Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының жанынан Қоғамдық кеңес құрылып, оның алғашқы отырысы өтті. Кеңестің мақсаты – азаматтық қоғам институттарымен өзара әрекет етуді қамтамасыз ету және олармен тығыз байланыс орнату, архив қызметін іске асыру барысында архивтік ақпаратты қолданушылардың мүддесін ескеру болып табылады.
Қоғамдық кеңес стратегиялық жоспарларды және даму бағдарламаларын, бюджеттерді, есептерді, мақсатты индикаторлардың жетістіктерін, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктеріне қатысты нормативті-құқықтық актілерінің жобаларын талқылауға өкілетті. Жуырда Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтіп, онда 2016 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасы және ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Қоғамдық кеңестің төрағасы В.Шепель ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесін, құрылу тәртібін және қызметін ұйымдастыру қызметін анықтайтын 2015 жылдың 2 қарашасындағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енгендігі туралы хабарлады. Қоғамдық кеңестің қызметі архив үшін қабылданатын өзекті шешімдер кезінде ақпараттың жариялылығына және ашықтығына септесуге бағытталады.
Қоғамдық кеңес мүшелерін жұмыстың басталуымен Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Б.Жапаров құттықтап, архив тәуелсіз бағалауға мүдделі екендігі, сондай-ақ, архивтің жұмысын одан әрі жетілдіруге қатысты барлық ұсыныстар мен ескертпелер назардан тыс қалмайтыны жайлы мәлімдеме жасады.
Қоғамдық кеңес мүшесі қатарында саясаттанушы, тарихшы Данияр Әшімбаев, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарихнама, деректану және заманауи әдістеме бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Жүгенбаева, журналист-жазушы Владислав Владимиров, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері, PhD докторанты, жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Алмас Жүнісбаев, «Туған өлке» («Родной край») журналының бас редакторы Сәуле Боранбаева, Қазақстан Президенті Архивінің баспасөз хатшысы (Қоғамдық кеңестің хатшысы) Жанар Сатаева бар.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».