Жұмыста жазуымды жазып отыр едім, жылт етіп, хат келді деген хабарлама түсті. Хат әлеуметтік желідегі достарымның бірі– Дәулет Ахметжанов деген азаматтан екен. Достығын қабылдағаннан өзге қадам жасалмаған мүлде бейтаныс жан.
«Менің ортаншы қызым өте қатты науқас. Біз Корей еліндегі емімізді әрі қарай жалғастыра алмаймыз. Өтінем көмектесіңізші! Бұл не қылған ұятсыз адам деп сөге көрмеңіз, бұл үміті үзілердей болып, соңғы дәрменмен қарманған әкенің қимылы. Барлық ақпарат менің парақшамада» деген хат екен.
Әншейінде әлеуметтік желілерде мұндай көмек сұраушылардың қатары өте мол, алайда дәл осылай танымайтын адамға жеке хат жазу бола бермейді. Солардың өзін оқып отырып жүрегің ауырып, қолыңнан келерің жоқ қиналып жүргенде мына хат менің бар ішкі әлемімді қозғап жіберді. Өткенде Орталық коммуникациялар орталығында бала құқығына қатысты өткен брифингте бір ұсыныс айтқан едік. Әлеуметтік желі арқылы жанайқайларын сыртқа шығарып, ауру балама көмектес дейтін жандардың қатары көп, соларға мониторинг жүргізіліп, нақты көмек көрсетудің шараларын қарастырудың жолдарын іздестірсеңіздер, әйтпесе айлығы шайлығына жетпей жүрген қарапайым адамдар қиналады. Қоғамда Үкімет көмектеспейді деген, билікке теріс пиғыл қалыптасады. Қазір бізде небір құрылғылармен, мамандармен жетілдірілген клиникалар бар, солардың мүмкіндіктерін пайдаланып, халі мүшкіл жандарға алдыңғы кезекте көмек көрсетілсе, дегенбіз. Сол жолы брифинг соңынан ұсынысыңызға рахмет, деп есімхатын берген лауазым иесі есіме түсіп, Дәулет Ахметжановтың парақшасына кірдім. Өзіне хат жаздым.
Дәулеттен төмендегідей жауап келді. «Балама елімізде дұрыс диагноз қойылмай, симтомдық емді үйге жалғастыруға кеңес беріп кері қайтарған соң, Мәскеуде, Үрімжіде болдық. Олар да көмектесе алмаймыз деді. Ал Кореяда профессор Ю емдеп жазуға болады деп отыр. Біздегі Ана мен бала орталығының дәрігерлері мұңымызға селқос қарады. Электронды адресіңізді берсеңіз орталықпен жазысқан хаттар мен құжаттарымызды жіберейін», деді.
Адам емес, құжат сөйлейтін, құжатқа сенетін уақытта емдеу мекемелері мен кішкентай Әсемнің әкесі арасындағы хаттар біраз жайды аңғартқандай. Алғашында нефробластома диагнозымен Ана мен бала Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығында емделген 5 жастағы Әсем Ахметжановаға осы жерде химиялық емнің 3 сатысын алып, содан кейін қатерлі ісікті сылып алуға ота жасалынады. Ота жасалғанда алынған ісіктің бөлшегі гистологиялық зерттеуден өткенде, Әсемге басқа диагноз қойылады. Өткен жылғы қараша айының 27-сі күні ауруханадан шыққан Әсемді ата-анасы Қытайға апарып емдетпек болғанда ондағы дәрігерлер бас тартып, желтоқсанның 11 күні Ана мен бала Ұлттық ғылыми-зерттеу институтына қабылдауға өтініш жасалғанда, аталған диагноз бойынша емнің түрі – ота болып саналады, ал сіздің балаңызға ота жасалынған, ал Қазақстанда тәжірибелік эксперимент тұрғысында ем жүргізуге тыйым салынған, әрі шетелдерде химиялық-сәулелік ем қабылдаудың оң нәтижелері жоқ, деген мазмұнда жауап алынады.
Дәрменсіз ата-ана 5 жасар балғынның көз алдарында семгенін қаламай әлемнің озық клиникаларына сұрау салғанда Сеулдегі Северанс клиникасынан профессор Ю үміт жібін қолдарына ұстатады.
Дәулет Ахметжанов фейсбуктегі парақшасында былай деп жазады. «Бәріңізге қайырлы күн тілеймін! Соңғы жаңалықты 17 қаңтарда жазған болатынмын. Осы күндер ішінде профессор Ю бастаған корей дәрігерлері соңғы диагнозды қойды – нефробластома!!! 18 қаңтардан 5 күнге созылатын химиялық ем басталады. Емнің алғашқы күндерін Әсем белгілі дәрежеде жақсы қабылдауда. Өте көп зерттеулер, анализдер тапсырып жатыр. Біз мұнда қызымыздың дертіне дауа табылатынына үлкен сенім артамыз. Дәрігерлер өте білікті, мейірбикелер бар зейінімен қарайды. Алайда, клиниканың ең бір жаман жері – бағасының қымбаттығы. Осында өткен 15 күннің ішінде біз 22 мың доллар жұмсадық. Қаржылық жағдайымыз аса қиын. Көмек көрсете алатын мейірімді жандардың қолдауына зәруміз. Аурухана Әсемнің еміне қатысты жалпы есепті бүгін-ертең береді. Осы ретте мынадай сауал туындайды. Неге біздің мемлекет Ю тәрізді жоғары білікті дәрігерлерді дұрыс жалақы төлеп жұмысқа шақырмайды. Мәселен, Северанс клиникасында бар-жоғы 4 профессор, ал оларға дүниежүзінің барлық аймағынан іздеп келіп емделеді. Егер елімізде осындай дәрежедегі дәрігерлер болса, ата-аналар балаларының өмірі үшін шекара аспас еді. Шіркін, балапаным өз елімізде емделсе» дейді.
Дәулеттің арманының артында қаншама ой жатыр...
Кішкентай Әсемге емің шипалы болсын дей отырып, осы жолдарды жаздым. Бәлкім, сіз Әсемнің қиналған ата-анасына қолұшын берерсіз. Немесе осы жолдарды оқып, біліктілігі аса жоғары деңгейдегі Ю профессор тәрізді дәрігерлердің елімізге келуіне ықпал етерсіз. Сөйтіп, қиналған жандарға медет болып, ауруына ем табылумен қоса, қиын заманда елдің ақшасының шетел аспай елде қалуына септігіңіз тиер.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».