23 Қаңтар, 2016

Жаңарған Қазақстанның жаңа бағыты

3885 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Т.И.ЕсполовЕліміз Тәуелсіздік алған жылдар­дан бері талай сындарлы бе­лестерден өтіп, көптеген жетіс­тіктерге жетті. Өркениетті мемле­кеттермен тереземіз теңесті. Эко­номикамыз индустриялық-инно­вациялық бағытта өрістеп, халық­тың әл-ауқаты жақсарды. Бір шаңы­рақ астына ұйысқан бірлік пен ын­тымақтың арқасында кездескен қиындықтарды еңсеріп, дүниежүзінде орын алып отырған қаржылық-экономикалық дағда­рыстарға да тойтарыс беріп келеміз. Әлемдік саяси аренада Қазақстан өзінің нақты орны мен беделін айқындады. Бұл жетістіктердің барлығы да ең алдымен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатының табысты жемісі екені сөзсіз. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы, маңызды стратегиялық бағдарламалары мен ауқымды жобаларының барлығы да ел болашағын баянды етіп, экономикамызды өркендетуге бағытталған. Елбасының арқасында Қазақстан қысқа мерзімде дамыған 50 елдің қатарына еніп, ендігі кезекте өркениетті 30 мемлекеттің құрамына кіру мақсатында жаңар­ған Қазақстанның жаңа бағытын белгілеген Ұлт Жоспарын іске асырмақ. Осы бағытта Елбасы «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын, «Нұр­лы Жол» бағдарламасын, 5 инсти­туттық реформа және «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын қабылдады. Мемлекет басшысы бұрнағы жылғы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Мәңгілік Ел» қағидасына айрықша көңіл бөлді. Қазақстан қоғамының бола­шаққа деген сенімін айқындап, қажырлы еңбек ете отырып, келе­шекті кемел ету жолында нақты тапсырмалар берді. Осының барлығы ел дамуының тұғырлы тірегі болып табылады. Инновациялық даму мен рухани өркендеудің жаңа бағытын ұсынып отырған Елбасы жуырда ғана «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» еңбегін жариялап, аталған мәселелер тө­ңі­регінде терең талдаулар жасап, бар­шамызға ой салып, елдік мәселелерді шешуде бірлік пен білімнің ерекше маңыздылығын атап өтті. Елбасының өткен жылдың соңына қарай халыққа арнаған Жолдауы әлемдік дағдарыс жағ­дайындағы Тәуелсіз мемле­ке­тіміздің іс-қимылы мен айқын бағытын анықтап берген болатын. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» тақырыбын кеңінен қамтыған бұл маңызды құжат – кезекті дағдарысты еңсерудің айқын жолы екені даусыз. Үлкен мағынаға ие әрбір жаңа Жолдау – бұл, ең алдымен, егемен еліміздің жарқын болашағына бастар басты бағыт. Елбасы атап өткендей, Жолдаудың өзекті түйіні – Қазақстанды әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстан алып шығудың жаңа жос­парын анықтау. Бұл – жиырма бірінші ғасырдағы екінші дағ­дарыс. Біріншісі – 2007-2008 жылдары бол­ған еді. Ол дағдарыс АҚШ-тағы ипотекалық жүйенің дағдарысынан бастау алып, әлем жұрт­шылығына салқынын тигізді. Өткен жылы өзектенген үлкен дағ­дарыс мұнай, газ өнімде­ріне бағаның құлдырауынан бас­талды. Табысы шикізатқа тәуелді мемлекеттер осы кезеңде ерекше қиындықтарға тап болды. Қазақстан үшін де бұл арзаншылық көптеген экономикалық қиындықтар тудырды. Алайда, Мемлекет басшысының дағдарысты еңсеруге байланысты стратегиялық жоспарлар құрып, іс-қимыл жасауы арқылы халқымыз бұл сыннан сүрінбей өтіп келеді. Президент «Қазақстан-2050» бағ­дарламасын