20 Қаңтар, 2016

Мемлекетті кәсібилендіру – Ұлт Жоспарының локомотиві

402 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында мемлекетті кәсібилендіру мәселесіне жан-жақты тоқталғандығы белгілі. Осы мәселе жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВПЕН әңгімелескен едік. – Елбасы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында мемлекетті кәсібилендіруге ба­сымдық беріп отыр. Ендеше, ең алдымен «Мемлекеттік қыз­мет туралы» жаңа Заңның қа­был­дануы туралы айта кетсеңіз? – Мемлекет басшысының мақаласында мемлекетті кәсі­билендірудің алғашқы болып айтылуының өзі оның қан­шалықты маңызды екенін аң­ғартады. Өйткені, Елбасы айт­қандай, бірінші реформа – «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған. Бейнелеп айтқанда, мемлекетті кәсібилендіру Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың локомотиві іспетті. Ал «Мемлекеттік қызмет туралы» алғашқы заңның қабыл­данғанына да жиырмашақты жыл болыпты. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, содан бері қоғам өзгерді, мемлекетіміз де өрлеу жолына түсті, экономикалық өсімге қол жеткізілді. Еліміз алдына тағы да асқаралы міндеттер қойып отыр. «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңды қабылдау да «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында айтылған мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге бағытталады. – Енді қабылданған заңның ерекшеліктеріне тоқталсаңыз. – Мемлекеттік қызметке кірудің өзі үш сатыдан тұруы және төменгі лауазымнан басталуы, талапкерлердің сынақ мерзімінің 3 айдан 6 айға дейін ұзартылуы, сонымен қатар, қызметкерлердің қызметте жоғарылау үшін төменгі лауа­зымдағы жұмыс өтілінің болу керектігі, мансаптық модельге көшуіміз – мемлекеттік қыз­меттің деңгейін жаңа бір сатыға көтеретіні сөзсіз. Жаңа үш сатыдан тұратын іріктеу жүйесі, меритократия қағи­даттары негізінде қызметтегі жоғарылау мемлекеттік қызмет­тің сапасын одан әрі арттыра түсе­ді. Заңды қабылдау барысында қоғамдық пікірдің арқауына айналып, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі сыналған мә­селеге де мән берілді. Яғни, енді басшылар қызмет ауыстырғанда аппараттарда болатын ауыс-түйіс азайып, тұрақсыздыққа жол берілмейді. Заңға сәйкес, жаңа басшы өзімен бірге кеңесшісін, көмекшісін және хатшысын ғана жаңа қызмет орнына ала баруына мүмкіндік берілген. – Сын демекші, мемлекеттік қызметке «парашютпен түсе­тіндер» туралы да жиі сын айтылады емес пе? – Иә, бұрын-соңды тәжірибесіз адамдарды мемлекеттік қызметке әкелді деген сын жиі айтылатын-ды. Осыны жою үшін мансаптық модель енгізіліп отыр. Басқалай айтқанда, жаңа заңға сәйкес мемлекеттік органдардағы боса­ған лауазымдарға, оның ішінде жоғары қызметке бірінші кезекте сол органдағы қызметшілердің кіру мүмкіндігінің болуы, әр­түр­лі жолдармен жұмысқа ке­летіндерге тосқауыл қойып, бі­лікті кадрлардың болашағына сенімділігін арттырып, қызметтік өсуіне жол ашады. – Мемлекеттік қыз­мет­ші­лерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі қалай реттелмекші? – Бұл мәселе жөнінде де Елбасының мазмұнды мақа­ласында жан-жақты айтылады. Мемлекет басшысының айт­қанындай, барлық мемлекеттік қызметшілерді толғандыратын, білікті мамандар қабылдауға да тікелей әсер ететін еңбекақы мәселесі де заңда шешімін тапты. Жалақы деңгейі, қызметшінің істейтін жұмыс сипатына, көле­міне және нәтижесіне байланысты болады, материалдық көмекпен қатар, бұрын мемле­кеттік қызметте болмаған бонус­тық төлем енгізілді. Әр тоқсан сайын мемлекеттік