«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Парламент Мәжілісін тарату және Қазақстан Парламенті Мәжілісі
депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қатысты
МӘЛІМДЕМЕСІ
Біз, «Ауыл» партиясының басшылары мен мүшелері, депутаттардың Мәжілісті таратып, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын кезектен тыс өткізу туралы бастамасына қатысты Мемлекет басшысының оң шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойғанын қуана құптап, қабыл алдық. Бүгінде Қазақстан астық, дәнді-дақылдар, сүт, ет өнімдерінің, балық және басқа да азық-түлік түрлерінің ірі экспорттаушысына айналды. Десек те, жаһандық экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны қарсаңында біз өз болашағымызға, күшімізге сенімді болуымыз керек. Сондықтан еліміздің алдында Президент ұсынған бес институттық реформаны сәтті жүзеге асыру арқылы әлемдік дағдарыстың салдарын жеңілдету міндеті тұр. Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын кезектен тыс өткізу арқылы біз халық қалаулысы болуға ең лайықты, білікті, Қазақстанның нағыз жанашыр патриоттарын іріктей аламыз. Сонымен қатар, бұл – мемлекет құрылысының жаңа кезеңінде жаңадан жасақталған Парламентте өз қарым-қабілетін көрсету үшін өзге де партияларға беріліп отырған зор мүмкіндік. Осы орайда, ауыл жұртының, қарапайым шаруалар мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші кәсіпкерлердің партиясы ретінде біз Парламент депутаттарының дер кезінде көтерген бастамасын қолдаймыз және оған қатысты оң шешім қабылдаған Елбасына зор алғысымызды білдіреміз.