20 Қаңтар, 2016

Ерте іске кіріскеннің – ырысы артық

249 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ЖолдыбайКүн тәртібіне тағы да сайлау мәселесі шығарылды. Бұл жөнінде нақты шешім қабылданып үлгермей-ақ, қазірдің өзінде түрлі ұсыныс-пікірлер айтыла басталды. Әрине, олардың көбісімен келісе қою қиын да шығар. Дегенмен, әркімнің өздерін толғандырып жүрген мәселелерін ашық айтуына мүмкіндіктер болып жатқаны қоғамда оң өзгерістердің қалыптасуына толық жағдай туғызады деген сенімді көңілге ұялатады және олардың бел бере бастағанын аңғартады. Ең бастысы, адамдардың бей­тарап қалмай, қазіргідей құбыл­малы тұста еліміздің қалыпты дамуына үлкен мүдделілік танытулары маңызды деп білемін. «Қойшы, ақ қарға болмайықшы» деп, «үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген мақалға иек артып, енжарлық таныту қазіргі таңда ел азаматтарына еш жараспайтын қылық. Өз басым қоғамдық санадағы серпіліс ахуалын жақсылыққа жоримын. Сондай-ақ, адамдардың бел­сенділігі, сайып келгенде, Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Мемлекетіміздің алдында тұрған асқаралы міндеттерді бірлесіп атқарайық» деген үндеуінің халық тарапынан қол­дауға ие болып отырғанын көрсе­теді. Олай болса, Мәжіліс пен бар­лық деңгейдегі мәсли­хаттар депу­тат­тарының кезектен тыс сайлау­ларын сол міндеттерді орын­даудағы нақты шаралардың бірі ретінде қабылдаған абзал. Шындап келгенде, мәселе Парламент Мәжілісі сайлауын өткізуге үзілді-кесілді қарсылықта емес, оны кезектен тыс өткізу туралы ұсынысқа қатысты туындауда. Осыған байланысты өз пікірімді білдіргенді жөн санап отырмын. Иә, кейбір азаматтар айтып жүргендей, бізде кезектен тыс сайлаулардың орын алып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Алайда, мұндай ахуалдың орнығуы еріккеннің ермегінен болып жатпағаны да белгілі, әрі сол сайлаулардан зардап шекпегеніміз де айқын. Оған мемлекетіміздің осы уақытқа дейінгі даму жолы кепіл. Осы ретте, «Toshiba» корпо­ра­циясының өкілі Акихиро Таку­боның мына бір сөзін келтіргенім орынды болар деп ойлаймын: «Егемендік жариялағаннан бергі қысқа мерзім ішінде өзінің дамуымен, сындарлы саясатымен, жарқын болашағымен бүкіл әлемді мойындатқан бірден-бір ел – Қазақстан». Ендеше, бүгіндері біздер үшін аса бір алаңдай қоятындай мәселе туындап отырған жоқ. Мәселен, өз басым биылға белгіленген сайлаудың жылдың соңын күтпей-ақ мейлінше таяу аралықта өткізілгенін дұрыс деп білемін. Былайша айтқанда, ерте іске кіріскеннің ырысы артық боларына менің сенімім мол. Яғни, Парламент Мәжілісі депутаттарының өз мандаттарын мерзімінен бұрын тоқтату жөніндегі ұсыныстарына түсіністікпен қарағанымыз жөн. Олар мұндай шешімге жайдан-жай келмегені анық. Бүгінде әлемді дағдарыс қыспаққа ала бастады. Соңғы 25 жылда тек өсім ғана көріп келген Қытай экономикасының өзі өткен жылдың соңғы тоқсанында ай­тар­лықтай төмендегені туралы естіп жатырмыз. Ал біз­дің негізгі табыс көзі болып есеп­те­летін мұнай, астық, металл баға­ларының әлемдік деңгейде тым төмендеп кетуі ұлттық эконо­микамызға едәуір салмақ түсіріп отыр. Бара-бара жағдай қазіргіден де күрделене түсуі мүмкін. Сондықтан, мемлекет тарапынан тиісті шаралар қарастырылуда. Соның нақты айғағы ретінде Елбасының «Бес институттық реформасы» мен оны іске асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын айтуға болады. Бес институттық реформаны былтырғы президенттік сайлау­да Елбасы өз бағдарламасы ретінде ұсынғанын, бұл құжатты жақтап сайлаушылардың 98 пайыздан астамы дауыс бергендерін