26 Қаңтар, 2016

Тәуіп деп келіп...

367 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Таңертеңгілік жұмысқа келген «Түркіс­тан» салтанат сарайының қыз­мет­керлері айран-асыр қалған. Был­тыр ғана пайдалануға берілген, іші-сырты жұмыртқадай ғимараттың көп есіктерінің талқаны шығыпты. Еденді әбден ластаған, қабырғаларды қатты затпен ұрып шұрқ тесік қылған. Полицейлер көп ұзатпай күдіктіні ұстады. Алматы қаласының 21 жасар тұр­ғыны екен. Уыздай жас жігіт жүйке ауруымен ауырады. Ата-анасы бір себі тие ме деп Шымкентке тәуіпке қаратқалы әкелген. Жүйке аурулары диспансерінде есепте тұратын жігіт түнде қонған үйден қашып шығып, «Түркіс­танның» жертөлесін бұзып, ішке енген. Осы оқиғаға байланысты облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбековаға хабарластық. – Жігіттің ата-анасы жақсы адамдар екен. Кешірім өтініп жатыр. Жүйке ауруымен ауыратын жігіттің өз әрекетіне есеп бермейтіні түсінікті, – дейді Күлия ханым. – Бұл да Алланың бір сынағы шығар деп өз күшімізбен тазалап, кеткен шығынның орнын толтырдық. Баласының ауруымен басы қатып, өзі әбігер болып жүрген жандарға салмақ салмадық. Мекеме қызметкерлері осылай адам­гершілік жасапты. Ал жас жігіт ақыл-есінің дұрыс еместігіне байланысты дәрігерлердің бақылауында болады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.