28 Қаңтар, 2016

Ажалына астық жетті

289 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Айдың-күннің аманында бір отба­сының отанасы ажал құш­ты. Қарабалық ауданындағы «Стан­ционный» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің астық сақтайтын бункерінде жұмысшы болып істейтін 45 жастағы Валентинаның ажалы астықтан болады деп кім ойлаған? Сол күні оған бункердің толған-тол­маға­нын бақылап тұру тапсырылған екен. Жанындағы серіктес жұмысшы темекі шегуге сыртқа шығып кеткенде, Валентина Поднышева астық құйылып жатқан терең құбырға құлаған. Дереу байқаған айналасындағылардың оны ажал тырнағынан құтқарам деп тыпырлағанынан ештеңе шықпаған. Өйткені, тоқпен жұмыс істеп тұрған өндірістік ірі құрылғылардан, терең құбырдан алып шығуға ешкімнің дәрмені жетпеген. Марқұмның денесін аудандық төтенше жағдай бөлімшесінің қызметкерлері келіп, шығарып алған. Қазір көптеген ауылшаруашылық кә­сіп­орындарында өзінің астық сақтайтын бункерлері бар. Қарабалық ауданындағы «Станционный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де астығын Приуральское селосында орналасқан астық бункерінде сақ­тайды. Қыс айларында астығын сататын шаруашылықтар оны бункерден көліктерге тиейді немесе тазалау жұ­мыстары жүріп жатады. Оның барлығы да шетелдерден әкеліп құрастырылған ірі өндірістік құрылғылардан тұрады. Астық құйылып жатқан терең құбырдың ішіндегі шаңнан және сусыған астық денесін басып қалғандықтан әйелдің тынысы бітіп қалса керек. Ол астық құйылып жатқан құбыр ішіне абайсызда өзі құлап кетті ме, әлде басқадай себеп болды ма, оны тиісті орындар әлі анықтаған жоқ. Әйтеуір айла таптырмас ажал сол күні бейбақ Валентинаны нысанасына алыпты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Қарабалық ауданы.