22 Қаңтар, 2016

Саяси сайыс, сындарлы сынақ

323 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуника­циялар қызметінде Орталық сайлау комиссиясының 2016 жылғы 20 наурызға таға­й­ын­далған партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутат­тарының және 2016 жылғы 21 наурызға тағайындалған Қазақстан халқы Ассам­блея­сы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі сайлау рәсімдерін түсіндіру бойынша баспасөз мәслихаты болды. Ортсайлауком Төрағасы Қ.Тұр­­ған­­құлов бұқаралық ақпарат құрал­­дарының өкілдерін 20 қаң­тарда Қазақстан Республикасы Ор­талық сайлау комиссиясы атал­ған сайлау науқандарын әзір­леу мен өткізу жөніндегі негіз­гі іс-шаралардың күнтізбелік жос­пар­ларын бекіткені туралы ақпа­раттандырды. «Жалпы, Мәжіліс депутаттары мен мәслихаттар депутаттарын сайлауды қоса өткізу қазіргі экономикалық жағдайда объек­тивті негізделген шешім деп санаймыз. Бұл сайлау нау­қан­дарын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын едәуір үнемдеуді қам­та­масыз етуге мүмкіндік береді. Ал бұл шамамен – 4,8 миллиард тең­ге», – деді Қ.Тұрғанқұлов. Бекітілген күнтізбелік жос­парларға сәйкес сайлау науқан­дары­ның негізгі кезеңдері келе­сі­дей мерзімдерде өтеді. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда кандидаттарды ұсыну 2016 жылғы 8 ақпанға дейін, ал партиялық тізімдерді тіркеу 19 ақпанға дейін жүргізіледі. «Сайлау туралы» Заңға сәйкес партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депу­тат­тығына кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, ал Қазақстан халқы Ассам­блеясы сайлайтын Мәжіліс де­пу­таттығына кандидаттарды ұсыну құқығы Ассамблея Кеңесіне тиесілі. Мәжіліс депутаты болып сай­лану үшін азамат Қазақстан Респуб­ликасының Конс­ти­туциясы белгі­леген талаптарға сай келуі тиіс. Атап айтқанда, еліміздің Ата Заңының ережелеріне сәйкес, Мәжіліс депутаты болып 25 жасқа толған, Қазақстан Республикасының аза­мат­тығында тұратын және оның аумағында соңғы он жыл тұрақты тұратын азамат бола алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таны­ған, сондай-ақ сот үкімімен бас бос­тандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлау және сайлану құқы жоқ. Мәжіліс депутаттығына сайлану үшін партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғарғы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілігімен жүргізіледі. Бұл ретте, саяси партиялар партиялық тізім­дерге осы саяси партияның мүшесі болып табылмайтын адамдарды енгізуге құқығы жоқ. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау ресім­дері­нің мерзімдері партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлау үшін айқындалған мерзімдермен тұспа-тұс келмейді. Қазақстан халқы Ассам­блея­сынан Мәжі­ліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну 29 ақпанға дейін созылып, ал оларды тіркеу 29 ақпан – 5 наурыз аралығында өтеді. Мәслихаттар депутаттарын сайлауда кандидаттарды ұсыну 2016 жылғы 19 ақпанға дейін жүргізіледі. Бұл ретте мәслихаттар депу­тат­тығына кан­ди­даттарды ұсынуды белгіленген тәртіп­те тіркелген республикалық немесе жергілік­ті қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ, олардың құрылымдық бөлімшелері және өзін-өзі ұсыну жолымен азаматтар жүзеге асырады. Баспасөз мәслихаты барысында Орт­сайлауком басшысы қазіргі уақытта Орт­сайлаукомда сайлауды өткізуге қажетті бар­лық кадрлық және материалдық ресурс­тар бар және оған дайын екенін атап өтті. Азаматтарға және сайлау үдері­сіне қатысушыларға өздерінің конс­ти­туциялық құқығын еркін іске асы­ру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Сөзінің соңында Ортсайлауком басшысы жақын арада сайлауды әзірлеу мен өткізу уақытына тұрақты түрде жұмыс жасайтын баспасөз орталығының ашылатындығы туралы айтты. Баспасөз мәслихаты барысында Орт­сай­лауком мүшелері бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, еліміздің сайлау органдарының маңызды мін­дет­терінің бірі – сайлауды ұйымдас­ты­ру­дың, әзірлеу мен өткізудің негізгі халықаралық қағидаттарын сақтау­ды қамтамасыз ету болып табылады. Сайлау үдерісінің барлық кезеңдеріндегі оның ашықтығына, жариялылығы мен транспаренттігіне сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылардың сайлауды байқауға белсенді қатысуы ықпалын тигізе­тін болады. Ол үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп халық­аралық байқаушылар институты жұмыс істемек. Ортсайлауком сайлау органдарына қажетті ұйымдастырушылық, әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсетеді. Тиісті құралдар, кі­тап­шалар, баспа, сондай-ақ, дыбыс және бейнематериалдар әзірленуде. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».