16 Қаңтар, 2016

Тауларға биіктік жарасады

490 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ШаяхметовАлматыдағы Абай атындағы Республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернат алғашқыда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген малшы қауымның, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің, көпбалалы отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернаты болып 1957 жылы ашылды. Бұл күнде мектептің қазаққа танылған дара тұлғалы шәкірттері аз емес. Мысалы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев, Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі сынды түлектер легін танымал журналистердің есімімен, өнер жұлдыздарының аттарымен жалғастыра беруге болар еді... Солардың бірі және бірегейі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының басшыс­ы болған шәкіртім: генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов туралы сөз қозғайтын уақыт та келген сияқты. Ә.Шаяхметов біздің мектепте же­тінші сыныптан бас­тап оқыды. Сол жылдан бастап мен оған тарих пә­нінен сабақ бердім. Есімде қалғаны, ол талдырмаш бойлы, ақсары жүзді, жинақы оқушы еді. Алғаш танысқанда «Үй тапсырмасын айтуға дайын емессің», деп ескерту жасағанмын. Содан мектеп-интернатты бі­тіріп кеткенше, тек қана «бес­тік» деген бағалармен оқы­ды. Оның бойындағы мақ­сатына жетпейінше жаны жай таппайтын табандылық қасиетін сол кезден-ақ жақсы білемін. Кейіннен жоғары оқу орнын тәмамдап, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету са­лаларында лауазымды қызметтер атқарды. Сырттай тілектес болып жүретін біз­дер, оның қызмет бабы жо­ғарылаған сайын бойымызды мақтаныш сезімі билеп, оқушыларымызға үлгі ре­тінде жиі-жиі айтып отыратын болдық. Кейбір оқу­шы­ларымыз «біз де өскенде Әділ ағамыздай мақтаулы жан боламыз» деп бізді қанаттандырып қоятын. Айтқандай, бірде мек­тебімізде «Шаяхметовтің тәр­биешісі болған Шәрбану апай тоқсан жасқа толады екен. Астанадан телефон шал­ған Әділ тойды өзі жа­сап беретіндігін айтып, мектеп-интернаттың директоры Мұхтар Ботабайұлына ұйымдастыру жұмыстарын тапсырыпты», деген әңгіме гу ете түсті. Содан жиналыс болып, жасалатын жұмыстарды қолға алдық. Бойымызды қуа­ныш, мақтаныш сезімдері баурап, бір-бірімізге: «Бұл ке­ре­мет болды ғой!» деп қоя­мыз. Мектеп бітірген түлек­теріміздің ішінде: бизнесін дөңгелетіп жүргендер, аты әйгілі өнер жұлдыздары, басшы қызметтің құлағын ұстағандар баршылық. Олар бізді көрген кезде «Апайлап», кішіпейілдік жасап тұратын. Қолдары жетімді анау-мынау жақсылықтарын танытатын. Бірақ, мойнына орасан зор жауапкершілік алып, «Тәрбиешінің, мұғалімнің тойын өткіземін», – дегенді бұрын-соңды естімеген біздер шынында да Әділіміздің аза­мат­тығына сүйсіндік. Өйт­кені, мектепте өтетін кештерге арнайы шақырылған ке­ше­гі кейбір оқушыларымыз «ке­леміз» деп уәде беріп, келмей жатқанда оқушымыздың мы­на ісі – көктегі қолымыз жет­пейтін Айды алақанымызға салып бергендей ғажайып оқи­ға болды. Той