ТАРАЗ. 28 қаңтар. Жамбыл облысында қылмыстық құқық бұзушылық 10,3 пайызға өскен. Бұл туралы Жамбыл облысы прпокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл жеңіл қылмыстар санының 49,3 пайызға өсуінен болып тұр. Әйтпесе өңірде аса ауыр қылмыстар саны 8,3, ауыр қылмыстар 0,3 және орташа ауыр қылмыстар 9,8 пайызға төмендеген.
Өткен жылы облыстық прокуратурамен 18 мың заңбұзушылық анықталып, мемлекет пайдасына 1 миллиард теңгеден астам сома өндіріліп, 70 мың азаматтың конституциялық құқығы қорғалыпты. Сондай-ақ, кадастрлық құны 220 миллион теңге болатын жер телімдері мемлекетке қайтарылып, 800 миллион теңге болатын бюджет шығынының алды алынды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің нәтижесінде тәртіптік жауапкершілікке 116 тұлға тартылса, оның 62-сі басшы лауазымындағы тұлғалар. Олардың қатарында Сарысу ауданы әкімдігі мәдениет бөлімінің басшысы Ақділдә, Мойынқұм ауданы әкімдігі тұрғын-үй коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Төлепбергенов, Талас ауданы бойынша Бадаев, Меркі ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Оспанқұлов сотталса, мемлекеттік сатып алу саласында қадағалау актісі бойынша облыстық энергетика, тұрғын-үй коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Төлеулиев, Мойынқұм ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Баялиев қызметтен босатылған, ал Шу және Мойынқұм аудандары әкімдігі аппараттарының басшылары сыбайлас жемқорлыққа байланысты жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ, прокурорлар пәрменімен «Өңірлерді дамыту» және «Бизнестің жол картасы» сынды мемлекеттік бағдарламарды жүзеге асыру нәтижесінде Ұлттық қордың 160 миллион теңге сомасында негізсіз төлемінің алды алынған. Прокурорлардың өтініштері бойынша соттармен 2,5 миллиард теңгеден астам қарызы бар 24 жалған кәсіпорынның тіркеуі жойылған.
Сыртқы экономикалық салада контрабанданың 29 дерегі анықталып, 50 миллион теңгеден астам соманың тауары тәркіленіп, прокурорлардың 48 өтініші бойынша соттармен мемлекет пайдасына 80 миллион теңгеден астам сомада контрабандалық тауарлар қайтарылды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмыс барысында табиғи монополиялар мен жер қатынастары салаларындағы мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Өткен жыл бойына прокуратураға 10 мыңнан аса заңды және жеке тұлға жүгініп, олардың әрбір өтініші бойынша тексерістер мен заңды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал облыстық прокуратураның басшылық құрамында 3097 азамат жеке қабылдауда болып, мәселелері қаралды.
Оралхан Дәуіт.
Дерек: Жамбыл облысы прпокуратурасының баспасөз қызметі.
Сурет: egemen.kz