20 Қаңтар, 2016

Бай мен кедейдің арасы алшақтап барады

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазіргі таңда Жер бетіндегі халықтардың жартысынан астамы, яғни 3,6 млрд. бөлігі кедейшілікте өмір сүреді. Онсыз да ішерге – ас, киерге киім таппай, қиналып жүрген қамкөңіл жандардың жағдайы соңғы бес жылда тағы 1 трлн. долларға төмендеп кеткен. Ал жаһанның жарты байлығын иемденіп отырған санаулы миллиардерлердің қазынасы осы уақыттың ішінде тек көбейіп отырған екен. Кедейшілікпен күресте бел­сенділік танытып жүрген Oxfam коммерциялық емес ұйымының мәлімдеуінше, 2010 жылдан бері қос таптың арасы едәуір алшақтаған. Атап айтқанда, бүгінде жарты әлем­нің қолындағы қаржыға тең байлыққа иелік етіп отыр­ған Жер бетіндегі ең бай 68 адам бес жылдың ішінде 1,76 трлн. долларға байыған. Осы ретте, 2010 жылы кедей-ке­п­шіктің, яғни әлем халқының жартысының байлығы ең бай 388 адамның есепшотындағы қаржымен тең болғанын атап өткен жөн. Ұйымның мәлімдемесіне қара­ғанда, бұл мәселеге са­лық­тағы жеңілдіктер, еңбекақы­сындағы айырмашылықтар, жұмыс­шыларға берілетін сыйақылардың қысқартылуы сынды тетіктер себеп болған. Сондай-ақ, бұған бүгінгі жа­һандық экономикалық дағда­рыстың да салқыны тигені сөзсіз. Өйткені, қазіргі қаржы­лай қыспаққа кедей тұрмақ, байлардың өзі шыдас бере алмай отыр. Мәселен, 2016 жылдың алғашқы екі аптасында-ақ әлемнің ең қалталы 400 адамы дағдарыс салдарынан 305 млрд. долларынан айырылып, жиған-тергенін желге ұшырған. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».