23 Қаңтар, 2016

Жетпіс жылдан кейінгі жүздесу

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
22-01-16-tomasСоғыс кезіндегі ғашықтар осынша жылдан соң кездесуге асығады Американың Вирд­жиния штатында тұратын Екінші дүние­жүзілік со­ғыстың ардагері Норвуд Томас «Валентина күнін» бұдан 72 жылға жуық уа­қыт бұрын ажы­расып қал­ған ғашығы Джойс Мор­риспен Австралия же­рін­де қар­сы алғалы отыр. Бұ­рынғы майдан­гердің бұл кездесуіне ке­ректі қар­жыны 2015 жылғы қара­шадан бас­тап Краудфандинг сервис орталығы жинап, қолына 7 мың доллар тапсырады. Енді осы ақшаға Томас ақпан айында Авс­тралияға сапар шекпекші. Ал Air New Zealand авиакомпаниясы оны «жасыл континентке» тегін алып-барып қайтпақшы. Осы кездесуге негіз болған оқиға былтырғы 12 қараша күні өтіпті. Бұған соғыстан кейін Австралияға келіп, тұрақтап қалған Морристің бұдан бірнеше жыл бұрын парашютпен секірген қарияның қазір интернетті де еркін меңгеріп алғаны туралы жаңа­лықты көруі себеп болыпты. Экранға қарап отырған кейуана ондағы кейіпкердің өзінің баяғы жігіті екеніне еш күмән келтірмейді. Сосын оны ескі суреттермен салыстырып шыққан ол ұлына осы адамды тауып беруді тапсырады. Сөйтіп, бірнеше күннен кейін 93-тегі Томас пен 88-дегі Моррис соғыстан кейін бірінші рет Skype арқылы сөйлесіп, бір-бірлерінің түрлерін көрген. 21-дегі Норвуд Томас пен 17-дегі Джойс Моррис 1944 жылдың көктемінде Лондонда танысады. Олар мұнда бірнеше айды бірге өткізеді. Алайда, кейін әскери басшылық Норвудты Францияға жібереді. Ол соғыс біткесін, сол жақтан Құрама Штаттарға оралады. Жастар содан кейін де біраз уақыт хат-хабар алысып тұрады. Соңында Норвуд Джойсқа Америкаға келіп, өзіне тұрмысқа шығуды ұсынады. Бірақ қыз медбике оқуын оқи баста­ғанын айтып, бұдан бас тартады. «Сол кезде мен өзімнің оны одан гөрі қаттырақ сүйетінімді түсін­дім», – дейді қазір ардагер. Осы­дан кейін бұл жұп бір-бірле­рімен хабарласуды доғарады. Ал 1996 жылы Англияда Джойс есімді медбикенің ұшақ апа­тында қаза тапқанын естігенде, Нор­вуд оның өзінің жігіт күніндегі сүйік­тісі екеніне еш күмән келтіре алмай­ды. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.