ескерсек, қазіргі күні оны іс жүзіне асыру мәселесі тұрғаны айқын. Бұл бағытта Парламент тарапынан заңдылық негіз де жасалып қойылғаны белгілі. Енді сол қабылданған заңдардың өз нәтижесін беруін толықтай қамтамасыз ету қажет. Өз кезегінде осы жағдай, сондай-ақ, әлемдік дағдарыстан туындап отырған қиындықтардың кезекті бір толқынын ойдағыдай еңсеру мәселесі жаңа бір лепке, тың күшке зәру болары сөзсіз. Олай болса, күн тәртібінің басты мәселесі ретінде, әрине, депутаттардың кезектен тыс сайлауын өткізу туралы ұсыныстары қабылданып жатса, жаңадан сайланатын Парламент Мәжілісінің құрамының сапалы әрі қарымды болуын қалай қамтамасыз етеміз деген сауалдың тұрғаны қажет деп білемін. Ол үшін бәріміздің бір кісідей атсалысқанымыз жөн. Меніңше, Парламент Мәжілісінің құрамы халықтың барлық өкілдерінің мүдделерін қамтитын шамада болғаны ләзім. Өйткені, проб­лемалық мәселелерді қоғам бел­сенділік танытқан кезде, сон­дай-ақ, оппозициялық күштерді тарта отырып бүкіл мүдделі тарап­тардың қатысуымен ғана шешуге болады. Өкінішке қарай, бүгіндері билік өкілдерінің кейбірі өздерін ерекшелегенді, өзге кісінің өздерінен бір саты болса да төмен тұрғанын ұнатады. Жағымпаз, мүләйім мінез танытқандарға «жоқ» деп бетінен қайтарып, турасын айтып, туғанына жақпайтын мінезді олардың тарапынан тағы таппайсың. Иә, биліктің қайсыбір істі дұрыс жасап жатқанын, қайсысын бұрыс істеп отырғанын көрсететін дәлме-дәл индикатор болуы қажет-ақ. Осы ретте, мені «Қазақстанға ұрда-жық емес, сындарлы үнқатысуға бағдарланған ықпалды және күшті оппозиция қажет» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымы қанаттандырады. Расында, сындарлы оппозиция қазаққа жау емес, қайта орамды идеяларын ендіргені мәлім. Әрине, ол үшін оппозиция барынша күшті, сындарлы түрде қалыптасуымен қатар, оның балама ұсыныстары болуы тиіс. Мүмкін алдағы сайлауда оппозиция тарапынан салиқалы ұсынымдарды көріп те қалармыз. Бір сөзбен айтқанда, тек пікір алуандығы орын алған ашық қоғамда ғана әділетті мемлекет орнатамыз, экономикадағы, саяси-әлеуметтік өмірдегі, рухани саладағы теріс құбылыстарды азайтамыз және ең бастысы, қазіргі орын алып отырған дағдарысты тез арада еңсеруге мүмкіндік аламыз. Әділдікке жүгінсек, мемлекет тарапынан бұл үшін қажетті деген барлық жағдайлар жасалған. Қазіргі кезде қоғамда болып жатқан әр алуан құбылыстар мен оқиғаларға жеке көзқарасын білдіруге мүмкіндік беретін демократиялық институттар жұмыс істеуде. Мәселен, зауқы соққан кез келген адам үкіметтік емес ұйымдар арқылы қоғамдық маңызы орасан акцияларға бастамашы бола алады және түрлі саяси оқиғаларға қатысты өздерінің пікірлерін ашық айтуға толық мүмкіндіктері бар. Қалайсыз ба, көзқарасыңызға қайшы келетін небір жағдайды сынаңыз немесе істің жағдайын оңтайландыратын қандай да бір ұсыныстарыңызды айтыңыз. Бұл жөнінде мақаланың басында тоқталып өттік те. Әрине, мен идеалист емеспін және де барлық адамды бірдей бақытқа кенелтудің оңай еместігін түсінемін. Алайда, ынта болса, оң нәтижеге жетуге әбден бола­тындығына сенімдімін. Бір нәр­се айқын. Осы мақсаттарға жету үшін де бізге салиқалы да салмақ­ты әрі пәрменді Парламент Мәжілісі керек. Олай болса, қауқарлы азаматтардың көбірек депутаттық мандатқа ие болып, ха­лықтың мұң-мұқтаждарын өтеу­ге аянбай қызмет етуіне мүм­кін­дік беруіміз қажет. Ол үшін көпке соза бермей, тез арада сай­лау­дың өтуіне мүдделі болып, оған бір кісідей қатыса отырып, тиіс­ті дауысымызды берейік, ағайын! Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы. АСТАНА.