23 Қаңтар, 2016

Әлемдік сын-қатерлерге қатысты негізді пікір қажет

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
22-01-01Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев академик Кенжеғали Сағадиевті қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспа­сөз қызметі. Кездесу барысында отандық ғылымды дамытудың маңызды мәселелері мен Қазақстанның экономикалық саясатының негізгі бағыттары талқыланды. Мемлекет басшысы әлемдік эко­номика мен геосаясаттағы қазір­гі ахуал­ға орай еліміздің ғылы­ми жұрт­шы­лығы пікір білдіріп, өз шешім­дерін ұсынуға тиіс еке­нін айтты. – Бүгінде бірде-бір сарапшы жағдайдың әрі қарай қалай дамитынын және қалыптасқан ахуалдан шығудың жолдарын болжай алмайды. Еуропадағы, АҚШ-тағы, Қытайдағы ахуалға қатысты жекелеген пікірлер бар, бірақ ешкім тұтастай пайым жасай алмай отыр. Бұған қоса, бірқатар ел арасындағы санкциялық текетірес әлемдік сауда жүйесіне оң әсер етіп отырған жоқ. Терроризм қатері де назар аударуды қажет етеді, оған қарсы тек бірлескен іс-қимыл арқылы күресуге болады. Біздің ғылыми-сарапшылық ортада осы сын-қатерлерге қатысты негізделген пікір болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті. К.Сағадиев ел ғалымдары өз­деріне жүктелген жауапкер­шілікті сезінетінін айта отырып, қазіргідей күрделі кезеңде қоғамға қызмет ету олар үшін кәсіби борыш екенін атап өтті. Сондай-ақ, академик Қазақ­станда жүзеге асырылып жатқан Ұлт Жоспары зор тарихи мүмкіндік екенін, оның әлеуеті барынша пайдаланылуы тиістігін айтты. Бұл үдеріске ғылымның ғана емес, рес­публика жұртшылығының барша өкілдері белсене қатысқаны жөн. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.