22 Қаңтар, 2016

Адамның басын ауыстыру мүмкін бе?

552 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
12 бетОсыдан 50-60 жыл бұрын адамзаттың бүгінгі мүмкіндігі «үш ұйықтаса түске кір­мейтін» дүниелер болғаны рас. Ал қазір­гі таңда ғарышты игер­ген адам одан да зор ғылыми жа­ңа­лық­тарға иек артуда. Мәселен, осы ап­таның сейсенбісінде АҚШ-тың Чикаго қаласында жұмыс істей­тін италиялық нейрохирург Серджио Канаверо мен оның қытайлық әріптесі Жень Сяотин осы саладағы сенсациялық жаңалықты жариялады. Олардың айтуын­ша, бүгінде хирургтер адамның басын ауыс­­тыратын оталарды жасауға дайын екен. Бұл жөнінде дәрігер Канаверо: «Біз­дің жаңалығымыз негізсіз емес. Осы кез­ге дейін әртүрлі жан-жануарға тәжі­ри­белер жүргізіп, оң нәтижеге қол жет­­кіздік. Осымен тәжірибе кезеңін аяқ­таймыз. Енді мұндай оталарды адам­­­ға жасауға дайынбыз. Осы ретте аталған отаға зәру ресейлік науқас Ва­­ле­рий Спи­ридоновтың ем-домына көмек­тесіп, сол елдегі әріптестерімізге қолұшы­мыз­ды созғымыз келетінін айт­қым келе­ді», – деп мәлімдеді. Алайда, ғалымдар әлемдік ме­ди­цинаны дүр сілкіндіретін осы жаңалықты жүзеге асыру үшін материалдық және басқа да мәсе­лелерді шешу қажет екенін айтып отыр. Себебі, мұндай ота АҚШ пен Еуропада 100 млн. доллар тұрса, Ресейде оны 20 млн. долларға жасауға болады. «Ресейде өзге елдерден арзан болуына медициналық құрылым мен хирургиялық дәс­түрдің мол тәжірибесі себеп», – деді С.Канаверо. Ал Ресейдің Владимир қала­сында тұра­тын, бағдарламашы Валерий Спири­доновтың өзі ита­лиялықтың ұсынысынан бас тартпайтынын айтты. Туған­нан арқа бұлшық еттерінің атро­фийімен ауыратын науқас бүгінде өз денесін басқара алмайтын халге жеткен. «Мұндай отаға шамамен 36 сағат қажет. Осы уақытта нау­қас­тың терісі бұзылмас үшін оның денесі мен басын арнайы мұз­датқыш арқылы салқындатып отырамыз», – дейді дәрігерлер. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».