қызметшінің жұмысы бағаланып, жылдың аяғында соның нәти­жесі шығарылады. Бір қызмет­тегілердің өзі еңбегінің баға­лануына орай әртүрлі мөлшерде бонус алуы ықтимал. Өйткені, өзіне жүктелген міндетті әрбір қызметші әртүрлі деңгейде орындауы мүмкін ғой. Жаңа заңдағы басты жаңалықтың бірі осы. – Мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсу деңгейіне жаңа талаптар қойылады екен. Бұл қандай талаптар? – Біздің әңгімеміздің өзегі болып отырған Елбасының ма­қа­ласында бұл туралы «Мем­лекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазымдардан бас­таудың нәтижелері бойынша мүмкін болады», деп нақты айтылған. Сондай-ақ, мақалада мемлекеттік қызметшінің ман­саптық өсуінің басты шарты жұмыс тәжірибесі болатындығы да айқын көрсетілген. Бұрын мемлекеттік қыз­мет­шілер әрбір үш жыл сайын тиесілі аттестаттаудан өткізіліп тұратын. Ал жаңа заңға сәйкес мемлекеттік қызметшінің еңбегі жыл сайын жоғары баға­ланып отырса, аттес­таттаудан өткізілмейді. Заңға енгізілген талаптың бірі – мемлекеттік қызметшілердің жазу қабілеті эссе жазу арқылы тексеріледі. Бұл халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Кейде тест сұрақтарына толықтай жауап берген талапкердің мә­тін жазуға келгенде шорқақ ке­летіндері де аз емес. Сол се­беп­­ті эссе жазу да мемлекеттік қызметшінің мәтін жазу қабілетін бағамдауға септігін тигізеді. – Алдағы уақытта мемле­кеттік қызметке орналасу ке­шенді іріктеу мен жұмысты төменгі лауазымнан бас­тау нәтижелері бойынша мүм­кін болатын көрінеді. Бұл мем­лекеттік қызметке тамыр-таныс­пен орналасудың алдын алады деп ойлайсыз ба? – «Ұлт Жоспары – қазақ­с­тандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында Елба­сы бұл туралы түйінді пікірін біл­дірді. «Менің Жарлығыммен Мемлекеттік қызмет істері жө­ніндегі министрлік, оның құры­лымында – Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды. Осылайша, тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаң­ғыртылып отыр». Қысқасы, бұдан былай тамыр-танысқа иек арту мүмкін емес деген сөз бұл. – Мемлекеттік емес сек­тордағы басқарушылар қатары­нан азаматтар мен шетелдік менеджерлер мемлекеттік қыз­метке тартылған күнде «көл­­денең көк аттылар» еніп кетіп жүрмей ме? – Заң шеңберінде шетелдік менеджерлерді, жекеменшік секторындағы үміткерлерді, білікті азаматтарды қызметке тарту арқылы мемлекеттік қызметтің ашық та бәсекеге қабілетті жүйе екендігі дәлелденеді. Біз Ұлт Жоспарына сәйкес алдымызға әлемдегі дамыған 30 елдің қа­тарына ену жөнінде мақсат қойып отырмыз ғой. Сол се­беп­ті шетелдік менеджерлерді шақырып, солардың біліктілігін, тәжірибесін кеңінен пайдалануға мүмкіндік беріліп отыр. Әрине, олар ашық конкурс арқылы және Кадр саясаты жөніндегі ұлт­тық комиссияның шешімі бойынша келісімшарттық не­гізде қабылданады. Ұлттық ко­миссияның құрамында Президент Әкімшілігінің басшысы, оның орынбасарлары, Парламент палаталары төрағаларының орынбасарлары сияқты лауазымды тұлғалар бар. – «Б» корпусына кіретін мемлекеттік қызметшілер жө­нінде кеңірек айта кетсеңіз. – Еліміз бойынша 99 899 мемлекеттік қызметші болса, соның мыңға жуығы ғана сая­си қызметшілер мен «А» кор­пусының қатарына енетіндер. Қалған қызметшілердің барлығы «Б» корпусын құрайды. Елба­сының аталған корпус санатын­дағылардың жалақысын 30 пайыз­ға көтеру жөнінде айтқан себебі де сол. Мемлекет басшысының ма­қа­­ласында айтылғандай, ең­бекке ақы төлеудің жаңа жүйе­сі енгізілгеннен кейін «Б» кор­пусының әкімшілік мем­лекеттік қызметшілерін жаңа біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша кешенді аттестаттаудан өткізу жоспарланған. Тағы бір тілге тиек ететін мә­селе – қызметшілердің білік­тілігін 3 жылда бір реттен кем болмайтындай етіп міндетті арттырып отыру заң тұрғысынан бекітілді. Мемлекетті кәсібилендіруде біліктілікті арттырып отырудың маңызы жоғары екендігі сөзсіз. – Жас маманның, яғ­ни жо­ғары оқу орнын бітіргендердің мемлекет­тік қызметке орналасуына қаншалықты мүмкіндігі кеңейді? – Мемлекеттік қызмет тіз­бесінде әрбір мемлекеттік қызмет түріне қойылатын талаптар бар. Осы талаптарға орай жоғары оқу орнын бітірген жастардың өзі бітірген мамандығына сәйкес жалпы конкурс негізінде мемлекеттік қызметке орналасуына мүмкіндігі мол. – Жаңа заңның аясын­­­­да мемлекеттік қызметшілер үшін қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба? – Жеңілдік дегенде алдымен заңдарға жеке-жеке баға берудің алынып тасталғанын айтар едім. Біріншіден, ендігі жерде талапкерлер берілген тест сұрақтарының 60-70 пайызын меңгергендігін дәлелдесе жеткілікті. Екіншіден, мемлекеттік қызметші өзінің ер­теңгі мансаптық өсуін алдын ала көріп отырады. Үшін­шіден, басқару жүйесіндегі азаматтардың тәжірибесін тиімді пайдалану үшін «А» корпусы сияқты «Б» корпусы ішіндегі басшылық лауазымдары арасында ротациялау жүргізіледі. Мысалы, өңірде жұмыс істейтіндер орталыққа, ал орталықтағылар өңірге барып тәжірибе жинақтай алады. Заң бойынша бекітілген тағы бір үлкен жеңілдік – ротацияланған қызметшілерге қызметтік пәтер беру қарастырылған. – Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясатты жүзеге асыратындар, оның дамуына қалтқысыз қызмет ететіндер болып келеді. Ал солардың мем­лекеттік тілді меңгеруі заңда қарастырылған ба? – Мемлекеттік қыз­мет­шілердің тестілеуден өту барысында мем­лекеттік тілді меңгеруге қа­тысты сұрақтар қамтылады. Соған жау­ап беру керек. Тілге қатысты та­ғы бір талап, эссе жазу барысында талапкердің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін сараптауға болады. Комиссияның осыған қарай шешім қабылдауға, мемлекеттік тілді еркін меңгерген талапкерге басымдық беруіне мүмкіндігі бар. – Елбасы өз мақаласын­да айт­қанындай, мансап­тық ілгерілеудің басты шарты жұмыс тәжірибесі болып есептеледі. Ендеше, мемлекеттік қызметшілер еңбегіне қарай бағаланады деп айтуға бола ма? – Мемлекеттік органдар басшыларының психологиясы да өзгерді. Талап жоғары, аппарат ықшам. Оның үстіне мемлекеттік органның өзінің қызметі де жыл сайын бағаланып отырады. Сол себепті кәсіби аппаратты қалыптастыруға, білікті қызметшілерді қабылдауға бас­шылардың өздері де мүдделілік танытады. Мемлекеттік қызметке қа­тыс­ты бір дерекке тоқтала кетейін. Өткен жылдың жел­тоқсан айында жарияланған конкурсқа бір орынға 30 талапкер тапсырыпты. Бұрын әрі кеткенде бір орынға 10 адам бәсекеге түсетін еді. Бұдан, жаңа заңның қабылдануына орай азаматтар тарапынан мемлекеттік қызметке деген қызығушылықтың арта түскенін айқын аңғаруға болады. Бәсекелестік бар жерде білікті кадрларды іріктеудің пайдасы мол. Кәсібилерден құ­ралған аппарат мемлекеттің де мәртебесін асқақтататыны анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақала­сын оқы­­ғаннан кейінгі ойымды тө­мендегіше түйіндер едім: «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңінде мем­лекетті кәсібилендіру қазақ­стандық арманға жетудің шешуші тетігі болады. Яғни, осы мақсатқа бі­лікті мамандардың еңбегін бағалау арқылы қол жеткіземіз деп ойлаймын. Әңгімелескен Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».