Ұлт Жоспарында мемлекетіміздің мәйегі жатыр. Елбасының Мәңгілік Ел болу үшін қандай мемлекеттік жұмыстар атқарылатындығын «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында нақтылап берді. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламасында да өзекті міндеттерді талдап көрсетті. Жергілікті әкімдік мемлекеттік саясат тұрғысынан жұмыс жасауды бір мезетке де тоқтатуына болмайды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың ұйытқы болуымен өңірде осы жұмыс тұрақты жүргізіліп келеді. Жақында облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдының бастауымен облыстық ақпараттық-насихаттық топ Түркістан және Кентау қалаларында жұртшылықпен кездесті.
Алқақотан жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева, қаржы басқармасының басшысы К.Меңдебаев, білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары С.Әуезханов, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А.Сапарғалиева Жолдауды іске асыру барысында атқарылатын жұмыстарды баяндап, қала жұртшылығы тарапынан денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту салаларына қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.
Осындай пайдалы жүздесулер облыстың басқа аудан, қалаларында да жалғасып жатыр. «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласына байланысты өңірдегі зиялы қауым, ғалымдар, ақын-жазушылар да үн қосып, маңызын түсіндіруде. Сол сияқты бизнесті ынталандыру, тығырықтан шығару бағытында да толымды жұмыстар атқарылуда.
«Алтын орда» бизнес орталығында кәсіпкерлікті қолдау ұйымының ұйымдастыруымен философия ғылымдарының докторы, AlmaU доценті, Ланкастер университеті менеджмент мектебінің, Экс-ен-Прованса университетінің кәсіпорынды басқару институтының түлегі Озат Байсеркеевтің қатысуымен «Дағдарыс кезіндегі бизнесті қолдау» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Әлемдегі дағдарыс жағдайында елдің белсенділігі, әрекеті әбден керек. Әсіресе, ел экономикасын локомотивше сүйрейтін шағын және орта кәсіп иелерін жан-жақты қолдау қажет. Баспасөз мәслихатында осыған көбірек орын бөлінді.
Жолдау – стратегиялық құжат. Ондағы міндеттерді жүзеге асыру мемлекетіміздің көкжиегін кеңейтеді, болашағын нұрлы етеді. Ақпараттық-насихаттық топтың мақсаты осы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.