Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласын талқылау бойынша «Жаңғыртудан – болашақтың біртұтас ұлтына дейін» деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті.
Мәскеудегі «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының өкілдігі дөңгелек үстелді Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің жәрдемімен ұйымдастырды. Ал іс-шараға мәскеулік жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, ресейлік ғалымдар мен сарапшылар, қазақстандық студенттер, аспиранттар, докторанттар және «Болашақ» бағдарламасының стипендия иегерлері қатысты.
Дөңгелек үстелді ашқан Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесші-уәкілі Виктор Темірбаев Мемлекет басшысының аталған бағдарламалық мақаласын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауының негізгі ережелерін одан әрі дамыту бойынша ел жаңғыртуының және Бес институттық реформасының «жол картасы», тіпті, оларды іске асырудың нұсқаулығы ретінде алып пайдалануға болады деді.
«Президент Болашақтың біртұтас ұлты – елдің басты мақсаты, Бес институттық реформаның мәні дегенді жеткізіп отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы Болашақтың біртұтас ұлтының екі іргелі негіздері ретінде белгіленді», – деді В.Темірбаев.
«Бағдарламада, әдістемелік тұрғыдан келгенде, қазақстандық арманның басым бағыттары айқындалып қана қоймай, сондай-ақ, ел халқының сол реформалардың нәтижелерінен нақты не күтетініне дейін белгіленген. Мемлекет басшысы Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға байланысты үлкен дайындық жұмыстары жасалғаны туралы егжей-тегжейлі айтып отыр», – деп атап көрсетті дипломат. Ол 2016 жылдың 1 қаңтарынан 59 жаңа заң күшіне еніп, Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша Ұлт Жоспарын орындау басталып кеткенін қаперге салды.
Пәнаралық зерттеулер орталығының директоры, Экономика жоғары мектебінің Ұлттық зерттеулер университеті мемлекеттік және муниципалдық басқару институты директорының орынбасары Владимир Королев Қазақстан өте маңызды бастамаларды ілгерілетіп отырғанына назар аудара келіп, оларды кейін посткеңестік кеңістіктегі өзге елдер жиі өз кәделеріне жарататынына тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, бағдарламада қазіргі заманауи көптеген сындар мен қатерлердің алдын алу үшін тұтастай шаралар кешені бар және оларда мемлекеттік органдардың бизнеспен және азаматтық қоғаммен үйлесе жұмыс істеуінің тетіктері айқындалған.
Заң ғылымдарының докторы, О.Е.Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң академиясының бірінші проректоры Елена Грачева Президент бағдарламасының үлкен бөлігі тәуелсіз құқық төрелігі мен заң үстемдігін жүзеге асыру мәселелеріне арналғанын атап өтті. «Құқықты дамыту мәселелері негіз қалаушы үдерістердің бірі болып табылады, – деді ол. – Егер барлық мәселе құқықтық реттеудің жоғары деңгейімен қамтамасыз етілмесе, онда экономикалық және саяси табыстарға қол жеткізу мүмкін емес».
Оның үстіне, Е.Грачеваның пікірінше, жай ғана заңдар қабылдап қою жеткіліксіз, олардың қатаң жүзеге асырылуы қажет. Бағдарламада бұл мәселе жан-жақты ашып көрсетілген. Қазақстанның тәуелсіз құқық төрелігі мен бүкіл құқық қорғау жүйесі тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етіп, заңдардың қалтқысыз орындалуы мен құқық тәртібін нығайтуға бағытталатын болуы тиіс.
Философия ғылымдарының докторы, профессор, Ресей президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының «Халықаралық ынтымақтастық» кафедрасының меңгерушісі Семед Семедов әр мемлекеттің өзін өзі біртектілендіру үдерісінен өтетінін атап көрсетті. Осы орайда, ғалым Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған реформалар жоспары Қазақстан мемлекетін дамытудың үрдістерін белгілеуде алға қарай бір қадам болып табылады деп есептейтінін көлденең тартты. «Мемлекетті дамытудың стратегиясын нақты белгілеу қажет, – деді осы орайда ғалым. – Және біз Қазақстанның әрі қарай қалай даму керек екенін түсінетінін көріп отырмыз».
С.Семедов бағдарламада жарияланған әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу туралы міндет Қазақстан үшін әбден қол жеткізуге болатын міндет екеніне өзінің сенімді екенін білдірді. «Назарбаев стратегиясының негізі – адам капиталы. Және бұл міндетті аса дұрыс қоя білудің көрінісі», – деп қорытты сөзін сарапшы.
Кең көлемде жүрген талқылаулар барысында дөңгелек үстелге қатысушылар Мемлекет басшысы бағдарламасының негізгі ережелерін әр қырынан талқылап, Бес институттық реформаның мазмұны туралы өз ойларымен бөлісті және оларды жүзеге асырудың жолдарын қалай көретіндері туралы ұсыныстарын ортаға салды. Соңында елді қазіргі жағдайларда жаңғырту үдерістеріне Қазақстан жастарының қаншалықты үлес қоса алатындары туралы салиқалы әңгіме қозғалды.
Сәулебек БІРЖАН.