27 Қаңтар, 2016

Дарынымен танылған тұлғалар

751 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Дарын-2Әдебиет, ғылым, техника, өндіріс, мәдениет саласында жоғары жетістікке қол жеткізген жастарға берілетін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы Кеңес Одағы аумағында алғашқылардың қатарында белгіленді. Оған дейін тек Украинада Н.Островский атындағы Украин Ленин комсомолы сыйлығы болған еді(1958). Қазақстан Лениншіл коммунистік жастар одағы тағайындайтын сыйлық 1964 жылдан 1990 жылға дейін екі жылда бір рет беріліп, барлығы 24 қаламгер марапатталды. Біз әдебиет пен журналистика саласында осы сыйлықпен марапатталғандар туралы айтып отырмыз. Әнуар Әлімжановтың «Күнге бет алған керуен» повесіне бағаны да, батаны да көзі тірі кезінде Мұхтар Әуезовтің өзі берген болатын. Қадамын журналистикадан бастаған Әнуар аталған шығармада шалғайдағы қойлы ауылдың қоясын ақтарып, тыныс-тіршілігін сөз ете отырып, кейіпкерлерінің жан­қиярлық еңбегін жаңа қырынан көр­сетеді. Сондықтан 60-жылдары жар­қырай көрінген Әлімжановтың тұң­ғыштар қатарында жастар сыйлығын алуы да заңды еді. Республика Ленин комсомолы сыйлығын алғандардың ішінде Олжастың орны бөлек. Ол бұл сыйлықты 28 жасында иемденіп, арғы-бергі лауреат атанғандардың ішінде ең жасы болды. Олжастың Юрий Гага­ринге арнап жазған «Адамға табын, Жер, енді» поэмасы кезінде төрткіл дү­ниені дір сілкіндірді. Тіпті, Олжас Сүлей­менов сол кезде қай жағынан да КСРО-ның басты қарсыласы саналатын АҚШ-тың төрінде жастар аудиториясын жаңғыртып, тебірене өлең оқыған-ды. 23 жасында дүниеден өткен жас­тардың жалынды жыршысы Саттар Ерубаевқа қайтыс болғаннан кейін Ленин комсо­молы сыйлығы берілді. Сат­тардың «Менің құрдастарым» романы сол тұста қазақ әдебиетінде кәдім­гідей сенсация туғызды. Оның үстіне роман авторы жігіт жасына жетпеген әлі бозбала болса ше. Ерубаевтың новеллаларынан да жастықтың самалы мен жігері қосыла өріліп, бейнебір жастықтың жанартауындай әсер етуші еді. Бірі ойшыл, бірі лирик, бірі қуатты ақын болып келген үш құрдас – Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұман­бай Молдағалиев сынды шайырлар да әдебиетте қатар жүріп, жастар сыйлығын бірінен соң бірі еншіледі. Қадыр жырларының қалың оқыр­манның ойынан шығатындығы да сол, ол оқырманның «ой орманындағысын» тап басып тауып, соны жырға қоса біле­тіндігінде. Өле-өлгенше Мырза Әлінің ұрпағы өлең өлкесіндегі мырзалығынан айныған жоқ, сөйтіп, қазақ поэзиясында қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Қадыр мен Жұмекеннен кейін іле-шала Тұманбай Молдағалиев те «Жаңа дәптер» жыр жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Жалпы, аталған жастар сыйлығы туралы Тұмағаң төмендегіше әңгімелейді: «Жас кезiңде «сыйлықтар алсам екен-ау» деген ой болады. Менiң за­мандастарым – Қа­дыр, Жұмекен, Əнуарлар комсомол сыйлығын алып жатқан кезде, артынша мен де алдым. Қадыр менен 3-4 ай үлкен. Əрi оның аты дүркiреп тұр­ған кезi ғой. Оның сол тұста шық­қан «Ой орманы» деген жинағы қазақ поэ­зиясындағы үлкен құбылыс болды. Жұмекеннiң де шығармалары бiрi­нен-бiрi терең, көркем дүниелер. Осы құрдастарымнан кейiн сыйлық алғанымды мақтаныш көремiн». Қа­ламдастардың бір-біріне деген ерекше сыйластығы, бірін-бірі бағалай білу­дің өнегесі осындай-ақ болар! Сағыныштың құдірет-күшін әлеуетті жыр толқындары арқылы тербетіп, адам біткеннің осы сезімге деген ерекше толғанысын шабыттана жырлаған Төлеген Айбергеновтің де келте өмірін­де қалдырған мұрасы жетерлік. Сағыныш деген алдында тұрған ақ ала басты көк заңғар, Дегенмен, жаным, көгілдір дүние сағынбағасын арайсыз, Өмірде мынау сағынбағандар бақытсыз, бақсыз, талайсыз, Қазақтың жыры – Абайсыз. Осылай тек Төлеген ғана толғанады, Төле­ген ғана шалқар шабытты заңғар көкке шарықтата алады. Айбергенов үшін ақындық дегеніміз – жыр кестелеу ғана емес, адамзаттың ар-ұятының символы. Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын, Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың. Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені, Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың. Мінеки, ақын атаулының мына өмірдегі өзіндік миссиясы. Орда бұзар отызында о дүниелік болған Төлеген кейінгілерге, поэзия көшіне ілескендерге осындай өшпес өнегені аманаттап кетті. «Мен өзім де талайды мойындағам, Енді өзімді соларға мойындатам» деп поэзияға ерекше екпінмен келген Мұх­тар Шаханов та ә дегеннен жас­тардың іздеп жүріп оқитын ақынына айналды. Сыйлық алған «Танакөз» поэмасын жастар қауымы жатқа со­ғып, поэма кейіпкерімен сырласып, мұңдасатын деңгейге жетті. Айтпақшы, Мұхаңның жастар сыйлығына ұсы­нылған кездегі көрсеткен ірілігі кейінгілерге үлгі бо­ларлық. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін ірі­лік! Ол оқиғаны ақын Надежда Луш­никова төмендегіше әңгімелейді: «Кезінде Мұхтар Шаханов екеуміз Ленин комсомолы сыйлығын алуға қатар түсіп қалдық. Сонда Мұх­­тар ұйымдастырушыларға: «На­дежда қыз бала ғой, жолы жіңішке. Сыйлықты Надежда алсын», – деп жолын маған берді. Сол тұстағы біз­дің замандастарымыз осындай мәрт ке­луші еді ғой. Мен жігіттердің осы қа­сиеттеріне қашанда ризамын». «Кең болсаң, кем болмайсың» де­мекші, кеңдік таныта білген Мұхаң біршама жылдан кейін, яғни 1982 жы­лы «Лики времени» кітабы үшін Бүкілодақтық Ленин комсомолы сый­лығын да иеленді. Айтпақшы, оның алдында Олжас Сүлейменовке де «Доброе время восхода» атты өлеңдер жинағы үшін Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы берілген-ді. Әрине, сыйлық атаулы адамның шығармашылық еңбегіне беріледі ғой. Алайда, жастар сыйлығын алғандардың ішінен кейін ел басына күн туған сәтте басын қатерге байлаған қайраткерлер де шықты. Әсіресе, оның ішінде Сағат Әшімбаевтың орны дара тұр. Желтоқсан оқиғасы кезінде лауазымды қызметте жүргеніне қарамастан, азаматтықтың үлгісін көрсетті. «17-18 декабрь! 1986 жыл! Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың жақсы (22.XII.86 ж.) деп жазған болатын Сағат аға. Сағаттың сыншылығымен қатар қайраткерлігі де қай кездегі болсын қазақ оғыланының бой түзер темірқазығы! «Планета боп Есенин айналып жүр» атты өлеңінде Есенғали ақын «Көкке кетті Есенин серілікпен, Есенғали мында жүр көп үмітпен. Аспан жақты әзірге қойды-ау деймін, Жерде өйткені, жұмыс көп оны күткен». Сол кезде «жердегі көп жұмысқа» құлшына кіріскен Есенғали шығыс шайырларына тән нақышпен, мақаммен қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелді. Талғаммен, тартына жазып жүріп-ақ Шолпан жұлдыз іспетті қазақ әдебиетінің көгіндегі шоқтығы биік шайырға айналды. Талғам демекші, бұл тұрғысынан алғанда Тұрсынжанның да талғамы бөлек, Шапайды айтамыз. Қазіргі оқыр­­ман Тұрсынжанның жазғандарын қалт­қысыз қабылдайтын деңгейге кө­теріле алмай отыр-ау деген ойға қа­ласың. Интеллектуалдық өресін айқай­ламай, саналыға астарлап жеткізіп, ұлт санасының жан-жақты өсуіне өнім­ді еңбек етіп келе жатқан қаламгер. Шапайдың жазғандарын түсініп қа­былдар болсақ, интеллектуалдық ұлт туралы бағдарлама қабылдаудың қажеті де жоқ-ау. Қысқасы, Қадырдың «Ой ор­маны» мен Тұрсынжанның «Ой тү­бінде жатқан сөзі» арасында қазақтың интеллектуалдық өрісін кеңейтетін талай-талай ой орамдары жатқаны анық. Ең бастысы, сол ойлардың қызуы қалың қазаққа жұғысты болсын делік. Бүгінімізді бүтіндей алмай, қазіргі шаруамыздың қиюын келістіре алмай жүріп, кейде өткенді сынауға құ­мар­мыз. Өткендегі жайылған