көпшіліктің кө­ңі­лінен шығатындай әсерлі өтті. Есімде жүрген және бір оқиға, 2007 жылы мек­тебі­міздің құрылғанына елу жыл толу мерекесі тойланатын болды. Біз мектепті бітірген түлек­­терді іздестіріп, газеттерге хабарлама жасадық. Студенттер сарайында өтетін бұл салтанатты өткізу үшін көп қаражат керек екенін есті­дім, мәселе қиындады. Мек­теп директоры Мұхтар Ботабай­ұлының айтуын­ша бұл күрделі мәселені де Әділ Шаях­метұлы шешіп берген. Мен өмірімнің елу жеті жы­лын мектепке арнаппын. Зейнеткерлікке шыққан соң да, мектебімді, оқушыларымды қимай, кәсібіммен қоштасқым келмей жүрдім. Жетпіс жеті жасымда зейнеткерліктің де қызығын көрейін деп дем­алысқа кеттім. Бірақ, бәрі мен ойлағандай болмады. Бір-екі айдан соң ауруханаға түсіп, төсекке таңылдым. Сондай келеңсіз күндердің бірінде пала­тадағы есігім қа­ғылды. «Кіріңіз» деуге ықы­ла­сым болмай, кіргендерге де қа­рамадым. Дауысынан таныдым, бас дәрігердің орынбасары Гүлнұр Зейнелқызы екен. «Орынша Жолмұратқызы, білесіз бе сізге кім келгенін? Оқу­­­шыңыз Әділ Шаяхметұлы келіп тұр», – дегенде жалма-жан төсегімнен тұруға ұм­тыл­дым. Әділім кіре сала құшақ­тап, тұрғызбай, қарсыда тұрған орындыққа жайғасты. – Әділ қарағым, уақытың есептеулі ғой, қызметің ауыр, несіне әуре болдың? – дегеніме: – Алаңдамаңыз, апай, бір күнге денсау­лығымды тексертуге келіп едім, ауырып қал­ған жолдастарға кіріп шықтым. Сіздің осында екендігіңізді естіп, хал-жағдайыңызды көз­бен көріп, амандық-саулық сұрасайын деп келге­нім ғой. Әлі-ақ жазылып, шауып жү­ретін боласыз. Сырқатқа берілмеңіз, – деді. Менің көңілімді басқа жақ­­қа аударып, жабығыңқы қа­­бағымды ашқысы келіп, ба­лалық кездерін еске алып, ұстаздар, оқушылар туралы әң­гімесін айтып, көңілімді бір кө­теріп тастады. Көп жайт есіме түсті. Ә.Шаяхметов гуманитарлық пән­­дер ғана емес, математика, физика пән­дерін де сүйіп оқы­­ды. Бойына бала күнінен жақсы қасиеттер жинады. Қа­зақи тәрбие алды. Маған ке­лісінің өзі де соны көрсетіп отыр. Биікте жүруінің негізгі се­бептері де осыдан болар. Шәкіртіммен әңгімелесе отырып, уақыттың қалай өтке­нін де байқамай қалыппын. «Әділ, айналайын, біраз әңгі­мелескеніміздің әсерінен мен айығып кеткендей болып отыр­мын. Анама барамын деп отырсың, менен сәлем айта бар. Саған көз тимесін, сендей ұлды туған ана – бақытты ана. Өмір өкінішсіз болмайды. Әкең сенің биікке шыққаныңды көре алмапты. Топырағы торқа болсын!» – деп көңіл айттым. Шәкіртім кеткен соң біраз уақыттан кейін Сенат отыры­сында оны Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы етіп бе­кіткен сәтін көрдім. Сол кез­де анасының қандай се­зім­де болғанын айтпай-ақ сезіп отырдым. Өзім аспанда қанат қағып ұшып жүргендей болдым. Сенаторлардың білдірген ықыласын айтуға тілім жет­пейді. Парламент дәлізінде қаншама тілектестер құшағына алып, сүйіп жатты. Осынша жандардың ықы­ласына бөленуі – жүрген же­рін­дегі жалпақ жұрттың сүйіс­пеншілігіне бөленуінен деген ой түйдім. «Орынша апайымызға генерал-лейтенант келіп-кетті» деген сөздер медбикелер арасында желдей есті. Оның әкел­ген жеміс-жидектерінен ауыз тиіп, сусындарын зәмзәм суындай сімірдік. Мен сол күні өзімді өте сергек сезіндім. Есімде. 