шет мемлекеттердің экранына шығады
Францияда өткен соңғы Канн фестивалінде «Қазақ елі» анимациялық фильмінің трейлері көрсетілген болатын. Жарнамалық роликті алып барған TAMED REALITY дистрибютерлік компаниясының айтуынша, аталмыш мультфильмге Америка, Германия, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктері қызығушылық білдірген. Наурыз айында қазақ мультфильмі аталған елдердің кинотеатрларына шығады деп күтілуде.
«Қазақ елі» атты толықметрлі анимациялық фильмі – Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жасалынған. Сол сияқты «Момын мен қарақшылар», «Толағай», «Маймақ қаз», «Мұңлық – Зарлық», «Сапа олимпиадасы», «Қанатты барыс туралы аңыз», «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Ең үздік жоба» номинациясын жеңіп алған «Томпақ телехикаясы» сериалы да кішкентай көрермендер көңілінен шықты.
Ғаламтор желісіндегі тәуелсіз сарапшылардың қорытынды рейтингіндегі ең көп көрілетін мультфильмдердің алғашқы бестігін де «Сақ» киностудиясының өнімдері құрайды.
«Қазақ елі» мультфильмі Керей мен Жәнібектің бала кездерінен бастап есейіп, ержетіп, ел басқарып, Қазақ хандығын құрғанға дейінгі аралықты қамтиды.
Фильм желісінде Жәнібек пен Керейдің ұстазы болған Қарт батырдың оларға садақ ату, қылыштасу, атпен шабу, сол секілді жауынгерлік өнердің түрлі тәсілдерін үйретуі кеңінен көрсетіледі. Кейін ел басқаруда білімнің де маңызы зор екенін ұстазынан ұғынған Керей мен Жәнібектің Отырар қаласына аттануы, Отырар кітапханасын аралап, ғұлама ұстаздардан түрлі дәрістер алып, елге оралғанда түрлі ерліктерімен көзге түсе бастауы да қамтылған.
Олардың тай үйретеміз деп жүріп, қалай қарақшыларға тап болғандары, Қарт батырдың көмегімен қарақшыларды жеңіп шығуы балаларға бір жағынан абай болуды меңзесе, екінші жағынан езу тартар болары сөзсіз. Осы эпизодқа арнайы жазылған «Қарақшылар» әнін Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиев («Мұз-Арт» тобы) сынды кәсіби әншілер орындаса, Берік Тұрсынбековтей («Шымкент-шоу» театры) Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театры актерлері дубляж жасауға атсалысқан.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.