жариялаған кезде бұл межеге жету жолымызда қиын­дықтар кездесетінін, соған да­йын болып, тиісті шаралар қа­былдау керектігін айқындап, мақ­саттарымызға мызғымас бірлік пен талмас еңбектің, ізденістің арқасында жететінімізді айтқан болатын. Осыған дейін де дағдарыстан шығудың кілтін тапқан Елбасының көреген саясатының арқасында халқымыз кездескен қиындықтарды еңсере білді. Біріншіден, бәсекеге қабілетті тауарлар өндіретін экономика жасау. Ол үшін индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру маңызды. Екіншіден, агроөнеркәсіп кешенін заманға сай дамытуды жолға қою. Қазіргі уақытта Қазақстан астық пен ұнды экспорттауда танымал болып отыр. Алдағы уақытта біз ет, сүт, жүн, тері сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда зор табыстар табатын елге айналуымыз керек. Үшіншіден, біз шикізат дайындаушы елден табиғи таза әрі сапалы өнім өндіруші мемлекеттер санатына енуіміз қажет. Ол үшін білім, ғылым, өндіріс интеграция­сын жандандыра түсуіміз керек. Төртіншіден, елдегі әлеуметтік, этносаралық татулықты нығайтып, білім мен ғылымды, мәдениет пен өнерді дамыта отырып, өз елінің патриоты болатын маман даярлау­ымыз қажет. «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парын іске асыруда мемлекет-жекеменшік әріптестікке серпін беру, қазақстандықтарды жұмыс­пен қамту, қолжетімді баспана, өңірлерді жандандыру, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапа­сын арттыру, кадрлар әлеуетін жақсарту, сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру, Қазақстанда адам капиталының сапалы өсуі, зей­нетақы жүйесін оңтайландыру, индус­триялық-инновациялық жобалар және ауыл шаруашылығын дамыту – осының бәрін жаңа Жол­дауда Елбасы шешуі кезек күттірмейтін нақты мәселелер екенін атап өткен еді. Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт Жоспарының биік талаптарын орындауда үгіт-насихат ша­раларының, әсі­ресе, жастар үшін алар орны маңызды. Осы бағытта Қазақ ұлттық аграрлық уни­­верситеті білім беру ісі мен ғылыми әлеу­етін ұтымды пай­далану үшін Мем­лекет басшысы тап­сырмаларын бас­шы­лыққа алып келеді. Бұл орай­да, инно­вациялық іс-шара­лар­ды жүзеге асыру білік­ті ғалым­дар мен ізденімпаз студенттерімізге жүктеліп отырғаны белгілі. Қазіргі күні біздің университетіміз елі­міздегі аграрлық сала маманда­рын даярлайтын алдыңғы қатар­лы жоғары оқу орны саналады. Сондықтан да, университет сту­денттері, магистранттары мен докторанттары Елбасы қойып отырған талаптарға асқан жауапкершілікпен қарайды. Экономиканы алға сүйрейтін білікті мамандар болса, сол мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарына бүгінде ерекше талаптар қойылуда. Болашақта егемен еліміздің тұғырлы биікке қарыштап дамуы үшін сапалы білімі, саналы тәрбиесі бар отансүйгіш жастар мен инновациялық технологияларды игерген білікті мамандар ғана бар белесті бағындыра алмақ. Қазақ ұлттық аграрлық универ­ситетінің ұжымы Елбасының агрокешен алдына қойған міндеттерін өте жақсы түсініп отыр. Ғалымдар аграрлық саланы жаңарту ісіне белсене атсалысуда. Қазір әлем халықтарын алаңдатып отырған өткір мәселенің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі. Сондықтан, Елбасы табиғат ресурстарының азаюы жағдайында Қазақстан мем­лекетінің шешетін міндеттерін жеке