Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі дамуымыздың басты құжатында: «Қазақстан халқына Жолдауымдағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда мен «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беремін... Кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауда біріктіру керек. Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын», деп атап көрсетті. Бұл партияның сенімді қолқанаты «Жас Отан» жастар қанатына қойылған тікелей тапсырма екендігі анық. Мұны жақсы түсінетін Жарқайың аудандық жастар ұйымында маңызды құжаттың қағидаттарын жұртшылыққа жеткізу мақсатында қоғамдық ақпараттық-насихаттық топ құрылған болатын.
Жуырда «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында Державин қаласының жастарымен кездесу болып өтті. Басқосуды топ басшысы, жастар ресурстық орталығының директоры, аудандық «Жас Отан» ЖҚ жетекшісі Фархат Байқасов ашып, өз сөзінде Елбасы Жолдауындағы негізгі тұжырымдарға тоқталып өтті.
– Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында жастарға үлкен міндеттер жүктеді. Жолдаудағы: «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар... Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», деген ұлағат бізді үлкен жауапкершілікке бастайды. Аудан жастары осынау абыройлы міндеттер үдесінен шығады деген сенімдемін, – деді жастар жетекшісі.
Сонымен қатар, қатысушылар алдында ауданның белсенді жастары Бақытгүл Даринова, Мәдина Қаратаева, Тоқтар Шпанов, Әділ Нұрбеков сөз алып, Жолдаудың негізгі бағыттары жайлы әңгімеледі. Осымен бір мезетте қала жастарының Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың жуырда жариялаған «Ұлт Жоспары – Қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласы жайлы қызу пікір алмасуы ұйымдастырылды.
Топ мүшелері келесі күні аудан орталығындағы Ақпан Үкібаев атындағы орта мектептің мұғалімдерімен және жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Жасөспірімдер өз болашағына бейжай қарамайтынын аңғартып, білім беру саласына байланысты көптеген сауалдарын қойды, оның ішінде қандай мамандықты таңдау қажеттігі, техникалық мамандық беретін оқу орындары, жұмысқа орналасу мәселесі туралы толғаныстарға тыңғылықты жауаптар қайтарылды.
Қоғамдық ақпараттық-насихат тобы таяу арада өтетін ауыл жастарымен кездесуге қызу дайындалуда.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Жарқайың ауданы.