«Анди» ЖШС-нің сүттік бағыттағы гольштин-фриз тұқымды 474 қашарды алыстағы Американың Айдахо штатынан алып келгені күні кеше сияқты еді. Сол кезде мұхит асып келген сиырларды көріп, іштей жерсініп кетсе дұрыс-ау деген ойға қалғанымыз да рас. Жақында осы серіктестікте болғанымызда мұхит асып келген құнажын қашарлардың екінші рет бұзаулап, сүт бұлағын ағызып қана қоймай, табынды толықтыруға мүмкіндік беріп жатқанын көріп сүйсіндік.
Темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыттың бұрынғы қосалқы шаруашылығының ізінде құрылған бұл серіктестік қала маңындағы №39 теміржол бекеті аумағында орналасқан. Серіктестік басшысы Мәди Қабақбаевтың әңгімесіне қарағанда, бұл серіктестік 1998 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Бұған дейін зауыттың қосалқы шаруашылығында біраз мал өсіріліп, өнімдері қала халқына ұсынылған. Алайда, олардың бәрі де өнімділігі төмен жергілікті малдың тұқымы болатын. Бұлай нарықтық қатынас жағдайында бәсекелестікке төтеп бермек түгілі, табыс табудың өзі мүмкін еместігін байқаған шаруашылық құрылтайшылары мен басшылары мал тұқымын жақсартуға бағыт ұстады, Елбасының ауыл шаруашылығы кешендерін дамыту туралы бағдарламалары аясында жаңа жобаны жүзеге асыруға қадам жасады. Сөйтіп, 2011 жылы серіктестік қолға алған бұл жоба еліміздің үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасына енді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың қаржыландыруы арқылы шетелден жеткізілетін сиырлар үшін жобалық қуаттылығы 500 ірі қара тұратын тауарлы-сүт фермасын салды. Қазіргі заманғы талапқа сай жабдықтар орнатып, іске қосты. Осы шаруалар аяқталған соң, асыл тұқымды сауын сиырлар алудың қамына кірісті. Американың Айдахо штатынан асыл тұқымды гольштин-фриз сүтті сиырын сатып алуға несие бөлді. Жобаның құны 1079,4 мың теңге тұрады. Соның 916,5 миллион теңгесін «ҚазАгроҚаржы» АҚ несиелеп отыр. Қалған қаржыны құрылтайшының өзі салды.
– Мұндай малды алғандағы мақсатымыздың өзі сүт өндіруде әлемдік бәсекелестікке дайын болу ғой. Бұл аталған мал тұқымының дүниежүзінде сүт өндіру жөнінде генетикалық қуаты өте жоғары. Бір сиыр жылына 7 мың литрге дейін сүт береді, – дейді серіктестік директоры Мәди Қабақбаев.
Тауарлы-сүт фермасында малды жайлау, сауу автоматты түрде атқарылады. Мұнда 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Бір мезетте 28 сиыр автоматпен сауылатын орында ауысымына екі сауыншы жұмыс істейді.
Қазір серіктестіктегі ірі қара 700-ге жеткен. Соның 600-і сауын сиыр. Әзірге мұнда 310 сиыр сауылады. Әр сиырдан күніне 17 литр сүт сауылады. Күн сайын 5,2-5,3 тонна сүт өндіріледі. Сиырлар қолдан ұрықтандырылады. Сондықтан да сиырлардың қашан бұзаулайтыны алдын ала белгілі болады. Айына кемінде 25 сиыр бұзаулайды. Бұзаулар туған бойда енесінен айырылып, бөлек күтімге алынады. Былтыр 100 сиырдан 80 бұзау алыныпты. Жалпы, мұнда сауын сиырлар санын 1000-ға жеткізу көзделуде. Сонда күніне 10-15 тоннаға дейін сүт өндіруге мүмкіндік туады.
– Шетелдік мал біздің өңірге жақсы үйреніп, бейімделіп жатыр. Себебі, бұл малдар бағылған жердің ауа райымен біздің өңірдің ауа райы, климат жағдайы үйлеседі. Шетелдік малды азықтандыру мәселесі де барынша дұрыс шешілуде. Шаруашылықтың күшімен жүгері, судан шөбі беріледі. Құнарлы жеммен азықтандырылады, – дейді малшы Ақжол Молбаев.
Серіктестік басшысының мәлімдеуінше, бұған дейін мұнда өндірілген сүт қаладағы өңдеу кәсіпорнына тапсырылып келген екен. Жақында серіктестікте сүт өнімдерін өңдейтін цехтың бірінші кезегі пайдалануға берілді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын қосқанда жобаға 800 миллион теңге инвестиция салынған. Әзірге осында орнатылған Ресейдің қондырғысын іске-қосу реттеу жұмыстары жүргізілуде. Цехтың бірінші кезегі толық қуатында жұмыс істегенде мұнда ауысымына 6 түрлі 3 тонна сүт өнімдері шығарылады. Олар қаймақ, айран, сүзбе және басқалар. Қазір 8 адам жұмыс істейді. Кейін цехтың екінші кезегі іске қосылғанда 14 түрлі 8 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығаруға қол жеткізіледі деп күтілуде. Оған Израйль қондырғысы орнатылады. Цех толық қуатында жұмыс істегенде 20 адам еңбек ететін болады.
Сауын сиырларды 1000-ға дейін көбейтуге бағыт ұстап отырған серіктестікте мал азығын дайындау мәселесі көлденеңдейді. Тауарлы-сүт фермасының маңындағы жердің барлығы шаруа қожалықтарының үлесіне берілген. Сондықтан серіктестік суармалы жерді игеруді қолға алмақшы. Алайда, шаруашылыққа бөлінген жерді игеруде қолбайлау болатын жайттар да бар. Серіктестік басшылары өздеріне бөлінген шабындық алқапқа баратын жолдағы көпірді көктемде «Ақбұлақ» АҚ-тың шайынды су тоғандарынан жіберілетін судың жырып кетіп, әрі қарай өтуге қиындық келтіретінін айтады. Қала әкімі Ербол Сағын бұл мәселені шешуге уәде беріпті. Қазір мұнда мал азығындық дақылдарды суармалы алқапта өсіру жолға қойылуда. Болашақта оның көлемін кеңейте түсу көзделуде.
«Анди» ЖШС тауарлы-сүт фермасындағы асыл тұқымды сиырлардан алынған бұзаулармен бастапқыда өз табындарын толықтыру көзделуде. Содан кейін асыл тұқымды ірі қараны басқа шаруашылықтарға өткізу жоспарлануда. Серіктестікте атқарылып жатқан зоотехникалық-малдәрігерлік жұмыстардың ауқымы, еңбек үдерісін ұйымдастырудағы ыждағаттылық бұл ойдың жүзеге асатынына кәміл сендіреді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.