23 Қаңтар, 2016

Диктанттан қате жіберген бала полицияға жауап берді

293 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгінде исламға жағылған күйе­нің салдарынан жазықсыз жандар да жапа шегіп жатқаны жасырын емес. Тіпті, қазір мұсылманның артық түшкіргенінен секем алатындар бар. Таяуда сондай жаға ұстатар жағдай Ұлыбританияның Ланкашир графтығында болды. Атап айтқанда, мұсылман отбасынан шыққан 10 жасар мектеп оқушысы диктантта «лаңкестер үйінде тұрамын» деп қате жазып жіберген. Ол мұғалім «қарапайым құрылыстағы» (terraced house) үйде өмір сүру туралы мәтінді оқыған кезде салғырттық танытқан. Дегенмен, оқушының «лаңкестікті» жазбаша түрде еске салуының өзі ескерусіз қалмады. ВВС-дің хабарлауынша, ерте­сіне-ақ баланың үйіне полиция қызметкерлері келген. Әлеуметтік қызмет өкілдерімен бірге келген олар 10 жасар оқушыдан түсініктеме алмақ болған. Оқиғаның мән-жайы анықталғаннан кейін тәртіп сақ­шылары бұл күлкілі «іске» қатысты ешқандай іс-әрекет қолданбастан кетіп қалады. Алайда, аяқ астынан күдікке ілінген ұл баланың туған-туыстары бұл оқиға­дан күлкілі ештеңе таппаған. Осылайша, олар мектеп пен құқық қорғау органдарынан өздерінен кешірім сұрауларын талап етуде. Оқушының отбасы баланың қазір «жазудан қорқып қалғанын» айтып отыр. Өз кезегінде мектеп басшылығы мұғалімнің оқу орындарында жас­тардың радикалдануының алдын алу туралы заңға сәйкес әрекет еткенін назарға алды. Өткен жылдың шілде айынан бастап оқытушылар жеткіншектердің күдік тудырған кез келген белсенділігі туралы поли­­цияға хабарлауға міндетті. Ал құқық қорғаушылар нақты әр оқиға бойынша тиісті қылмыстық шешім қабылдайды. «Егемен-ақпарат».