идео­логиялық өрісіміз соншалықты сорлы болатын болса, қазақ әдебиетінде таң­дай қақтырар демесек те, жаппай тұ­шынып оқитын шығармалар дүниеге келер ме еді?! Сыйлық талаптыларды таланттылар қатарына қоспағанымен, жастарды ынталандыру белгілі бір деңгейде шығармашылық ізденіске, еңбекқорлыққа жетелегені анық. Орал­хан Бөкеев, Роллан Сейсенбаев, Күләш Ахметова, Баққожа Мұқаев, Асқар Егеубаев сынды талапты жас­тардың еңбегін бағалау соның ай­­ға­ғы. Қазақ елі тәуелсіздігін алар қар­саңда Ұлықбек Есдәулетов, Байбота Серікбаев, Ерік Асқаров, Бақытжан Қанапиянов есімді қаламгерлер де дарынды лауреаттар қатарынан табылды. Ақын-жазушылармен қатар қаламы жүйрік журналистер де үздіктер қа­тарынан көрінді. «Лениншіл жас» га­зетінде өнер, адамгершілік мәселелері туралы жазған дүниелері оқырман тарапынан үлкен қызығушылық туғызған Жарылқап Бейсенбаев, «Ленинская сменада» көркем тілді очерктерімен жұртты баураған Сергей Оболенский (1984), радиожурналист Лариса Воронина (1986) сынды талабы мықты жастар да Ле­нин комсомолы сыйлығына ие болды. Қазақ журналистикасының әлеуетін ә дегеннен жеке шығармашылығымен танытқан Жарылқап Бейсенбаевтың редакторлық қолтаңбасы кейін «Ана тілі» газетінің редакторы болған тұста жарқырай көрінді. Жастарға сыйлық берер тұста са­ра­лау жағы, шығарманың сапалық жағына мейлінше басымдық берілетін-ді. Шығармашылығы қатаң сүзгіден, сарабдал комиссияның сынынан өт­кен жастар кейіннен қабырғалы қа­ламгерлер қатарына қосылды. Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұ­манбай Молдағалиев, Оралхан Бө­кеев, Күләш Ахметова, Баққожа Мұ­қаев, Ұлықбек Есдәулетов, Есенғали Раушанов секілді кезінде Ленин комсомолы сыйлығын иеленген жас қа­ламгерлердің көпшілігі уақыт өте келе Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атануы да сондықтан. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». *** 1964 жыл Әнуар Әлімжанов – жазушы-публицист, «Караван идет к солнцу» және «Синие горы» повестері. Олжас Сүлейменов – ақын, «Земля, поклонись человеку» поэмасы. 1966 жыл Саттар Ерубаев(марқұм) – жазушы, «Менің құрдастарым» романы, «Мәңгілік өмір», «Соғыс туралы» новеллалары. Қадыр Мырзалиев – ақын, «Ой орманы» өлеңдер жинағы. 1967 жыл Жұмекен Нәжімеденов – ақын, «Жоқ, ұмытуға болмайды!» поэмалар циклі және өлеңдер жинағы. 1968 жыл Тұманбай Молдағалиев – ақын, «Жаңа дәптер» өлеңдер жинағы. 1970 жыл Надежда Лушникова – ақын, «Родина моя», «Дар души» өлеңдер жинағы. 1972 жыл Мұхтар Шаханов – ақын, «Танакөз» поэмасы. 1974 жыл Төлеген Айбергенов(марқұм) – ақын, «Құмдағы мұнаралар» жинағы. 1976 жыл Сағат Әшімбаев – әдебиет сыншысы, «Сын мұраты» әдеби-сын мақалалар жинағы. Оралхан Бөкеев – жазушы, жазушы-драматург, «Құлыным менің» пьесасы. 1978 жыл Күләш Ахметова – ақын, «Сен менің бақытымсың» өлеңдер жинағы. 1980 жыл Роллан Сейсенбаев – жазушы, «Өзімді іздеп жүрмін» әңгімелер мен повестер жинағы. 1982 жыл Баққожа Мұқаев – жазушы, «Аққу сазы» повестер жинағы және «Қош бол, менің ертегім» пьесасы. Жарылқап Бейсенбаев – журналист, «Буырқанған бояулар» және «Әдеп әлемі» жинақтары. 1984 жыл Асқар Егеубаев – жазушы, «Уақыт. Кейіпкер және эстетикалық идеал» сын кітабы, «Млечный путь» жыр кітабы. 1986 жыл Ұлықбек Есдәулетов – ақын, «Ақ керуен» кітабы. Бақытжан Қанапиянов – ақын, «Чувство мира», «Ветвь» жыр кітаптары және «Послесловие» поэмасы. 1988 жыл Байбота Серікбаев – ақын, «Тіршілік ұясы» өлеңдер жинағы. 1990 жыл Ерік Асқаров – айтыскер ақын, халық ауыз әдебиеті. Есенғали Раушанов – ақын, «Шолпан жұлдыз туғанша» өлеңдер жинағы. Тұрсынжан Шапаев – сыншы, «Ой түбінде жатқан сөз» кітабы.
Соңғы жаңалықтар

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • Кеше