Өткен сенбіде Тайваньда президент және парламент сайлаулары болды. Бұл шым-шытырық тарихы бар Тайвань елінде алғаш рет әйел азамат президент болып сайланды – Демократиялық прогрессивтік партияның көсемі Цай Инвэнь жеңіске жетті.
Тайвань туралы айтқанда, әсіресе, ресми адамдар байқап сөйлейді. Әлем елдерінің көпшілігі «Бір Қытай қағидатын» мойындағандықтан да, Тайваньды ресми түрде жеке мемлекет санамайды. Бірақ әлемде талай мықты дейтін елдермен тайталасатын Тайвань дейтін экономика барлығын мойындамай және тұра алмайды. Көп ел онымен экономикалық қарым-қатынас жасайды, саудасын жүргізеді, халықаралық қоғамдық, мәдени ұйымдардың да онымен байланысы бар. Айталық, спортшылары әлемге танылған.
Мұның мәнін тереңірек түсіну үшін тарихқа жүгінген жөн. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қытайда бұрын агрессорларға қарсы күресте Чан Кайши басқаратын Ұлтшылдар партиясы (Гоминьдан) мен Мао Цзедун басқаратын Компартия бірлесіп қимылдаса, соғыстан кейін билікті бөлісе алмай, елде азамат соғысы етек алған. КСРО-дан көп көмек алған Компартия жеңді де, Чан Кайши Тайвань аралына барып паналады. Ал бұл кезде 1949 жылы Қытай Халық Республикасы жарияланып, кейін алып елге айналды. Бұл ел Тайваньды өзінің бір бөлшегі санайды. Ал бұл аралдағы мемлекет өзінше өмір сүріп жатыр: мықты экономикасы өз алдына, президенті, парламенті бар, саяси партиялар елдің саяси жүйесін айқындайды.
Арал-мемлекетте жетекші екі партия бар, басқалары олармен коалицияға бірігеді. Чан Кайши негізін қалаған Ұлтшылдар партиясы (Гоминьдан) ұзақ мерзімде билік басында болса, соңғы кезде Демократиялық прогрессивтік партия (Миньцзиньдан) айтарлықтай беделге ие болды. Олар 2000-2008 жылдарда билікке жетсе, 2008 жылы Гоминьдан билікке қайта келген. Міне, енді тағы да билік ауысып отыр.
Осы жерде бұл партиялардың ұстанымына тоқталу қажет-ақ. Кезінде Тайвань антикоммунистік қамалға айналса, бүгін гоминьданшылар өмірге біршама шынайылықпен қарап, материктік Қытаймен байланысты жақсартуды қалайды. Бұл – өмірдің талабы, тіресе бергенмен мән шықпайтыны белгілі. Тайваньның дербестігін, тәуелсіздігін ұранға шығарды. Жалпы, халыққа тәуелсіздік идеясының ұнайтыны белгілі. Миньцзиньданшылар арал-мемлекеттің тәуелсіздігін жариялаймыз демегенмен, материктік елмен мүмкін болғанша арада алшақтық сақтауды қалайды. Осы идея оларға жеңіс әкелді.
Цай Инвень кәнігі саясатшы қайраткердің, парасатты тұлғаның сөзін айтты. Жеңіске жетіп, тәуелсіздік туын көтереміз деген жоқ, материктік Қытаймен байланысын үзбейтінін мәлімдеді. Өз кезегінде Бейжің де жаңа президентті ойланбаған қадамдардан сақтандырды. Ал жаңа президент ең алдымен АҚШ-пен байланысын нығайтуға ұмтылатынын жасырған жоқ. Вашингтон да дипломатиялық тілмен сөйледі. Алдымен кеткен президент Ма Инцзюге жақсы әріптестігі үшін рахметін айтты. Бір жағынан бұл жаңа президентке де құлаққағыс. Цайдың өзін құттықтап, АҚШ пен Тайвань халқының бейресми байланысын нығайтуға мүдделілігін білдірді.
