22 Қаңтар, 2016

Басты мақсат – баршаның мүддесі

362 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
naМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа үндеуі еліміздің батыстағы қақпасын мекендейтін ел-жұрт пен көпэтносты тұрғындар арасында тиісті қолдау мен терең түсіністік тауып отыр. Солардың қалың бір тобын үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері құрайды. Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.НЫҒМЕТПЕН қысқаша әңгіме осы тақырып төңірегінде тоқайласты. – Кенжебай Әлжанұлы, Мем­лекет басшысының Жар­лы­ғы мен үндеуінен көңілге қан­дай ой түйдіңіз? – Бүгінгі таңда жоғары деңгейдегі билік тармақтары мен жергілікті жердегі атқарушы билік пен сайланбалы орган өкілдерінің бір-бірімен өзара байланыста жұмыс істеуі өте маңызды. Әрі мұндай қадамның өзі ел мен халықтың мүдделері мен мұң-мұқтаждары үшін жергілікті және мемлекеттік деңгейде оңтайлы шешімдер қабылдауға септігін тигізеді. Ең бастысы – бұған тиісті конституциялық және заңдылық негіздер жасалып отыр. Тіпті, осындай заңдылық тетіктер арқылы кез келген ықтимал араңдатуларға да тойтарыс беруге болатынын кешегі халыққа үндеуінде Мемлекет басшысы да атап өткен екен. Республика Президентінің халыққа үндеуінің әр жолы сындарлы ұсыныстар мен ой-пікірлерге толы. Жарияланған Жарлықта қазақстандықтарды қазіргі күрделі дағдарыстық кезеңнің зардабын көп тарттырмай алып шығудың тактикасы мен тетіктері жан-жақты көрініс тапқан. Үндеу осынысымен де бағалы әрі құнды деп білемін. Қазіргі күні жеке мүдделерден гөрі елдік мүдделерді алғашқы кезекке қоюдың мәні зор. Бұл үшін елдің әр азаматының патриоттық сезімі терең болғаны жөн. Бұл арада әрқайсымыз мемлекет бізге не берді дегеннен гөрі, біз мемлекетке не бердік деген мәселені де терең түйсінгеніміз жөн секілді көрінеді. Дәл осындай ойлау жүйесінің сәті мен кезі келгені де кәміл. Міне, жеке өз басыма қатысты алғанда үндеуден түйген тағы бір тағылым осындай. Түптеп келгенде, Президент үндеуі мен Жарлығының басты мақсаты ел мүддесіне бағытталған. –Алдағы наурыз айында сайланатын Парламент және жергілікті мәслихаттар депутаттары корпусының келбеті қандай болғанын қалар едіңіз? – Елбасының Жарлығы мен үндеуі елімізге дамудың адам айтқысыз шыңдарын бағындыруға мүмкіндік береді. Бейбітшілік, тұрақтылық және келісім тәуелсіз Қазақстан табыстарының әлем таныған нышандарына айналды. Бүгінде, әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында, Қазақстан халқы Мәңгілік Ел идеясымен рухтанып отыр. Сондай-ақ, елдің барлық ресурстарын өсімнің жаңа көкжиектерін бағындыру үшін жұмылдыруға шақырады. Біз, Орал қалалық ардагерлер кеңесі алдағы наурыз айында сайланатын Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға ел дамуының жаңа, жауапты кезеңінде жоғары сенім білдіреміз. Еліміздің жаңа депутаттық корпусы барлық саяси партиялардың өзара іс-қимылының тиімді тетігі болуы, біздің ілгерілеуіміздің іргетасы ретінде бейбітшілік пен келісімді нығайтуды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл мәселеде іске басшылық Елбасының кешегі күні жарияланған Жарлығы мен халыққа үндеуі болып табылады. Баршамыз әлемдік экономикаларда орын алған жаһандық дағдарысты көріп отырмыз. Барлық елдердің экономикалары қиын кезеңнен өтіп жатыр. Осыған біздің еліміздің лайықты жауабы ретінде бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары болып отыр. Осы жағдайда жаңадан сайланатын депутаттар ел мүддесі үшін жанқиярлықпен жұмыс істеуі үшін жаңа сенім мандатын алуы керек. Елбасы үндеуінің басты құңдылығын мен осылай түсінемін. Ұлт Жоспарына сәйкес қызмет атқарып оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін депутаттар жаңа сенім мандатын алуы керек Елбасы Жарлығының басты бір мәні, әрі басты бір құндылығы да осында деп ой түюге болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.