19 Қаңтар, 2016

Үрдіс және үде

611 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ректор тазартылганКезектен тыс сайлау өткізу және Ұлт Жоспары аясындағы игі қадамға сай атқарылып жатқан жұмыстар туралы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Әбдіманап Бектұрғановпен жолығып, бірнеше сұрақ қойған едік. – Әбдіманап Елікбайұлы, Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеуін калай қа­был­дадыңыз, оның қандай тиімділігі бар деп ойлайсыз? – Қазақстан Парламенті Мәжілісі бес жылда бір рет сайланады деген қағидаға қатып қалу бүгінгідей жағдайда қисынсыз да шығар. Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауларын өткізу туралы бастамасын орынды деп есептеймін. Президентіміз «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастар жол» атты бағдарында көрсеткендей, ағымдағы жылдың қаңтар айының басынан Бес институттық реформаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңі басталды. Осы реформалардың әрқайсысын жүзеге асырудың «Жол картасы» жасалды. Белгіленген 100 қадамға байланысты экономикалық, индустриялық-инновациялық бағытта түбегейлі бетбұрыс жасап, жаһандық дағдарысқа қарсы еңбектің жаңа тәсіліне көшудің кезі келді. Қазір әрбір сәт, әрбір уақыт қымбат. Парламент бес реформадан туындайтын 80-ге жуық заңды қабылдап, өз миссиясын толық орындап шықты. Алдағы уақытта осы заңдардың орындалуы толық қамтамасыз етілуі тиіс. Ол үшін партиялардың сайлаушылардың жаңа сенім мандатын алуы айрықша маңызға ие. Депутаттардың жаңа экономикалық соққыларға төтеп беруге, осынау жауапты сәтте дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін кең ауқымды қоғамдық бірігуге, тек бірлік пен үйлесімге шақыруын орынды іс-қимылға санаймын. Екінші жағынан, расында да Парламент сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу өте тиімді. Бұл дағдарыс жағдайында сайлау науқанын ұзаққа созбауға және сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын бюджет шығыстарын біршама қысқартуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда дүниежүзіндегі мемлекеттер өте ауыр кезеңді басынан өткеруде. Мұнай баррелінің бағасы күн санап құлдырап, доллардың бағасы асқындап барады. Сирия, Ирак, Ауғанстан, Украинадағы террористік және оппозициялық қақтығыстар ушығып, соның салдарынан Еуропада босқындар қаптап кетті. Елбасы Ұлт Жоспарына байланысты бағдарында жаһандық дағдарыстан ешбір мемлекет құтыла алмайтынын айта келіп, сын сағатта әрбір қазақстандық азамат елдегі ұлы өзгерістерден тыс қалмауын нақтылағаны мәлім. Жаһандық дағдарысқа төтеп берудің бірден-бір жолы бес реформаны жүзеге асыру бағытында қабылданған заңдарды қолданысқа енгізіп, оның мінсіз орындалуын қамтамасыз ету керек. – Мұнай баррелінің бағасы 28 доллардан да төмендеп кетті. Бұдан да арзандауы ықтимал. Сондықтан сайлауды көп созбай өткізу тиімді деген пікірлер де естіліп қалуда. Сіз не дейсіз? – Әлбетте. Жағдай бұдан да қиындауы мүмкін. Сондықтан, қазіргі қалай болғанда да қолайлы уақытты сайлау өткізу үшін пайдаланып қалғанымыз өте орынды болмақ. Ал кезектен тыс сай­ланған жаңа да жігерлі кәсіби Парламент елімізді экономикалық-қаржылық қиындықтардан Елбасы басшылығымен алып шығады деп сенемін. – Экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Жұмыс беруші ретінде осы заңдардың ішіндегі Еңбек кодексі туралы не айтар едіңіз? – Жаңа Еңбек кодексі жаңа жылдан бастап күшіне еніп отыр. Осыған дейін қызу талқылаудан өткен заңда көптеген өзгерістер мен толықтырулар бар. Елбасының Бес институттық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» тапсырмасы, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп, Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа сәйкес міндеттемелер қабылдағаны осы Еңбек кодексінің күшіне енуіне негізгі алғышарттар болғаны белгілі. Бұл міндеттемелер респуб­ликамыздан ішкі заңнамамызды тиісті халықаралық ұйымдарда қолданылатын нормалармен және стандарттармен үйлестіруді талап етеді. Сондықтан да, Еңбек кодексіне қазақстандықтар үшін жаңа болғанымен, әлемдік іс-тәжірибеде кеңінен қолданылатын құқықтық институттар енгізілді. Еңбек қатынастарын құқықтық жағынан реттеу ісі зор икемділікті, үйлесімділікті талап етеді, ұжымдық келісімшарттық қатынастарға үлкен мән беріледі. Қызметкерлердің еңбектегі және әлеуметтік мүдделерін қорғау жөнінде жұмыс берушілермен өзара