Өзінің бизнесін ерте кезеңнен бастап дамытып келе жатқан Семейдегі «Нептун» ЖШС балық және балық өнімдерін өндірумен айналысады. Кеңес өкіметі тұсында бұл кәсіпорын «Семипалатинскрыба» деп аталатын.
– Біз нарықты сапалы өнімдермен қамтуды жөн көрдік, – дейді «Нептун» ЖШС директоры Қайрат Құсайынов, – бүгінде «Нептун» этикеткасы бар өнімдерді қаладағы 600 сауда нүктесі сатып отыр. Және ресторандар мен кафелерде де «Нептун» тағамдары кездеседі.
Майшабақ, кішкентай теңіз балығы, табан балық және тағы да басқа көптеген балық түрлері осында тұздалып, қатталып, фабрикат және жартылай фабрикат түрінде сатылады. Тұрғындар да «Нептун» өнімдеріне жоғары баға береді. Себебі, ол ГОСТ технологиясына сәйкес жасалады. Өнімдердің барлығы ветеринарлық және санитарлық қадағалаудан өтеді. Сондықтан да өнімдерде денсаулыққа зиян келтіретін химикаттар, консерванттар жоқ. «Нептун» ЖШС қарамағына түрлі цехтар мен тоңазытқаштар орнатқан бөлмелер кіреді. Жылына «Нептун» бюджетке 3,0-3,5 млн. теңге көлемінде салық төлейді екен. Бұл кәсіпорынға Шүлбі су қоймасындағы балық аулау аумағы 2006 жылдан бастап тиесілі. Ол жерде балықтар ау салыну арқылы және қармақпен, тағы басқа да түрлермен ауланады. Жыл бойы балық аулау берілген квота, лимитпен сәйкес жүзеге асырылады. Жылына орта есеппен 60-70 тонна өзен балығы ауланады. Балықтың біраз бөлігі қайта өңдеуге жіберіледі, жартысы мұздатылған күйде сатылады. Міне, осындай балық өндірісі саласындағы ілгерілеушілікті қала әкімі Ермак Сәлімов те арнайы барып көріп, кәсіпорын ұжымымен танысты. Кәсіпорын ауланған балық орнын жас балық тұқымдарымен толтырып отырады екен. Қажет болған жағдайда балық түрлері Новосібір, Омбы, Барнаул қалаларынан, Павлодардан да әкелінеді. 2011 жылдан бастап, «Нептун» ЖШС Кеден одағының есептік тіркеу реестрінде тұр. Және өз өнімдерін Ресейге саудалау арқылы кәсіпорын өзге де елдердің нарығына шығуды көздеп отыр. Кәсіпорында бұл күндері 25 адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы жыл сайын біліктіліктерін арттыруда. Бұл үшін серіктестік басқа елдердің фирмаларынан мамандарды шақыртуда. Қазіргі уақытта олар гигиена сақтау, технологияны меңгеру және жаңа өнімдерді өңдеуді қолға алыпты, бұған жауапты Германиядан келген маман Анита Пиклапс.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.