23 Қаңтар, 2016

Шегеленген шежіре

237 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Фото байқау суретЖақында Ұлттық музейде «Тарихи фотосуреттер» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Назарбаев Университеттің әкімшілік қызметкері, әуесқой фотограф Қанат Нұртазинге – «Қазақ хандығының 550 жылдығы», Петропавл қала­сындағы «Солтүстік Қазақ­стан» баспаханасының фототілшісі Вадим Мударисовке – «Ұлы Жеңістің 70 жылдығы», «Оңтүс­тікфильм» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары, кәсіпқой фотограф Мақсат Ша­ғыр­баевқа «Конституцияның 20 жылдығы» және «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы» аталымдары бойынша жүлделер табысталды. Еске сала кетейік, өткен жыл­дың ақпан айынан бастау алған фотосуретшілер байқауы осы аралықта 300-ден астам туындыны сарапқа сала келіп, Қазақстанның өткен тарихы мен Ұлы Дала көшін көркем бейнеде баяндайтын өнердің сирек түрі арқылы тағылымды жобаны алға оздырды. Үздік үштіктің 21 қаңтар мен 21 ақпан аралығындағы фотошежіресі қазақ тарихының аса маңызды оқиғаларына қоғам назарын айрықша аударуымен тұшымды. Басты мақсат – ол арқылы жас ұрпақтың бойына туған елдің болашағы мен төл тарихына деген құрмет сезімін қалыптастыру болып табылады. Жобаның ерекшелігі, байқауға танымал 27 фотограф өз жұмысын ұсынған болатын. Бәйгенің тағы бір қы­ры, оған кәсіби және әуесқой фо­тографтардың қатысуына бірдей мүмкіндіктер туғызылды. Бірінші турда туындылардың ережеге сай келуі мен кәсіби тұрғыдан орындалу жағы есепке алынса, екінші турда суреттер тақырыпты жоғары деңгейде көрсете алуымен бағаланды. Сондай-ақ, жоба шарты бойынша әр суретші айтулы мерекелердің рухын асқақтатуда айшықты іздер қалдырып, төрт номинацияны қатар қамтулары тиіс еді. Өкінішке қарай, бұл талап үдесінен қатысушылардың ешқайсысы көріне алмады. Сол себепті жекелеген тақырыптар бойынша номинациялар бел­гіленді. – Өткен жыл айтулы мере­келерімен есте қалды. Осыған орай біз республикалық фо­то­байқау жариялаған болатынбыз. Байқау тар ауқымда, белгілі бір тақырыппен шектеліп қалған жоқ, мұнда Қазақстанның тыныс-тіршілігі мен көкжиегі жан-жақты қамтылып, қас-қа­ғым сәттегі оқиғалар фото­тарихқа айналды, – деді байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Ұлттық музейдің ди­ректоры Дархан Мыңбай. Ұлттық музейдің еліміздің тарихи, мәдени өміріндегі жаңалықтарды насихаттаудағы мұндай іс-ша­ралары алдағы уақытта да жал­ғаса беретінін тіл­­ге тиек еткен басшы: «Әрине, бұл мұндағы игі бастамалардың соңы емес, және де осы тақылет­тес фотобәйге одан әрмен қа­рай жал­ғасын табады деген сенім­деміз. Шара барысында бір байқаға­нымыз, бізге әлі де болса фотоөнер саласын дамытуды, фотоөнерге деген қызығушылықты арттыруды қолға алу қажет. Өйткені, елімізде кәсіби фотографтар жеткілікті. Олар бүгінде Қазақ­станды шетелдіктерге жаңа қырынан таныту әлеуетіне ие. Біз тарихы терең, сиқыры мол өнер иелеріне қолдау көрсете беруіміз керек. Себебі, шеберлер шежіремізді шегелеп таңбалауда, тарихымызды тапжылмай бедерлеуде көл-көсір іс тындырып отыр», – деді.