26 Қаңтар, 2016

Португалияда – жаңа президент

202 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
шарайна-1Португалияда «рекордтық» президент сайлауы аяқталды. Дауыс беру қорытындысы бойынша бірінші турда социал-демократиялық партиядан кандидат Марсело Ребело ди Соза жеңіске жетті, деп хабарлады Рейтер агенттігі. Бюллетеньдердің 98 пайызын өңдегеннен кейінгі есеп бойынша Ребело ди Соза сайлаушылардың 52,72% дауысына ие болып, өзге кандидаттардан айтарлықтай озып кеткен. Осы орайда президент сайлауына келушілердің мейлінше төмен болғанын, небәрі 48,4 пайызды құрағанын да айта кету қажет. 67 жасар ди Созаны өзі 1990 жылдары басқарған социал-демократиялық партияның оңшыл-центристері қолдаған көрінеді. Жаңа мемлекет басшысы өз лауазымына үстіміздегі жылғы наурыздың соңында кірісетін болады. Австралия республикаға айнала ма? Австралияның бір штатынан өзге барлық штаттары мен аумақтарының лидерлері елді парламенттік монархиядан республикаға ауыстыруға қолдау көрсеткен декларацияға қол қойды, деп хабарлайды ВВС-дің Орыс қызметі. Құжатқа тек Австралияның республика болатын уақыты әлі келген жоқ деп есептейтін Батыс Австралия штатының премьері Колин Барнетт қана қол қоймаған көрінеді. Петицияны Австралия республикалық қозғалысы ұйымдастырған. Олардың мақсаты ел конс­титуциясына өзгерістер енгізе отырып, сол арқылы британ патша­йымы ІІ Елизаветаның мемлекет басшысы болып есептелуіне тосқауыл қою. Сонымен бірге, Австралияның монархиялық мәртебесін сақтауды жақтаушылар әзірге бүгінде жұмыс істеп тұрған моделді алмастыратындай айқын мемлекеттік модель жоқ деген пікір айтуда. SPO-WEA-FBN-DETROIT-LIONS-V-PHILADELPHIA-EAGLESҚарлы боранның зардаптары ауыр АҚШ-тың шығыс аудандарында қарлы боран салдарынан қаза тапқан тұрғындар саны 28 адамға жеткен. Америкалықтардың қаза табуына жол-көлік оқиғасынан алған жарақаттар, угарлы газбен улану және қар күреу барысындағы шектен тыс түскен салмақтан жүрек ұстамасы себепкер болған көрінеді. Белгілі болып отырғанындай, адамдар АҚШ-тың 10 штатында және ел астанасында қаза тапқан. АҚШ-тың федералдық үкіметінің Вашингтонда орналасқан министрліктері мен ведомстволары қарлы боран салдарына байланысты дүйсенбі күні жұмыс істемейтін болады. Сонымен бірге, дүйсенбі күні қоғамдық көліктің ішінара өз жұмысын қалпына келтіре бастағаны да белгілі болып отыр. Айта кету керек, шығыстағы 11 штатта төтенше жағдай жарияланып, 200 мыңдай үй электр жарығынсыз қалған болатын. Террормен дербес күреспек Ирактың сыртқы істер министрі Ибрагим әл-Джаафари Бағдаттың елде шетелдік әскердің болуына қарсы екенін және терроризмге қарсы өздерінің дербес күреспек ниеттері бар екенін мәлімдеді. Ирак егемен мемлекет болып табылады, сондықтан оның егемендігіне ешкімнің қол сұғуына жол бермейді, деп атап көрсеткен министр Бахрейнде өткен араб-үнді форумында. Сонымен бірге, министр шетелдік әскерилердің болуына тыйым салудың әскери кеңесшілерге еш қатысы жоқ екенін де ескерткен. Осы орайда Пентагон басшысы Эштон Картердің осыдан сәл бұрынырақ Сирияның Ракка және Ирактың Мосул қалаларын «Ислам мемлекеті» терроршыларынан босату операциясы құрлық әскерлерінің қатысуымен жүзеге асуы тиіс деген сөзін де еске сала кеткен жөн. шарайна-3Жарна төлемегендер жазаланды Біріккен Ұлттар Ұйымы осы ұйымға мүше 15 елді дауыс беру құқынан айырды. Оған аталмыш мемлекеттердің мүшелік жарна бойынша барынша көп берешек болуы себепкер болып отыр. Ең үлкен борыш Венесуэлаға тиесілі екен. Доминикан республикасы – 2,1 миллион доллар, Сент-Винсент және Гренадина – 2,15 миллион доллар, Бурундия 1,36 миллион доллар берешек. Осылардың ішіндегі ең берешегі көбі Венесуэла болып отыр. Бұл ел ұзақ уақыттар бойы мүшелік жарна енгізбеудің салдарынан 3 миллионға жуық борышқа батқан. Сонымен бірге, БҰҰ экономикалық ахуалдары ауыр елдерге аяушылық та білдірген. Сондықтан да Йемен, Сомали, Гвинея-Бисау, Комор аралдары сияқты бірқатар елдерге ешқандай шектеу енгізбеген. Елді мекендер қайтарылуда Башар Асадтың армиясы Ар-Роуда стратегиялық пунктін содырлардан тартып алып, сол арқылы Түркия шекарасына тікелей шығатын жолды босатты, деп хабарлады «Интерфакс» агенттігі. Сирия армиясы елдің солтүстігіндегі Латакия провинциясында орналасқан Ар-Рабиа қаласын өз бақылауына алған. Табысты шабуыл операциялары нәтижесінде көптеген терроршылар мен олардың қару-жарақтары жойылған. Бұған дейін хабарланғандай, қаңтар айының басында Сирия армиясы 2012 жылдан бері терроршылар бақылауында болып келген стратегиялық маңызды саналатын Сальма елді мекенін қайтарып алған болатын. Сирия әскерінің елді мекендерді азат етуі табысты жалғасуда. шарайна-4Шығыс Азия – суық ауа құрсауында Шығыс Азияға келген күтпеген аяздар Тайваньда 50-ден астам адамның қаза табуына соқтырып, Оңтүстік Кореяда 60 мыңдай туристі шарасыз күйге түсірген. Бұл туралы ВВС агенттігі хабарлап отыр. Адамдар өліміне күннің күрт сууы және соған байланысты туындаған жүрек талмасы проблемалары себепкер болуда. Оның сыртында қатты жауған қар Кореяның туристер үшін кең танымал болып табылатын Чеджу аралындағы әуежайдың жабылуына апарып соқтырып, соның салдарынан 500-ден астам әуе рейстері кейінге қалдырылған. Өзінің қолайлы ауа райымен және жағалауларымен аты мәлім аралда ауа температурасы минус 6 градусқа дейін төмендеп кеткен. Бұл сияқты күтпеген суықтар Гонконгқа, Қытайдың оңтүстігі мен Жапонияға да өз ықпал тигізуде. Жерорта теңізінде жер сілкінді Жерорта теңізінде орын алған екі бірдей жер сілкінісінің тіркелгені мәлім болып отыр. Алғашқы 6,2 балдық қуатты зілзала Марокконың солтүстігінде болған. Арада шамамен 10 минуттай өткенде жер сілкінісі теңіздің екінші шетінде қайталанған. Бұл ретте Испанияның оңтүстігі зардап шеккен көрінеді. 5,3 балды құраған зілзаланың эпицентрі портты қала Мелильяда болған. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.  Интернет материалдары негізінде әзірленді.