22 Қаңтар, 2016

Миллионыншы абонент

277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2243_oko_1Сайрам ауданы Ақарыс ауы­­лының тұрғыны Тамара Бина­зарова «OTAU TV» телерадиохабар тарату желісінің миллионыншы абоненті болып анықталды. «OTAU TV» мерейтойлық або­нен­тке теледидар тарту етті. Соны­мен қатар, Тамара енді «То­лық» ақы­лы арналар топтамасын бір жыл бо­йына ақша төлемей-ақ көре алады. Тамара Биназарованы құт­тықтаған облыс әкімінің орын­басары Ерлан Айтаханов «Мерей­тойлық абоненттің дәл осы Оң­түстік Қазақстан облысынан шық­қаны тегін емес. Шекаралас жатқан әрі халқы тығыз орналасқан өңір үшін ақпараттық қауіпсіздік мәселесі өте өзекті. Осы мақсатта 2015 жылы республика бойын­ша шекаралас аймақтарда 297 РТС салынса, оның 66-сы ОҚО аумағында қолданысқа берілді. Көптеген жыл бойы шекаралас аумақтардың тұрғындары жерсеріктің көмегімен көршілес елдердің телехабарын қарап келген. Сонымен қатар, таяу жылдарға дейін облыстағы 67 елді мекеннің тұрғындары аналогтық желіде небәрі 1-2 телеарнаны тамашалаған. Енді цифрлық жерсеріктік және эфирлік телехабар тарату желілері іске қосылғалы бері, оңтүстікқазақстандықтар цифрлық сападағы отандық телеарналар хабарларымен толық қамтамасыз етілді», деді. «OTAU TV» жерсеріктік желісі 2011 жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен елімізде тұңғыш рет қосылған. Бүгінде ол Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді болды. «OTAU TV» арқылы 40 телеарнаны тамашалап, 14 радиохабарларын тыңдауға болады. Бұл туралы миллионыншы абонентті құттықтауға арнайы келген «Қазтелерадио» бас коммерциялық директоры Бақтияр Ошурбаев айтты. Бүгінде шамамен «OTAU TV» өнімін еліміздің төрт миллион адамы, яғни 23 пайызы көреді екен. Ал оның әрбір төртінші абоненті оңтүстік тұрғындарына тиесілі. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.