Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов кеше палатаның кезекті жалпы отырысында Қазақстанның қос палаталы кәсіби Парламентіне 20 жыл толғанын ерекше атап кетті. Өйткені, еліміздің кәсіби қос палаталы Парламенті конституциялық реформалар нәтижесінде ресми қызметіне 1996 жылы алғаш кіріскені мәлім.
Осыған орай, спикер күн тәртібіне шығарылған мәселелерді қарамас бұрын әріптестерін құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. «Дәл бүгін Парламент 20 жасқа толды. 1996 жылдың 20 қаңтарында Қазақстанның қос палаталы Парламенті өз жұмысына кіріскен болатын. Сондықтан да, баршаңызды осынау тарихи датамен құттықтаймын. Сонымен қатар, осыдан дәл 4 жыл бұрын, 2012 жылдың 20 қаңтарында бесінші шақырылған Мәжіліс те өз қызметіне кіріскен болатын. Бұл да біз үшін ерекше күн», – деді Қабиболла Қабенұлы.
Бұдан кейін депутаттар назарына адамдарды қабылдау мен транзиттеу, адамдардың заңсыз реадмиссиясы және «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды жіберу кезінде авариялар болған жағдайда өзара іс-қимыл тәртібі келісіміне өзгерістерді қарастыратын заң жобалары ұсынылды.
Алдымен қаралған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы адамдарды қабылдау және тран-
зиттеу туралы келісімді (реадмиссия туралы келісім) ратификациялау туралы» заң жобасы қолдауға ие болып, мақұлданды. Келісім 2009 жылдың желтоқсан айында жасалғанын айта кеткен жөн. Оған Қазақстан мен Германия сыртқы істер министрлері Берлинде қол қойған.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, заңдық құжат Қазақстан мен Германия аумағына кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Тағы бір белгілі болғандай, қабылдау туралы өтінішхат азаматтықтан айырылу құзыретті органдарға белгілі болғаннан кейін 12 ай ішінде жіберіледі. Ал сұрау салынатын тарап өтінішхатқа бір айдан кешіктірмей жауап беруі тиіс.
«Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ визаның рұқсат мерзімі өтіп кеткеннен кейін сонда қалған адамдар жатады. Тұтастай алғанда, келісім заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, елдің аумағында заңсыз жүрген адамдарға халықаралық құқыққа сәйкес шара қабылдауды, сондай-ақ, олардың транзитін жеңілдетеді», – деді Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы.
Министр заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеліп соқтырмайтынын және қосымша қаражатты талап етпейтінін де атап өтті.
Сол сияқты, жалпы отырыс барысында қаралған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасындағы заңсыз келген адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да депутаттар тарапынан қолдауға ие болды. Келісім 2011 жылы 23 ақпанда Прагада жасалғанын айта кеткен жөн. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, аталған құжат екі мемлекеттің аумағына кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді.
«Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ визасының немесе рұқсат құжатының мерзімі өтіп кеткеннен кейін сонда қалған адамдар жатады. Келісімді ратификациялау халықаралық құқыққа сәйкес заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті министр. Құжаттың қабылдануы теріс әлеуметтік-экономикалық, сондай-ақ, құқықтық салдарға әкеліп соқпайтыны және бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейтіні де қаперге салынды.
Сонымен қатар, жалпы отырыста «1999 жылғы 18 қарашада жасалған Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Ресей Федерациясы Үкiметiнiң арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды жiберу кезiнде авариялар болған жағдайдағы өзара iс-қимыл тәртiбi туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлдаудан өтті. Хаттамаға 2015 жылдың 2 маусымында қол қойылған.
Заң жобасы бойынша баяндаған Ішкі істер министрі былай деді: «Құжат негізінен «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымыранды ұшыру барысында апаттар орын алған жағдайда құрылатын комиссиялар, бірлескен штабтар мен уәкілетті органдардың құзыреттерін нақтылайтын болады. Тұтастай алғанда, заңнаманы қабылдау қосымша қаржы шығындарын талап етпейді. Келісім Қазақстанның ұлттық заңнамасына қайшы келмейді».
Аталған келісімге өзгерістер енгізу қажеттігі Қазақстан тарапынан ұсынылыпты. Бұл орайда 2006 жылдың 27 шілдесіндегі «Байқоңырдан» ұшырылған «Днепр» РС-20 зымыранының апатқа ұшырауы бойынша оқиғаға талдау жүргізу нәтижесінде Қазақстан үкіметаралық комиссия аясында келісімге өзгеріс енгізу туралы бастама көтеріпті. Депутат Юрий Тимощенконың айтуынша, апат салдарын жою үдерісінде бірқатар мәселелер туындағандықтан, оны реттеу қолданыстағы келісімдерде көрсетілмеген көрінеді. Сондықтан да 2006 жылдан бері екі мемлекет арасында келіссөздер жүргізіліп, 2015 жылы аталған хаттамаға қол қойылғаны мәлім болып отыр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».