болатын келіссөздерде кәсіподақтардың рөлі жоғарылайды. Алайда, бұл мәсе­леде мемлекеттің заңнамалық және қада­ға­лаушылық қызметі сақталып отырады. Жаңадан енгізілген соны сәттерге тоқталсақ, Кодекске тұңғыш рет бәсекелес болмау шарты енгізіліп отыр. Басқаша айтқанда, жұмыс беруші мен қызметкер арасында бәсекелес болмау туралы келісімшартты жасау мүмкіндігі бар. Мұндай келісімшартта қызметкерлердің жұмыс берушіге залал тигізетіндей іс-әрекетті жүргізбеуге міндеттенуі қарастырылған. Сондай-ақ, алғаш рет «қызметкерді басқа заңдық тұлға қарауына іссапарлық тәртіпте ауыстыру» ұғымы енгізілді. Еңбек келісімшарты қашанда еңбектік құқықтың негізгі институты болып саналған. Бұл Кодексте еңбек келісімшартының мерзімі түбегейлі қайта қаралған, атап айтқанда, келісімшарт мерзімі аяқталғанда тараптар оны бір жылдан кем емес нақты мерзімге немесе белгіленбеген уақытқа ұзартуға құқылы. Еңбек келісімшартының мазмұнынан өтемақылық және кепілді төлемдер, қамсыздандыру туралы шарттар жайлы міндетті түрдегі тармақтар алынып тасталды. Әрине, тізе берсем, Кодекстің жаңашылдығы көп. Негізінен алғанда, бұл Кодекс қазіргі заман талаптарына, өндіріс, экономика қажеттіліктеріне, қызметкерлердің әлеуеттік мүмкіндіктерін ескеруге бағытталған. Сондай-ақ, жұмыс берушілерге көп құқықтық мүмкіндіктер берген. Алайда, адам факторы қашанда жоғары. Сондықтан, әрбір жұмыс беруші бұл заңды асыра пайдаланбай, сауатты түрде басшылыққа алуы керек. Жұмыс беруші ретінде жаңа Еңбек кодексі бо­йынша еңбек тәртібін жаңаша құруға әрекеттеніп жатырмыз. – Елбасының Бес институттық ре­формасы – Ұлт Жоспарын сіз басқа­рып отыр­ған мемлекеттік университет ұжы­мы қалай жүзеге асыра бас­тады? – Мемлекет басшысы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарында «білім беру қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізілетін болады» деп нақтылады. Көп тілде оқыту мақсатында шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен бірлескен оқу бағдарламасын құрып, математика, биология, тарих, ақпараттық жүйелер, педагогика және психология пәндерінен білім беру жүзеге асып жатыр. Тіл меңгеру мәселесін шешуде сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасын тиімді қолданудамыз. Жыл сайын біздің университеттен жетекші шетелдік оқу орындарында 50-ден астам студенттеріміз білім алып келеді. Шетелдік білім мекемелерінде білім алсам, шет мемлекетті көрсем деген арман әр білімгердің ойында бар. Осы армандарын жүзеге асыру үшін олар ағылшын тілін жетік меңгеруге талпына түсуде. Ал магистранттар Еуропа мен Азияның беделді оқу мекемелерінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, тіл ұстартып келеді. Сондай-ақ, әр оқу жылында шетелдік профессорларды дәріс оқуға шақырып, тіл меңгеру мәселесін шешіп отырамыз. Егер үш тілде оқыту балабақшадан бастау алып, мектептерде жалғасын тапса, біз даярлайтын жоғары білімді мамандар бәсекеге төтеп беріп, еңбек нарығында сұранысқа ие болар еді. Үш тілді жетік меңгерген жастарымыздың арқасында дамыған 30 елдің қатарына мейлінше жылдам кіреміз. Білім беру сапасын көтеру, халық­аралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында да бірқатар шараларды қолға алып, жүзеге асырып жатырмыз. Еліміздің жетекші университеттерінің қатарында білім беру бағдарламаларын, атап айтқанда педагогика және психология факультетінің 6 мамандығын, қаржы-экономика факультетінің 8 мамандығын, заң факультетінің 2 мамандығын АКВИН халықаралық аккредиттеу орталығында аккредиттеуден өткіздік. Жалпы, 52 білім беру бағдарламасы халықаралық, ұлттық аккредиттеу агенттігінде аккредиттеліп отыр. Желтоқсан айының басында университет мемлекеттік аттестаттаудан өтті. Бакалавриаттың 40 мамандығында білім алып жатқан бітіруші курс студенттері тест сынағынан 96 пайыздық үлгеріммен республика бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Міне, мұның өзі білім саласына қойылып отырған талап үдесінен шыға білудің көрсеткіші. Әрине, біз мұнымен шектелмейміз. Ұлт Жоспарында көрсетілген талаптар бойынша сапалы қызмет етуге күш-жігерімізді, білім-білігімізді сарп ететін боламыз. Бүкіл әлемде жаңа жағдай қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ, біздің мемлекетіміз бұл қиындықты тұрақтылық пен бірліктің арқасында жеңіп шығатынына сеніміміз мол. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.