22 Қаңтар, 2016

Сын сағаттағы сындарлы жұмыс

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңда еліміздің құқық қорғау органдары жаңа талаптар негізінде жаңа бағытта жұмыс істеуде. Елбасының құқық қорғау органдары алдына қойып отырған сындарлы міндеттеріне сай атқары­лып жатқан жұмыстардың нәтижесі де айтарлықтай екендігі көрініп отыр. Соның бірі ретінде кеше Ішкі істер министрлігінің өт­кен жылғы жұмысын қоры­тын­дылап, алда тұрған міндеттерді саралаған кеңейтілген алқа мә­жілісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты ел халқына Жол­дауындағы талаптары ая­сын­да алға қойылған маңызды міндет­тер талқыланды. Алқа мәжілі­сі­не Ішкі істер министрі Қ.Қасымов төрағалық етті. Оның жұмысына Президент көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев, Президент Әкімшілігі Басшысының орын­басары Қ.Ақсақалов, Бас Про­ку­рор А.Дауылбаев және ми­нистр­ліктің орталық аппа­раты­ның, комитеттерінің, өңірлік ішкі істер, қылмыстық-атқару жүйесі, төтенше жағдайлар депар­таменттерінің басшылық құ­рамы, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылары және ве­дом­стволық оқу орындарының бастықтары қатысты. Сонымен қатар, атап айтарлық жайт, ІІМ алқа мәжілісінің жұмы­сына алғаш рет облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ, Мем­лекет басшының «Бес инсти­ту­т­- тық реформасы бойынша 100 нақ­ты қадам» – Ұлт Жоспарында беріл­ген тапсырма­ларын іске асыру шең­берінде құрылған жергілікті полиция қыз­метінің облыс, қала және аудан­ деңгейіндегі басшылары да қатысты. Министр Қалмұханбет Қасымов өткен жыл Қазақстанның ішкі істер органдары үшін жауапты кезең болғанын айта келе қылмыстық сот өндірісінің жаңа моделінің іске асырылуына орай ұйымдастыру жұмысына елеулі өзгерістер енгізу, қылмыстарды ашу және тергеудің жаңа тетіктерін әзірлеу қажеттілігі туындағанын сөз етті. Сонымен бірге, жаңа қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнамасын пайдаланудың бір жылдық тәжірибесі оның жекелеген заңнамалық бөлімдерін қайта қарау қажеттігін, сондықтан осы мәселелерді Бас прокуратурамен, өзге де құқық қорғау органдарымен бірлесе қарап, қолданыстағы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу керек екенін баса айтты. Алқа отырысында бес инсти­туттық реформаны іске асыру бойынша Елбасының тапсырмаларына сәйкес жыл басынан бері жұмысын бастаған жергілікті полиция қадамына үлкен мән берілді. Ішкі істер министрі жаңа қызметтің құқық қорғау органдарын халыққа жақын ете түсетінін, ішкі істер органдарына деген халықтың сенімін арттыруға ықпал ететінін айтты. Министр ағымдағы жылы ішкі істер органдарына және бө­­ліністеріне Президент Н.На­зар­баев­тың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген ауқымды міндеттерді іске асыру үшін қажетті жағ­дай туғызу керек деп тапсырды. Оның ішінде қыз­меттер мен бөліністердің жедел-қызметтік жұмыс көрсеткіштерін төмендетпей, қылмыс туралы барлық арыздар мен хабарламаларға жедел әрекет етуді қамтамасыз ете отырып, қылмыстық сот өндірісі­нің жаңа моделін іске асыруды жалғастыру қажеттілігіне тоқ­талды. Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту, оның ішінде еңбекпен қамтуды одан әрі жалғастыру және пробация қызметін дамыту шаралары қам­тылды. Сонымен қатар, азаматтық қорғаныс бөліністерінің қызметін жетілдіру, оның қатарында табиғи және техногендік сипаттағы төтен­ше жағдайлар қаупінің туын­дауының алдын алу, олардың салдарын жою мәселелері қаралды. ІІМ алқа отырысының қоры­тындысында министрліктің орта­лық аппараты қызметтерінің және өңірлік департаменттерінің басшыларына тағы да басқа қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді. Өйткені, сын сағаттағы сындарлы жұмыс қашан­да шыңға шығара алатыны анық. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».