басымдық ретінде үнемі атап көрсетіп келеді. Қазақстан өзінің қолда бар табиғи ресурс­тарын пайдалана отыра, тұрақты экономикалық даму мәселелерін шешу үстінде. Аталған бағыттағы инновациялық жобаларды іске асыру білікті ғалымдар мен білімді жас мамандарға жүктеліп отырғаны, белгілі. Қазақстанның 2015 жылдың 30 қарашасынан бастап Дүние­жүзілік сауда ұйымының толық­қанды мүшесі болуы ауыл өнді­рісінің жауапкершілігі мен сапасын түбегейлі жақсартуды та­лап етеді. Агроөнеркәсіп кеше­нінде өндірілетін ет, сүт, май өнім­дерінің сапасы әлемдік стандарттар деңгейінде болуына қол жеткізуіміз керек. Фермерлердің енді өз өнімдерінің сапалы, таза, арзан болуына назар аударуы көп пайда әкелмек. Ауылдың заманауи талаптарға сай болуы – елдің азық-түлік қауіп­сіздігін және өнеркәсіпке қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге қабі­леттілігіне байланысты. Осы тұр­ғыдан алғанда, ауылды көркейту ұзақ мерзімді стратегиялық міндет­тердің қатарында қала береді. Ел халқының 45,3 пайызының, яғни 7,7 млн. адамның ауылдық жерлерде өмір сүруінің өзі ауыл экономикасы мен инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын дәлел­дей түседі. Ауыл халқы қазіргі нарықтық қатынастар жағдайында агроөнеркәсіп секторын дамытуда қомақты табыстарға қол жет­кізуде. Соңғы 10 жыл ішінде ауыл шаруашылығы өндірісі 4 есе­ге, ал ауылшаруашылық өнім­дерін экспорттау 3 есеге өсті. Бұл көр­сеткіштер Елбасы тапсыр­мала­рының агросекторда орындалып жатқандығының дәлелі. Елімізде ауыл шаруашылығы секторын дамытуға арналған «Агробизнес-2020», «Жайлау», «Сыбаға», «Құлaн», «Алтын асық» сияқты арнайы бағдарламалар бар. Бүгінде ұсақ шаруашылықтардың іріленіп, бәсекеге қабілетті бо­луын арттыруға мүмкіндік беріп, өнімділік пен сапа деңгейінің өсуі­не қолайлы жағдай туғызатын «Ауыл шаруашылық кооперациясы» туралы заң дайындалып және талқыланып жатыр. Мемлекет басшысы тапсырмасына орай біз инновациялық жүйенің барлығын әлемдік тәжі­рибеге сай трансформациялап, жаңа технологияларды енгізу, инвес­тиция тарту, аграрлық ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылым-білім және тәжірибелі-конструкторлық инфрақұрылымын жетілдіруде ілгері қадам жасауы­мыз керек. Алдымызда мынадай маңызды міндеттер тұр: АӨК ғылыми және кадрлық әлеу­етін ұлғайту. Ол үшін мынадай міндеттерді шешу қажет: еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еңбек өнім­ділігін арттырып, агроөндірістік кешеннің ғылыми, кадрлық деңгейін көтеру; аграрлық ғылым, білім және өнді­рісінің және аграрлық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу инс­титуттарының интеграциясын дамыту; отандық аграрлық бі­лім мен ғылымды халықаралық стан­дарт­тарға сәйкестендіру; Қа­зақ­станның аграрлық саладағы ғылыми өндірісінің өнімдерін әлем­дік нарыққа шығаруға күш салу; мемлекетаралық интеграция және ұлттық азық-түлік нарығын қалыптастыру; ауыл шаруашылығы өндірісіне жаңа ғылыми жобалар мен инновациялық технологияларды енгізу үдерісін жеделдету. Бұл, әрине, тек ғылым, білім және өндірістің интеграциясы ар­қылы жүзеге асатыны белгілі. Әлем­дік тәжірибе тілімен айтқанда – «Алтын үшбұрыш». Тек осындай тығыз ынтымақтастық қана еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін жаңғыртуға көмектеседі. Бүгінгі күні