22 Қаңтар, 2016

Оңды шешім қолдау табуы тиіс

316 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астанада Қазақстан Комму­нистік халық партиясының (ҚКХП) өкілдері арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Оған 5-ші шақырылымдағы Парламент Мәжiлiсi «Халық коммунистерi» фракциясының басшысы, ҚКХП жетекшісі Владислав Косарев, партия хатшысы Тұрсын Сыздықов, ұйым мүшелері Галина Баймаханова мен Виктор Смирнов қатысты. Бірінші кезекте сөз алған Владислав Косарев елiмiзде Парламент Мәжiлiсi сайлауын кезектен тыс өткізу жөніндегі бастаманың орынды көтерілгеніне, оның ел дамуына тың серпін беретініне тоқталды. «Бiздер, қазақстандық коммунистер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент Мәжiлiсiн тарату туралы шешiмiн бiрауыздан қолдап-қуаттаймыз. Өйткені, қазіргі таңда әлемде адамзатты толғандырған мәселелер көбейіп кетті. Әсіресе, экономикалық дағдарыс, әртүрлi саяси кикілжіңдер иектеп алды. Елiмiзде өтетiн сайлау халыққа, барлық сайлаушыларға, қоғамдық күштерге, саяси партияларға бүгінгі жағдайда елiмiздiң өмiрi мен қызметiне, мүмкіндіктеріне талдау жасауға және Мемлекет басшысының биылғы Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттерімізді анықтауға жол ашады. Осы жылдары Қазақстан коммунистері, партиямыздың Мәжілістегі фракциясы белсенді жұмыс істеп, еліміздің қарапайым тұрғындарының мұң-мұқтажын айтып, мүддесін қорғай бiлетiн ұйым екенін көрсете білді», – деді В.Косарев. Спикердің сөзіне қарағанда, партия 2004 жылдан бері барлық президенттiк және парламенттiк сайлауларға қатысып, өзінің сая­си белсенді күш екенін таныта алған. Оның айтуынша, 2012 жылғы парламенттік сайлауда партия 7,19 пайыз дауыс жинаған, яғни барлық сайлаушылардың 500 мыңы ҚКХП үшiн дауыс берген. ҚКХП Орталық комитетiнiң хатшысы Тұрғын Сыздықов та өз партияластары Президенттiң Парламент Мәжiлiсi сай­лауын мерзiмiнен бұрын өткiзу туралы Жарлығын қолдайтынын жеткізе келіп, соңғы кездері елімізде атқарылып жатқан игі шараларға назар аударды. «Бiз Парламент Мәжiлiсi депутаттарының үндеуiн дұрыс бастама ретінде қабылдадық. Сондықтан, Президенттiң Парламент Мәжiлiсi сайлауын мерзiмiнен бұрын өткiзу туралы Жарлығын бiрауыздан қолдап отырмыз. Қазiргi таңда экономикалық дағдарысқа қарсы күресте елiмiздің ширыға түсуі үшін тиісті жоспарлар қабылданып, ауқымды шаралар қолға алынуда. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы, «Нұрлы Жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары сияқты көптеген бағдарламалар еліміздің дағдарысты еңсеруіне мол мүмкіндік береді. Бiз осынау бағдарламаларды жаңа, тың күшпен жүзеге асыруымыз керек. Ол үшiн бiрлiк, ынтымақ керек», – деді Тұрғын Сыздықов. Сондай-ақ, Қазақстан Коммунистiк халық партиясы Орталық комитетiнің хатшысы еліміздің iшкi мәселесін ешкiм келіп шешiп бермейтінін айта келіп, Елбасы саясатының арқасында мемлекетімізде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы құрылғанын, оның ҚКХП бағдарламасына сәйкес келетінін атап өтті. Жиында сөз алған 5-ші шақырылымдағы Парламент Мәжiлiсiндегi «Халық коммунистерi» фракциясының мүшесі Галина Баймаханова да өз әріптестерінің сөздерін қолдай отырып, сайлауға қатысты шыққан Елбасы Жарлығының мән-маңызы жөнінде әңгімелеп берді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».  
Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024