– Алло!– Алло! Бұл кім?– Кімді іздедің?– Таныдың ба?– Жұлдыз ба едің?– Иə, сенің жұлдызыңмын,Жан ашпаған сырды іздедім.– Кешіріңіз! Кім едіңіз?– Бір сұлудың тірегіміз,Əзір бойдақ, басымыз бос…– Бос орынға гүл егіңіз!
Соңғы кезде түсірілген клиптердің ішінде әзілі де, мәні де, әдемі сюжеті де бар «Алло» көптің көңілінен шыққаны даусыз. Бір жағынан ақбоз атты ханзадасын күткен бойжеткен туралы ертегіге де ұқсайтын бейнебаянда бәрі бар. Ауылдың аруы мен қаладағы жұлдыз жігіттің ұялы телефондағы ән-диалогынан жастық, сұлулық, армандар мен махаббат та табылады. Көзге оттай басылатын таныс суреттер әншілерімен қосылып, қазіргі бозбала мен бойжеткендердің бүкіл тілектерін әлдилейді. Қысқасы, қазіргі заманның ертегісі.
Не десек те аяқталған жылда Серік Ибрагимовтің орындауындағы «Жаяу», Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғалова салған «Сен мені түсінбедің», Бейбіт Көшқалиев айтатын «Қайтесің өзгені», «МұзАрт» тобының «Жеңешем» әндерімен қатар «Алло» да оп-оңай хитқа айналды. Неге?
Өйткені, мағынасыз жылауық әндерден жалыққан тыңдарманға сөздері құлаққа қонатын, сазы ойнақы «Алло» ұнап тұр. Аталмыш әнге көп ұзамай түсірілген клип те шындыққа жанасады. Романтика бар. Анайылықтан ада.
Сонымен, клип тыңдармандарына жол тарта салысымен әлеуметтік желідегі белсенді қауымның пікірлері көбінесе «Әннің авторлары кім екен? Жылауық әндерден шаршаған, естігісі келмейтін адамдарға жақсы екен». «Бейнебаянның өзі де қандай жақсы! Өмірден ойып алған бір көріністей екен шынымен». «Әні де, сөзі де ұнады. Тек «Кел, сырласайық, Кел, сырласайық, Қосылған солай көп егіз» деген жерін тек жігіт айтуы керек пе еді деп ойлаймын» дегендей тұрғыда өрбіді.
«Бүкіл Қазақстан «Алло» деп «азан» шақырып тұрғандай... Түннің жарымы... Алыстан «Алло» жетіп жатыр», деп жазды Фейсбуктегі өз парақшасында Өмір Шыныбекұлы. Өзгелер келісті.
– Бұл әннің елеңдететін ерекше бір тарихы жоқ. Бірақ қазіргі эстрадада орындалып жүрген әндерден басқаша бір шығарма жасағымыз келді. Қарап отырсақ, махаббат жайлы әндердің бәрі бір біріне ұқсас болып барады. Біз соларға ұқсамайтын тың тақырыпқа барып, сол бағытта жұмыс жасадық. Әншілердің арасынан қазақы әндер айтатын Ерке Есмаханды таңдап алдық. Сөзі мен сазы жазылғанда орындаушылардың дауысы, имиджі ескерілді, – дейді Төреғали Төреәлі.
«Біздің «Алло» әні мен оған түсірілген бейнебаян xалықтан «жақсы» деген баға алып жатыр! Осы бағаны алу үшін еңбек еттік, демек мақсатқа қол жеткіздік!» деп жазды Ерке Есмахан өзінің жеке әлеуметтік парақшасында.
Ал клип танымал продюсер Баян Есентаева мен Төреғали Төреәлінің әкесі Төрәлі Төлеповтің идеясымен түсірілген. Әннің сөзін жазған айтыс ақыны Қайнар Алакөзов, әнін жазған Құрал Молжанов. Осы арада осы екі таланттың тандемінен, яғни Қайнар Алакөзов пен Құрал Молжановтың шығармашылық одағынан өзге де танымал әндер туғанын айту керек. Мәселен, Төреғали Төреәлі орындап жүрген «Бол жанымда», Нұрболат Абдуллин шырқайтын «Сүйгенің қайда?» әндері осы күндері ең танымал хит әндердің қатарында.
Осылайша әнші Ерке Есмаханның еркелігі, тұсауын айтыс кескен талант Төреғали Төреәлінің жаңа дуэті көпшілікке ұнады. Өнер айдынындағы жаңалықтардан құлағы түрік жандар соңғы уақытта бұл дарындар дуэт түрінде сахнаға көбірек шығып жүргенін байқаған да болар.
Өзі де айтыста хит болған әндерге пародия жасап жүріп, аз уақытта эстрада төрінен орын алған Төреғали Төреәлінің айтуынша, ол бар болғаны 4 жасында алғаш рет Наурыз мерекесінде көптің алдында өнер көрсеткен. Байқоңырдың баласы, Төретамның тумасы өнерпаз әкесіне еріп жүріп, тұңғыш рет 7 сыныпта «Әке мен бала» клипіне түсіпті. Қызылорда өңірінде танымал әулеттен шыққан әншінің тыңдармандарына әлі де айтары көп. Ол жай орындаушы емес, ақын жігіт. Құдай берген сахналық келбеті мен амбициясы бар.
Ал «Жеке өмірім туралы мұнан былай ешкімге айтпаймын» деп өзіне өзі талап қойған әнші Ерке Есмахан Баян Есентаеваның «Shine Stars Production» продюсерлік орталығындағы арулардың бірі. «Іңкәр» тобының құрамынан шыққан әнші қазір өзі сахнаға жеке шығып жүр. Еркенің дауысы мен келбетіне тыңдармандары дау айта алмайды.
Атыма затым сай болсын дейтін қағиданы ұстанатын Ерке Есмаханның жеке шығармашылығы «Іңкәр» тобынан кейін басталды. Баян Есентаеваның қолдауымен «Айша Бибі» әніне түсірілген бейнебаян оны тыңдармандарына кәдімгідей танытты.
«Әнші болмасам, әнші болар едім» дейтін Ерке Есмахан өмірде ақылды, байсалды адам, бақытты ана болуға тырысады.
Айнаш ЕСАЛИ,«Егемен Қазақстан».АЛМАТЫ.