университетіміз Қазақстанда инновацияға негіз­делген, бәсекеге қабілетті ауыл шаруа­шылығын ұйымдастыруға белсене атсалысуда. Осылай деп батыл айтуымыздың себептері жеткілікті. Ең алдымен, универ­ситет білім мен ғылымның аграр­лық өндірісте өз жалғасын табуы­ның себепшісіне айналды. Яғни, ауыл шаруашылығын дамытудағы әлемдік озық үлгілерді тануда, насихаттауда Қазақстан жағдайына сәйкестендіруде университет ға­лым­­дары аянбай еңбек етуде. Сол се­бепті, оқу орнымызды ауыл ша­руа­шылығы ғылымы мен инно­вациясының шеберханасы деп есептеуге негіз бар. Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығының табысы мұнай, газ секторының табысынан да артық болып отырғандығын Елбасы ерекше атап өтті. Қазіргі кезде біз оқу орнымызды Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялау жоспарын іске асырудамыз. Бұл дегеніміз, университет оқу процесіне қаншалықты көңіл бөлсе, ғылыми жұмыстарды ұйымдастыруға да соншалықты көңіл бөлу деген сөз. Былтыр кең ауқымда аталып өткен универ­ситетіміздің 85 жылдығына арнал­ған мерейтойлық шаралар аясында ұйымдастырылған халықаралық конференция барысында Прези­дентіміздің тапсырмасына сәйкес, оқу орнымыздың 5 жылдан бері жүр­гізіп келе жатқан Ұлт­тық зерт­­теу университетіне транс­фор­­ма­циялану бағыттары тал­қы­лан­ды. Кон­ференция жұмысына қа­тыс­қан әлемнің беделді жоғары оқу орындары мен ғылыми орта­лықтарының білікті мамандары университетіміздің трансформациялану процесіне сараптамалық тұжырым жасап, оң бағаларын берді. Сондықтан, біздің алға қой­ған мақсаттарымыз мемлекет тапсырмаларымен сабақтас. Жаңа формациядағы университетіміздің ғалымдарының ғылыми жетістіктері түрлі өндірістік шаруашылықтар арқылы ауыл шаруашылығына неғұрлым жылдам ендірілетін болады. Бұл игі істер Қазақстан экономикасының жаңа тыныс алуы­на ықпал етеді. Себебі, қазіргі әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс Қазақстан экономикасынан негізгі басымдықтарды өзгертуді талап етіп отыр. Елбасы тапсырмаларына орай 2015 жылдың 22 тамызында Үкіметтің № 659-шы қаулысымен «Ұлттық аграрлық ғылым мен білім орталығы» құрылды. Орталық ел­дің агроөнеркәсіп кешенінің инно­вациялық даму жолына түсіруді мақсат тұтады. Аграрлық кешенге жоғары білікті мамандар дайындау, ғылыми-зерттеулер нәтижелерін өндіріске жылдам ендіру және озық шетелдік технологияларды елдің агроөнеркәсіп кешеніне тиімді тарту мәселелерін шешу көзделуде. Университет құрамындағы әрбір институт, кафедра, зерттеу институттары мен зертханалар өздерінің міндеттерін жаңаша белгілеуде. Осы орайда, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы Президент ұсынған Ұлт Жоспары деңгейінде қызмет етуге ұмтылып келеді. Уақыт жаңаруда. Технология даму үстінде. Қоғам өркениетке ұмтылуда. Енді жаңа дүниені қабылдау үшін көзқарас пен психологияны да өзгерту керек. Әлемдегі сын-қатерлер алдында біздің бір сәт те босаңсуымызға болмайды.Біз, Елбасы идеяларын жүзеге асыру жолында күш біріктірсек, бұл дағдарысты да еңсереміз. Қазақстан халқы Тәуелсіздіктен бері талай дағдарысты өткерді. Бұл қиындықты да бірігіп жеңетінімізге сенімдіміз. Ол үшін мемлекет жүктеген талап, міндеттерді бұлжытпай орындау әрбір қазақстандықтың парызы болуға тиіс. Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик. АЛМАТЫ.