Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі кезекті баспасөз мәслихатына тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының, Қазақстан мұнай-газ және энергетикалық кешені ұйымдары қауымдастығының басшылары қатысып, алдағы парламенттік сайлауға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Кеншілер, металлургтер мен шахтерлер Қазақстандағы мерзімінен бұрын парламенттік сайлауды қолдайды, деді баспасөз мәслихатында тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец.
«Атап айтқанда, кеншілер, металлургтер мен шахтерлер Парламент Мәжілісіне кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімді, сондай-ақ осы істе Президент Нұрсұлтан Назарбаевты тұтастай қолдап отыр. Көбісі «осы шараны қазір өткізу қажет пе?» деп сұрауы мүмкін. Бұл сайлау қиын кезеңде елдің экономикалық қуатын сақтай отырып, оны арттыруға мүмкіндік беретін шаралар кешенін дер кезінде қабылдау үшін қажет», деп атап өтті Н.Радостовец. Осы орайда қауымдастық өкілі биыл жүзеге асыруға белгіленген реформалар мен заңдарды қабылдайтын сарапшылардың жаңаруын қажет ететіндігін алға тартты.
«Парламентке ахуалды дұрыс түсініп отырған адамдардың келуі үшін кемелділік пен саналылық танытамыз деп үміттенемін. Депутаттардың арасынан кәсіпкерлерді көбірек көргім келеді. Себебі, олар қазіргі өнеркәсіптік қатынастардың барлық проблемаларын өздерінің басынан өткергеннен кейін, осы мәселелердің тыңғылықты біледі», деп түйді Н.Радостовец. Бұдан арғы сөзінде ол демпингке қарсы санкцияның доғарылуына байланысты Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінен отандық тау-кен металлургиялық компаниялары ұтатынын мәлімдеді.
«Тау-кен металлургиялық компаниялар қазірден бастап ДСҰ-дан пайда көретіні анық. Қазіргі кезде ДСҰ мүшесі ретінде Қазақстанға қатаң талаптарды қоюға және осының нәтижесінде нарықтарға тосқауыл жасауға құқылары жоқ. Алайда біз ДСҰ-да тек металды, мұнайды саудалаумен қатар, жоғары өңдеуден өткен өнімді, қайта өңдеу өнеркәсібі тауарларын нарыққа тиімді шығаруды да зерделеуіміз қажет», деді тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры.
Сонымен қатар Н.Радостовецтің пайымынша, ДСҰ-ға қосылуға байланысты Қазақстанда бірқатар мәселе болады. «Экспорттаушыларда да көп сұрақтар туындайды. Яғни, бұл тұрғыда «Сауданы қалай жүргіземіз?», «Осы жаңа ережелер бойынша табыс алу үшін өз орнымызды қалай табамыз?» деген секілді сауалдар болады», деп түсіндірді ол.
Баспасөз мәслихатына қатысқан «Kazenergy» Қазақстан мұнай-газ және энергетикалық кешені ұйымдары қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов та жаңа Парламент Қазақстан экономикасын жаңғыртуға мүмкіндік береді деп санайды.
«Kazenergy» қауымдастығы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Президент Жарлығын қолдайды. Бұл шешім қазіргі күрделі жағдайда уақытында қабылданып отыр деп ойлаймыз. Парламенттің алдыңғы шақырылымы үлкен жұмыс атқарды. Нақтырақ айтсақ, «100 нақты қадам» реформалары аясында 80-нен астам заң қабылданды. Сондай-ақ, біз инвестициялық жағдайды жақсарту саласында үлкен резервтер көріп отырмыз. Қазір Экологиялық кодекске өзгерістер әзірленді. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға өзгерістер әзірленіп жатыр. Бүгінгі таңда Жер қойнауы туралы кодекс жобасы дайындалды. Біз ол биыл қабылданады деген ниеттеміз. Біріктірілген салық және кедендік төлемдер туралы кодекс талқыланып жатыр», деді Ә.Мағауов. Оның айтуынша, Парламенттің жаңаруы, оған жаңа идеялардың, креативті депутаттардың келуі – заңнамалармен мұқият жұмыс істеп, жер қойнауы саласында инвестициялық жағдайды жақсарту үшін қажетті базаны жасауға мүмкіндік береді.
«Біз тиімді Парламент – инвестициялық жағдайды жақсарту үшін тиімді заңнаманы дайындаудың басты факторы деп санаймыз. Қазір әлемдік энергетикалық нарықта бағалардың төмендеуіне ықпал етіп отырған себептер көп. Бұл Қазақстанның мұнай-газ саласына да әсер етіп отыр. Сондықтан, біз жер қойнауын реттеу саласында жедел шаралар қабылдау керек деп ойлаймыз. Мен баршамызға, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік қызметтерге жаңа Парламентпен бірігіп, күрделі жұмысқа дайындалуымыз керек деп есептеймін», деді Ә.Мағауов.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».