23 Қаңтар, 2016

Түркі елдері арасындағы үздік ЖОО атанды

321 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Түркі халықтарының халықаралық конгресі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Түркі елдері арасындағы үздік ЖОО» атағын берді. Бұл жаңалықты Түркі халықтары халықаралық конгресінің президенті Яхья Юсифоглы Алиев университет ұжымымен кездесу барысында мәлім етті.  Әлемнің алты академиясының академигі, Түркі халықтары ха­лықаралық конгресінің пре­зиденті, доктор Яхья Алиев бұл шешім 47 Түркі халықтары мен ұлыстарын біріктіріп отырған халықаралық конгрестің 2015 жылы желтоқсан айында өткен отырысында бір­ауыздан мақұлданғанын айтты. Содан соң ол ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановты «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» алтын төсбелгісімен марапаттады. «Мен әлемнің көптеген үздік университеттерінде болдым. Бі­рақ, тек ҚазҰУ қайта құрылу ау­қымдылығымен және әлемдік рейтингте азғана уақыттың ішінде айтарлықтай жоғары көрсеткішке қол жеткізуімен таңғалдырады. Қазақстандық университеттің жоғары көрсеткішке қол жеткізгені мемлекет тарапынан адами капи­талды дамытуға айтарлықтай көңіл бөлініп отырғандығының көрсеткіші және болашаққа са­лынған инвестиция деп қарас­ты­руға болады. Өскелең ұрпақтың бо­ла­­шағына қамқорлық танытудың бірден-бір үлгісі ғылым мен бі­лімге көп көңіл бөліп жүрген әлем­­дік көшбасшылардың бі­рі, Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев», – деді Яхья Алиев. ҚазҰУ-дың үздік университеттер қатарында екенін QS World University Rankings халықаралық рейтинг нәтижелерінен байқауға болатынын атап өткен жөн. Уни­верситет халықаралық рейтингте 275-ші орында тұрса, ал түркі елдері арасында бұл рейтингте бірінші болып, көш бастап тұр. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.