22 Қаңтар, 2016

Атырауда мұнай сатқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

351 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
22-01-2016-atyrau 01АТЫРАУ. 22 қаңтар. Атырауда мұнайды заңсыз сатып алу, тасымалдау және сатумен ұзық уақыт айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. «Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде мұнайды заңсыз сатып алу, тасымалдау және сатумен ұзақ уақыт айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топ қолға түсті. Аталған қылмыстық топтың өз әрекеттерін жүзеге асырып келген химиялық зауыт аумағын тексеру барысында, шикі мұнай тиелген Ресей Федерациясы Волгаград қаласының коммерциялық  ұйымына қарасты МАЗ маркалы автокөлігі мен «Композициялық тұрмыстық отын» түрі екенін растайтын жалған құжаттар анықталып, тәркіленді. Сонымен қатар, сыйымдылығы әртүрлі он бестен астам мұнайға ұқсас қара түсті сұйықтық толтырылған ыдыстар орналастырылған  өндірістік цех анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, зерттеуге жіберілген өнімдердің мұнай екені белгілі болды. Қазіргі уақытта ұйымдасқан  қылмыстық топ құрды және басқарды деген күдікпен Қазақстан Республикасының 2 азаматы ұсталды», – деп хабарлады Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. Қазіргі уақытта департаменттің тергеу басқармасымен топтың бір мүшесіне қатысты  Қылмыстық кодекстің 262-бабы 1-бөлімімен, тағы бір мүшесіне ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін Қылмыстық кодекстің 262-бабы 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Ал мұнайдың қандай жолмен, қайдан, қалай алынғандығы тексерілуде. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. Сурет: timeskz.kz.