22 Қаңтар, 2016

Жұрттың өзі сенетін адамдарды таңдауға мүмкіндіктері бар

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Алматы қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында 20 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны туралы жиын өтті. Оған «Заңгерлер әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірәлі Қопабаев қатысты. Іс-шарада бірлестік төрағасы Мемлекет басшысының кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу туралы шешімі халыққа елдің қазіргідей жаңғыру кезеңінде өз тағдырларын сеніп тапсыратын жандарды таңдауға мүмкіндік беретінін айтты. «Заңгерлер әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біз сайлау үдерісін әділ бақылаумен қамтамасыз етеміз, қоғамдық мониторинг жүргізіп, тәртіп бұзушылықтарды сараптаймыз. Сондай-ақ, сайлау үдерісінің субъектілері мен мемлекеттік органдарға кеңес береміз. Бірлестігіміз 2005 жылы әділет органдарында мемлекеттік тіркеу рәсімінен өтті. Содан бері ол бақылаушы ретінде барлық Президент және Парламент сайлауына белсене қатысып келеді», – деді Ө.Қопабаев. Оның сөзіне қарағанда, бақылау нәтижесі бойынша ұсынылған бірлестіктің қорытындылары мен шешімдері тек заңдық сараптама құралдарына негізделгендіктен әділ әрі шынайы болған. Сонымен қатар, сарапшы өз сөзінде: «Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың алдағы сайлауы жергілікті жерлердегі жағдайларды тез арада талдап, азаматтар мен билік арасындағы байланысты тереңдете түсуге мүмкіндік береді. Дәл қазір ха­лық­та елдің жаңаруы кезінде басталған жұмыстарды одан әрі іске асыруды сеніп тапсыратын адамдарды таңдау мүмкіндігі туды. Бұл өте маңызды нәрсе», – деді. Сөз соңында, ол бірлестіктің Парламент Мәжілісінің алтыншы шақырылымы мен жергілікті өкілетті органдар депутаттарының кезектен тыс сайлауында бақылау жүргізуге дайын екенін жеткізді. Қанат Ескендір, «Егемен Қазақстан».