2012 жылдың күзі болатын. Мектеп директоры хабарласып, мектептің ауласына Абай ескерткішін орнатып жатқандарын, оның ашылу салтанаты болатынын айтты. Бұл іс-шараны Әділ Шаяхметұлының ұйым­дастырғанын атап өтті. Ес­керткіштің ашылуына көп адам жиналып, керемет жақсы жағдайда ашылу салтанаты өтті. Оған беріліп жатқан баталар шексіз болды. Әділ өзінің нағыз патриот екенін көрсетті. Бірде Ә.Шаяхметов телефон соғып, «Туған жерім – Сау­­рық батыр ауылына келіп, анам Со­ным­бүбінің дастар­қанынан дәм татып, туған-туыс­тарымның ара­сында болы­ңыздар», – деді. Ба­ратын күнімізге қарай машина да дайын болды. Бір топ мұғалім Ұзынағашқа қарай жол­ға шықтық. Әділ Шаяхметұлы мен ана­сы, қарын­дастары және бір топ ауыл тұрғыны бізді қо­шеметтеп қарсы алды. Кіш­кентай ауылды қаланың көрік­ті бөлігіндей жасандырып қойыпты. Іс басында жүр­ген азаматтар өз ауылына ықы­лас білдірсе, артта қалған ауыл бол­мас деген ой келді. Шаях­мет ақсақал мен Соным­бүбі 11 ұл мен қызды өсіріпті, бүгінде Сонымбүбі – «Алтын алқа» ие­гері, елі ардақтаған ана, үлкен әулеттің қазығы. «Әділ – ел-ырыстың кілті дейтін азамат. Бауырымыз байлығы асып-тасып жатқан миллионер емес, бірақ беделді, оны үлкен де, кіші де сыйлайды. Қай жерде болмасын сөзі өтеді. Әділдің арқасында ауылға жол төселді, газ келді, мектеп, мешіт салынды. Көп­ті ұйымдастырып, Қоқан хандығына қарсы Сұраншы, Сау­рықпен бірге ерлік көр­сеткен Медетбек бабасына Әділдің ұйымдастыруымен Таутүргенде кесене, Жамбыл ауданында ескерткіш орнатылды. Арғы бабасы Шуаштан тарайтын Абылайдың замандасы, Ақмола, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан өңірінде би болған Құдайберді би туралы тарихи деректерді жан-жақты зерттетіп, көлемді кітап, деректі фильм көрермендеріне жолдама алды», – деп жазыпты «Тереңнен тартқан тектілік» кітабында Тө­ре­­хан Керботаев ақсақал. Әділ Шаяхметұлының бұл жолы да біз білмейтін қан­­­шама аза­маттық қырларын жа­ңадан та­нып, Сонымбүбідей сіңлі тауып, үйімізге марқайып қайт­тық. Өткен жылы мектеп директоры Мұхтар Ботабайұлының ұйымдастыруымен Әділ Шаях­метұлымен кездесу өтті. Шә­кіртім өзінен кейін сол партаға отырған оқушылардың сұ­рақтарына жауап берді, өзінің ардагер ұс­таздарына шексіз алғысын білдірді, жастарға ақыл-кеңестерін айтты.   Мәде­ниет қайраткері, айтыскер ақын, мектеп түлегі Серік Қа­­лиев ұлт руханиятының жан­­ашы­ры Ә.Шаяхметовке аға­сы­на өз арнау­ын оқып, тапсырды. Уақыт қандай жүйрік де­сеңізші. Кешегі мектепке та­­рыдай болып келген Әділіміз бүгін ел танитын азамат болды. Иықтағы жұлдызы ғана емес, маңдайдағы жұлдызы да жарқырай берсін! «Тауларға биіктік жарасады» деп бекер айтпаған ғой. Біздің шәкіртіміз осындай қасиеттерімен биік, әрине. Орынша Қарабалина-Қазыбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. АЛМАТЫ.