Исатай ауданындағы екі кен орны аралығында газ құбыры үшін қазылған жыраға жеке иеліктегі малдардың құлап, қырылғанына орай аудандық әкімдік ресми мәлімдеме таратты. Онда төменде анықталған деректер жария етілді.
«Мұнай компаниясының тапсырысы бойынша ілеспе газ құбырын салу жұмыстары жүргізілген. Осы жұмыстар үшін ұзындығы 13 шақырым шұңқыр қазылған. Бұл жұмысты «Монолит Инвест Компани» ЖШС орындаған. Желтоқсан айының соңы мен қаңтар айының бастапқы күндеріндегі жауған қалың қар мен борасын шұқырларды толтырып бітеп тастаған. Осы себепті далада жүрген малдар қардан байқалмайтын шұқырларға түсіп өлген. Аудан әкімдігі бұл оқиғаға байланысты шұғыл мамандардан, құқық қорғау органдары өкілдерінен арнайы топ құрып, мәселені жан-жақты қарау және өлген малдардың иелерін анықтау жұмыстарын жүргізді. Акт жасалды. Нәтижесінде 39 жылқы, 1 түйе малының өлекселері табылды. Малдың түрі, түсі, таңбасына қарай иелері анықталды. 13 қаңтарда мердігер мекеме – «Монолит Инвест Компани» ЖШС-нің бас директоры Бибінұр Юсуповамен аудан әкімдігінде кездесу өткізіліп, қалыптасқан жағдайға байланысты алынатын шаралар келісілді. Компания мал иелеріне (17 адам) 5,8 миллион теңге өтемақы төлеуді мойнына алды», делінген Исатай аудандық әкімдігінің ресми мәлімдемесінде.
Осыған байланысты Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбековпен бірге тапсырыс беруші жақ пен мердігер мекеме, құқық қорғау органдары басшылары оқиға орнына барып, тұрғындарға мәселені түсіндірді. Маңдай терімен тапқан малынан айырылған тұрғындарға өтемақының төленуі аудан әкімдігінің бақылауына алынып отыр.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.