылған. Бұл іске барлық деңгейдегі халық қалаулылары белсене қатыстырылып, өкілеттілігі күшейтілері сөзсіз.
Елбасы Н. Назарбаев өз мақаласында ел дамуының ұзақ жылдарға арналған басты қағидаттарын белгілеп берді. Халық қалаулыларының міндеті – оның тиімді орындалуына өз үлестерін қосу.
Қайырлы ЕДІРЕСОВ,
облыстық мәслихаттың хатшысы.
Солтүстік Қазақстан облысы.