Бұл – сыртқы жаққа қатысты жай. Ел іші айтарлықтай толқыды. Цайға халықтың 56,28 пайызы дауыс берсе, Гоминьдан кандидаты Жаңа Тайбэй мэрі Эрик Чуды 31,04 пайыз сайлаушы қолдапты. Әсіресе, жастар жағы сайлау нәтижесін өз жеңісіндей қабылдаған. Чу болса, бірден партия көсемі орнын тастап кеткен. Қалай дегенде де, бұл арал-елдегі жағдай шектен шықпайтыны аңғарылады.
Шенген аймағы тарылатын түрі бар
Жақында газетімізде Австрияда Шенген келісімі уақытша тоқтатылатыны туралы федералдық канцлер Вернер Файманның мәлімдемесі жайында
жазылды. Бұл қазір жалпы Еуропалық одақ елдері үшін өткір проблемаға айналып отыр.
Бұл проблема сонау Африка, Азия құрлықтарындағы елдердегі саяси тұрақсыздықтан Еуропаға ағылған мигранттардың келуінен туындап отыр. Мәселен, соңғы 5 жылда Сириядан Еуропаға 507 мың мигрант келді. Соғыстан берекесі қашқан халық тыныш елдерге ұмтылады. Қанша бақуатты болғанмен, Еуропадағы елдер негізінен өз халқына лайықты ырыздық дайындайды. Сырттан келгендердің біразына рыздығынан бөліскенмен, артық адамды асырауға Австрия сияқты ауқатты елдің де шамасы келе бермейді. Содан да олар келімсектер тасқынын тоқтатуға мәжбүр.
Біршама ақпарат құралы Еуропа елдері сырттан келген босқындарды жөндеп қарсы алмай жатыр деп айыптауға құмар. Әділдікке жүгінгенде, қайырымды кәрі құрылық – Еуропаның сырттан күн көре алмай келгендерге қолынан келгенше қамқорлық көрсетіп жатқанына рахмет айтқаны жөн шығар. Сын айтсақ, айыптасақ, өз халқына жағдай жасай алмаған, амалсыздан басқа жаққа босып кетуіне итермелеген елдерді, олардың билігін айыптаған жөн шығар.
Шенген келісімінің кейбір елде тоқтатылуына келсек, бұл енді – мәжбүрлік әрекет. Қазіргі күнде өз елдерінің шекараларында құжаттық бақылау енгізген ел жалғыз Австрия емес, бұл тәртіп бұдан бұрын-ақ Норвегия, Швеция, Дания, Германия, Франция және Мальтада да енгізілген.
Осы жерде жалпы Шенген келісімі туралы аз-кем айта кеткен жөн. Келісімге 1985 жылы 14 маусымда қол қойылды. Алғашында оған бес ел – Бельгия, Нидерланд, Люксембург, Франция және Германия мүше болды. Бұл келісімнің негізді де тиімді екеніне көздері жеткен соң, оған басқалар да қосылды. Қазір оған Еуропаның 26 елі мүше.
Елдердің бір-бірімен шекарада тексеру-бақылауды алып тастауы экономикалық байланысты өрістетуге жол ашатыны өз алдына, өзара сенімді де нығайтады, бұл елдердің саяси бірлігін де күшейтеді. Бұған бұрын басқа аймақтағылар қызыға да қызғана қараса, енді соған селкеу түсті. Әсте де бұл Шенген аймағындағы елдердің ынтымағының әлсірегенінен емес, сыртқы жағдайдың, басқа жақтардағы тұрақсыздықтардың салдарынан болып отыр.
Еуроодақ елдерінің бұған қатты мазасыздануы да шындық. Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск еуропарламентарийлер алдында сөйлеген сөзінде өзінің сыртқы шекарасын қорғай алмаса, Еуроодақ саяси жоба ретінде күйреуі де мүмкін десе, Еурокомиссияның басшысы Жан-Клод Юнкер де Шенген аймағының жойылуы Еуроодақтың өзіне де қауіпті дегенді айтып жіберді. Бұл енді қатаң айтып, қауіппен сақтандырудың да жолы шығар.
Дегенде, қауіп үлкен. БҰҰ-ның есебінше, биыл, 2016 жылы Еуропаға ағылған мигранттар тасқыны екі есе, ал Еуроодақтың есебі бойынша үш есе артпақ. Оның салқыны бүкіл әлемге тиеді. Кейбіреулердің Шенген аймағының сетінегеніне қуанғандай табалауы – пендешілік пиғыл.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.